Мәмбет Қойгелдиев, Ұлттық ғылым академиясының академигі: Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік жүйе қалыптасты
Мәмбет Қойгелдиев, Ұлттық ғылым академиясының академигі: Жаңа тұрпаттағы  мемлекеттік  жүйе қалыптасты
383
оқылды

– Қазақ елінің ықылым заманнан бері басынан өткені, көрген қиын­ды­ғы мен жеткен жетістігі өз­гелерден гөрі тарихшыларға жақ­сы таныс. Қазақты көбейтпеу үшін, тіпті тарих сахнасынан өшіру үшін небір қитұрқы әрекеттер жа­сал­ғаны да басқа саладағыларға қара­ғанда сіздерге аян. Сондықтан елдің Тәуелсіздігі жайлы бәрінен де көбірек ойлайтын тарихшылар сияқты көрінеді. Еліміздің Тәуел­сіз­дігін алған күні тарихшы ретінде сіз­дің есіңізде қалай сақталып қал­ды?

– Қазақ отырықшы болған де­ген біржақты сөз. Көшпелі қ­о­ғам­ға лайық, соның болмысына сәйкес келетін мемлекет болған. Мемлекет болмаса, біз осыншама үлкен жерді қалай сақтаймыз? Мықты қоғам, қоғамдық мүдде, қоғамды басқарған тұлғалар бол­ған. Бірақ бізде мықты мемле­кет­тік аппарат болмаған. Көшпелі қоғамның әлсіз, осал жағы сол. Соның салдарынан ХVІІІ ғасырда біздің қоғам ыдырауға ұшырады. Ең соңғы мықты хан – Тәуке өлген 1717-1718 жылдардан кейін Қайып ханның тұсында біздің қоғам ыдырауға түсе бастады. Осы сәтті көршілеріміз жақсы пайдаланды. ХVІІІ ғасырға дейін Орталық Азия­­да екі мықты көшпелі қоғам бол­ды. Бірі – қазақтар, екіншісі – көр­шілес қалмақтар. Екеуіне де өзінің шаруашылық жүйесіне бай­ланысты үлкен жайылымдар керек болды. Олар жайылымдарын кеңейту үшін ылғи өзара айқасқа түс­кен. Сол кезден бастап қал­мақ­тарды шығыс жақ бетінен қы­тайлар қыспаққа алды. Өрісін тарылтты. Бізді батыс жақтан Ресей мемлекеті тығырыққа тіреді. Сол кезде қос көшпелі қоғам ше­шуші қанды шайқасқа түсті. Оған ар жағынан қытайлар да, бер жағынан орыстар да мүдделілік танытты. Тіпті, орыс мемлекеті қалмақтарды қаруландырды. Салдарынан 1720 жылы қазақ қоға­мының басына «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген заман түсті. Содан кейінгі тари­хымызды қаралы тарих деп атау­ға болады. ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасыр бойы біз өзге қоғамның, Ресей мемлекетінің қарамағында бол­дық. Тәуелділікке ұшырадық. Қа­зақ тарихының ең күрделі және ең қайғылы кезеңі деп осы үш ғасыр­ды атауға болады. Ресей құра­­мында болған осы уақытта көп­теген қиындыққа ұшырадық. Әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамы өте күрделі жағдайға тап болды. 1917 жылы патшалық жүйе тарих сахнасынан кетті. Оның орнына кеңестік саяси жүйе ор­нықты. Біз кеңестік жүйе­де де азап­тан құтыла алған жоқ­пыз. Тіпті, кеңестік жүйе бізге пат­ша­лық жүйеден де ауыр тиді.

Тарихымызға қарасақ, ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырды тұтас бір кезең деуге болады. Осы үш ғасыр тұтас күйінде зерттелуі керек. Патшалық кезең болсын, кеңестік кезең болсын біз отарлық жағдайды басымыздан кешірдік. Тәуелсіз әдістеме, тәуелсіз философия тұрғысынан осы кезеңді дұрыс қорытуға тиіспіз. Тарих ғылымы алдында осы дәрежеге көтерілу міндеті тұр. Осы үш ғасырға байланысты әлі де болса толық ашылмаған архив қорлары бар. Мүмкіндігінше соларды толық ашып, жаңа деректерді жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуымыз керек. 1730 жылдан басталып, 1991 жылы аяқталатын тарихи кезең үзік-үзік емес, мүмкін болғанша бүтін күйінде ғылыми талдауға алынуға әбден лайық. Бұл шаруаны өзге емес, қазақ тарихшысы атқарғаны жөн. Өзге жұрттың тарихшысы бұл мәселені зерттей алады, оған күмәндану күпірлік болар. Дегенмен ол істің ішкі сырын ұстай алмайды. Ішкі сырын ұстау үшін ол міндетті түрде қазақ болуы шарт.

