Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырғалы бері зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы жиі бас қосатын болды. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жетекшілік ететін жұмыс тобы кеше бесінші отырысын өткізді, онда қандай талқылау болғаны беймәлім. Белгілісі, жұмыс тобы қазақстандықтар тағатсыз күтіп отырған ұсынысты жыл соңында жариялайды.
Отырыста «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің тиімділігін бағалауды және халықаралық тәжірибе талдамын ұсынған. Сондай-ақ зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар – зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалану, Бірыңғай әлеуметтік қор құру, бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу қаралған.
Жалпы, зейнетақы жинағындағы қаржыны баспанаға пайдалануға байланысты қандай шешім қабылданатыны жұртты елеңдетіп отыр. Себебі 25 қараша күні Мәжіліске барған Үкімет жетекшісі Асқар Мамин де бұл сұраққа мардымды жауап бермеді. Бар айтқаны, бүгінгі күні 5,3 млн жинақтаушының 500 мың теңгеге дейін,
1,6 млн адамның 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін зейнетақы жинағы бар.
«Осылайша, азаматтардың зейнетақы жинағының орташа көлемі 1 040 800 теңгені, оның ішінде ерлерде 1 164 700 теңгені, әйелдерде 900 400 теңгені құрады. Үкімет Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін зерделеп жатыр» деген Үкімет жетекшісі жұмыс тобының Қазақстанда жинақтаушы қор қалыптастыруда сингапурлық тәжірибені қолдану мүмкіндігін зерделеп отырғанын жеткізген. Себебі біздің ел үшін бұдан тиімді тәсіл жоқ көрінеді. Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамының зейнетақы жинақ шотында жиналған 1 миллион теңгеге жетер-жетпес қаржы ипотека рәсімдеуде алғашқы төлем жасау үшін жеткіліксіз. Егер Сингапур зейнетақы жүйесінің тәжірибесін алар болсақ, онда Орталық жинақтау қорын құруға тура келеді. Ел экономистері де осы тәсілді ұсынып жүр. Бұл біздің БЖЗҚ-ның баламасына ұқсас. Яғни, Сингапурда жұмысшы да, жұмыс беруші де қорға ай сайын аударым жасайды, содан кейін бұл ақша салымшының тұрақты, арнайы және медициналық шоттарына аударылады. Тұрақты шоттағы ақша баспана сатып алуға, өзі немесе отбасы мүшелерінің оқу ақысын төлеуге қолданылады. Мүгедек болып қалған жағдайда немесе салымшыға ауыр немесе емделмейтін дерт диагнозы қойылған жағдайда, мерзімінен бұрын ақшаны «шешіп» алу мүмкін болады. Ал арнайы шотта жинақталған қаражат «қол жетімсіз», яғни зейнетақы резерві болады. Медициналық шоттағы ақшаны салымшы денсаулығына жұмсай алады. Бұл – біздің бір топ экономист ұсынып отырған жүйе. Ал жұмыс тобының қандай ұсыныс жасайтынын ай соңында білеміз.