Головкин – Мунгия: тәжірибе мен жастықтың айқасы
Головкин – Мунгия: тәжірибе мен жастықтың айқасы
182
оқылды

Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының басшысы Оскар де ла Хойя орта салмақтағы IBF/IBO әлем чемпионы Геннадий Головкин мен бірінші орта салмақта WBO титулының бұрынғы иегері, мексикалық Хайме Мунгия арасындағы жекпе-жек 2021 жылы мамыр айына жоспарланғанын растады.

Аталған кездесу  түрлі жағдайға байланысты кейінге шегерілмесе, 5 мамырда өтуі тиіс. Бұл Мексика­ның ұлттық мерекесі Синко де Майоға арналған демалыс күн­деріне тұспа-тұс келіп тұр. Қазір қос боксшының коман­дасы келіссөз жүргізуде. Бұл туралы Де ла Хойя Boxingscene.com порталы­на берген сұхбатында айтты. – Головкин мен Мунгия ара­сындағы жекпе-жекті өткізу жай­лы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Екі боксшы да бұл кездесуге қы­зы­ғушылық танытып отыр. Бұл, әрине бокс жанкүйерлерінің қызы­ғушылығын оятатын айқас. Кездесуді Синко де Майо мереке­сіне орай өткізбекшіміз. Аталған чемпиондық жекпе-жек осы демалыс күндерінің хедлайнері болады, – деп мәлімдеді ол. 24 жастағы мексикалық бокс­шының промоутері Фернандо Белтран да GGG-мен айқастың мамыр айында өткізгісі келетінін жеткізді. Ол қос тараптар ара­сындағы келіссөздер оң нәтиже беретініне сенетінін айтты. Негізі, Головкин мен Мунгия жекпе-жегі 2018 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда комиссия ол кез­де 22 жастағы боксшы үшін мұн­дай титулдық жекпе-жек өткізу әлі ерте деп есептеді. Бірақ бұл Хайменің бірінші орта салмақта әлем чемпионы атануы­на кедергі болмады. Айта кетейік, Мунгия орта салмақтағы алғашқы чем­пиондық титулына былтыр ғана қол жеткізген болатын. Индиода (Калифорния, АҚШ) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде ол Багам аралдарының боксшысы Туреано Джонсонды жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы WBO белбеуін иеленді. Бүгінде тәжірибесі толысқан, шеберлігі шыңдалған Хайме Мунгия туралы көптеген спорт мамандары жақсы көзқараста. Тіпті, кейбірі оның Канелодан жылдам, Головкинге қарағанда едәуір қарымды панчер деп бағалапты. Гена жайында да айтылған оң пікірлер жеткілікті. Алдымен шетелдік спорт сарап­шыларының пікірі мен болжамына кезек берейік. Boxingnews24.com порталының спорт журналисі Херардо Гранадос қазақстандық боксшы мен мексикалық Хайме Мунгия арасындағы жекпе-жек туралы ойымен бөлісті. – Гена – үздік панчер. Шаршы алаңда бірінші нөмірмен жұ­дырық­тасады. Оны қарсыласы да жақсы біледі деп ойлаймын. Сон­дықтан Мунгия рингте шап­шаң қимылдап, қорғанысқа баса назар аударып, қарымта шабуылға шығып отырады. Кездесу ұзаққа созылу мүмкін. Соңғы раунд­тар­дың бірінде ғана Гена Мунгияны нокаутқа түсіретін шығар. Бұл қос боксшы үшін де ауыр кездесулердің бірі болады,– деп болжады Гранада.

Негізі, Головкин мен Мунгия жекпе-жегі 2018 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда комиссия ол кез­де 22 жастағы боксшы үшін мұн­дай титулдық жекпе-жек өткізу әлі ерте деп есептеді. Бірақ бұл Хайменің бірінші орта салмақта әлем чемпионы атануы­на кедергі болмады.

Бокс сарапшысы, Vringe.com сайтының шеф-редакторы Антон Горюнов: – Геннадий Головкиннің рингте өзін-өзі ұстауы маған ерекше ұнайды. Кейінгі кез­десуін­де де Шереметадан әлдеқайда мықты екені байқалып тұрды. Ринг­те өзін еркін сезінді. Басым­дылық танытты. Чемпиондық титулын қорғады. Енді Геннадий­дің келесі жекпе-жегі бұдан да қызықты бола түседі. Оны АҚШ-тағы жекпе-жегінен кейін де айтты. Оған мексикалық Хайме Мунгия қарсылас болатынын барлық спорттық басылымдар жазуда. Бұл, әрине асыға күтетін кездесу болмақ. GGG түпкі мақсаты – өзге мексикалық боксшы Канело Саул Альвареспен үшінші айқасты өткізу, – дейді А.Горюнов. Ал бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Мунгияның кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісі Головкиннен болатынын айтады. – Головкин 2020 жылдың со­ңына таман Шереметамен бір кездесу өткізіп үлгерді. Мунгиямен айқас бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені мексикалық боксшы рингте өте ширақ қимыл­дайды. Дегенмен Гена айқын ба­сым­дылықпен жеңуі тиіс. Өйткені ол қарсыласынан бір бас жоғары әрі тәжірибелі. Егер кездесу өтетін болса, тартысқа толы жекпе-жек болғалы тұр, – деген пікірін біл­дірді. Әзірге жекпе-жектің өтетін күні, орны толық нақтыланбады. Бәрі сөз жүзінде ғана айтылуда. Алдағы уақытта ресми деректер жарияланады. Кәсіпқой бокста мол тә­жіри­бе­ге ие жерлесіміз Мексиканың жас жұлдызымен жолықпақшы. Бұл жекпе-жектің қос боксшы үшін маңызы зор. Бұған дейін Альварестен жеңіліп, жеңіліссіз сериясын үзіп алған Головкин енді қателеспеуі керек. Себебі жас мөлшері де ұлғайып қалған Генаға енді чемпиондық жекпе-жек бұйыр­мауы мүмкін. Ал Мун­гия­ның мақсаты мүлде бөлек. Жалын­дап тұрған жас чемпион осы ба­ғытынан жаңылмай, тарихта қала­тын даңқты боксшы болғысы ке­ле­ді. Головкин секілді танымал чем­пионды жеңу – оны бұл ар­манына жақындата түсетіні анық. Сол үшін де бұл жекпе-жек бокс кешін ұйым­дастыру­шы­лардың назарын аударып отыр. Жанкүйер­лер де Головкин мен Мунгияның естен кетпес шоу сыйлайтынына сенімді.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