Өткен ғасырдың 80-жылда­ры­ның соңына дейінгі мезгіл қа­зақ қоғамы үшін өте қауіпті ке­зең болды. Біз өзіміздің біре­гей­лігімізді жоғалта бастадық. Ұлттық санамыз үлкен дағдарысқа ұшыраған, ұлттық дәстүрден, салт­­тан, тілден айырыла бастаған қо­ғам болдық. Қоғамның үл­кен бөлігінде ертеңге сенбеу, бола­шақ­қа күмәнмен қарау санасы үстемдік ала бастаған кез болатын. Осы жағдайды сезген зиялылыр, әрине Тәуелсіздікке қуанды. Тә­уел­­сіздік біз үшін теңдесі жоқ, күт­пе­ген жаңалық болды.

– Біз тарихтың бел ортасында жүргенімізді кейде ескермей, оған мән бермей қаламыз. Дегенмен бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Егемен елдің жылнамасының жазылуы қалай? Қазіргі заман тарихы дегенде нені ескеріп, болашақ ұрпаққа нені аманаттауға тиіспіз?

– «Тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі нәтижелеріміз, негізгі қоры­тындыларымыз не?» дегенде, бәрі­мізге белгілі нәрсе – қазақ жерін­де мемлекеттік жүйенің пайда болуы, орнығуы. Қалай болғанда да, жаңа тұрпаттағы, қазіргі сұраныстарға жауап бере алатын мемлекеттік жүйе қалыптасты. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған саяси топ­тың ең үлкен жетістігі осы деуге болады. Мемлекеттік жүйе, мем­ле­кеттік басқару аппаратын қа­лып­­­тастырды. Сондай-ақ ол әлем­­­дік деңгейде танылды. Бұл – бі­­ріншіден. Екіншіден – елдің саяси, экономикалық, мәдени өмірінде жағымды өзгерістер орын алды. Тарихшы, руханиятқа жақын адам ретінде айтар болсам, бізде қазір санасы уланбаған, таза, жаңа, жас буын қалыптасып келеді. Қоғам үшін, мемлекет үшін өте маңызды нәрсе – осы. Өйткені жаңа, тәуелсіз қоғам құру үшін бізге осындай санасы уланбаған жас ұрпақ, жасампаз буын керек. Осы тұрғыдан ал­ған­да, бізде үлкен жетістіктер бар. Мемлекеттің қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы іске асы­рылып жатыр. Жастардың үл­­кен бөлігі шетелдердің озық уни­верситеттерінде білім алды. Басқа өмірді көрді, өзге мәде­ниет­пен танысты. Олардың жаңа көзқарасы қалыптасты. Бұл – үлкен жетістік. Сонымен бірге кем­шіліктер де жіберілді. Оны ашып айту абзал. Кемшіліксіз қо­ғам бола ма? Кемшіліксіз өсу, өну бола ма? Болмайды. Проблема бар­лық қоғамда, ең дамыған қоғамда да бар. Біздің қоғамда ол жетіп артылады. Мәселен, біз­дің табиғи байлығымыздың игеру мәселесін алайық. Өз табиғи байлығымызды игеру ісінде біз әлсіздік таныттық. Қазір де таны­тып отырмыз. Өйткені біздің эко­­но­микалық мүмкіндігіміз, даяр­лы­ғымыз нашар болды. Кеңестік жүйенің қандай екенін осы жерден анық байқауға болады. Кеңестік жүйе тарады, Орталық билік бізден кетті. Осы арада біздің өнеркәсіптік тұрғыдан әлсіз қоғам екеніміз байқалып қалды. Себебі өз табиғи ресурсымызды өзіміз игеруге келгенде дайын болмай шықтық. Бір қарағанда өте сауатты, білімді қоғам сияқтымыз. Ал бірақ біз өз табиғи байлығымызды өзі­міз игере алмадық. Сондықтан ше­телден өте үлкен жеңілдікпен инвесторлар шақыруға мәжбүр болдық. Осы ретте таяу арада ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары, сон­да, әсіресе геология және эко­ло­гия салаларына байланысты жасалған келісімшарттар, Герма­ния мемлекетін экономика сала­сын­дағы әріптес ретінде алға шы­ғару әрекеті – бұл үлкен көре­­гендік, ғажап шешім. Бұл әрекет­тің Алла жалғасын оңдасын дейік!

Тәуелсіздік алғаннан кейін де көптеген тарихи шындықты айтсақ па, айтпасақ па деп жалтақтаумен болдық. Осы жалтақ ұстаным Алаш қозғалысына байланысты анық байқалды. Мысалы, Алаш қай­раткерлерінің атын атау, олар­дың көптомдықтарын шыға­ру мәселесін Үкімет қолдады, қар­жы­ландырды. Ол жақсы және үл­кен жетістік. Бірақ Алашорда шын­дығын, ұлт тарихындағы орнын ең жоғары деңгейде мойын­дау болмады. Ел өміріндегі осы мазмұндағы құбылыстарды мойындау Кавказ, Прибалтика елдерінде байқалды. Ал бізде болған жоқ. Мен тарихи мәселені Парламент арқылы, Үкіметтің қаулысы арқылы шеш деп отырған жоқпын. Ал бірақ ол ұсақ-түйек нәрсе емес еді. Мысалы, Алаш­орда үкіметінің жеңіліс табуы – ұлттың жеңіліс табуы. Бұл – ұлттық трагедия. Соның артынша жүргізілген репрессия саясаты ұлт­тық санаға, ұлттың өміріне жа­салған шабуыл еді ғой. Бұл ақи­қаттан қалай үнсіз өте шыға­сыз? Бұл жағдай қоғамды үлкен рухани сілкіністен айырған жоқ па?

Алаш қозғалысы туралы моно­графия жазу бөлек нәрсе, біз «Алаш ісі» аталатын соттың ма­териалдарын бүкпесіз, түгел шы­ғаруымыз керек. Сонда халық­қа Алаш қайраткерлері не үшін сотталып, не үшін атылғаны түсінікті болады. Біз осы күнге дейін соны істей алмай отырмыз. «Алаш ісі» сот материалдары көп­­томдық құжаттар жинағы тү­рін­де әлі жарық көрген жоқ. Олар­дың бәрі жабық қорда жа­тыр. Сол жабық қорды ашу тура­лы Парламентке 5-6 рет хат жолдадым. Өкінішке қарай, жа­ғым­ды нәтиже шықпады. Қазіргі кезең елге, әсіресе жас буынға аталарының қандай қасіретпен өмірден озғанын түсіндіретін кезең емес пе? Енді бір 10-15 жыл­дан соң «Алаш ісі» сияқты сот материалдарының керегі бол­май қалуы да әбден мүмкін. Өйт­кені ұрпақ ауысады. Ұлттық жад­тың қандай өзгерістерге ұшы­рауы мүмкін екендігін тура қазір айту қиын. Біз қазір Алаш туралы жартыкеш шындық жағ­дайын­дамыз. Ол не үшін керек? Бұл, алысқа бармай-ақ қояйық, қазақ қоғамы ХХ ғасырда қандай жағдайға ұшырағанын білуіміз үшін керек. Біз қандай терең апат­қа түсіп кеткенімізді түсіну үшін қажет. Біз қандай тереңнен шығып келе жатқанымызды сезіну үшін керек. Мұны аға буын да, жас буын да білуі тиіс. Онсыз бүгінгі тарих тарих болмай шығады.

– Еліміздің тарихын білу мектеп­тен, жоғары оқу орындарынан бас­та­­лады. Тарих – мемлекеттің иде­о­­­логиясын танытатын негізгі пән­нің бірі. Біз тарихты оқытуды дұ­рыс жолға қоя білдік пе? Оқулық жайы қалай?

– Оқулық жазу процесіне қа­­тыс­қандардың бірімін. Бұ­рын­ғы жүйе бойынша 10-11- сы­нып­­тардың тарихын жазуға атса­­лыстым. 11-сыныптың тари­хын жазған топты басқардым. Мек­теп оқулықтарына жаңа сю­жет­тер, жаңа тақырыптар енді. Кене­са­ры Қасымовтың қозғалысы, 1916 жылғы көтеріліс, Алаш қоз­­­ғалысы, 20-30-жылдардағы ке­ңес­тік реформа, Желтоқсан оқиғасы мүмкіндігінше жаңа көзқарас тұрғысынан берілді. Сондықтан «Оқулықта ештеңе айтылмаған, ол жоғары деңгейде емес» деуге болмайды. Дегенмен әлі де болса кемшіліктер жетеді. Мәселе мынада: біз мектепте та­рих­шылар даярламаймыз. Әйтсе де, кез келген Қазақстан азаматы мектеп қабырғасынан өз мемлекетіміздің тарихынан хабардар болып шығуы керек. Осы тұрғыдан сұранысқа сәйкес оқулықтар жазылуы тиіс. Мектеп, ЖОО оқулығында Қазақстан тарихында не айтылуы керектігі әлі бірқалыпқа түскен жоқ. Бұл істе Білім және ғылым министрлігі өз рөлін көрсетіп, ұйымдастыру жұмысын шешу керек. Бізде қанша министр ауысып жатыр, бірақ ешқайсысында тарих оқулығын жазып жүрген тарихшылармен кездесіп, пікір алысайық де­ген ой болмады. Өкінішке қа­рай, олар осы жұмысты атқар­май отыр. Бұл міндетті жетек­­ші уни­верситеттердің де атқа­руы­на болатын еді, олар да ты­ныш. Университеттердің басшы­лық­та­ры да белсенділік танытпай отыр. Құдайға шүкір, мектеп, ЖОО оқулығын жаза алатын тарих­шы­ларымыз бар. Соны қандай тұрғыдан жазу керек деген мәселе ұйымдастыру ісіне мұқтаж. Осы ұйымдастыру мәселесі шешімін таппай тұр.


Өткен ғасырдың 80-жылда­ры­ның соңына дейінгі мезгіл қа­зақ қоғамы үшін өте қауіпті ке­зең болды. Біз өзіміздің біре­гей­лігімізді жоғалта бастадық. Ұлттық санамыз үлкен дағдарысқа ұшыраған, ұлттық дәстүрден, салт­­тан, тілден айырыла бастаған қо­ғам болдық. Қоғамның үл­кен бөлігінде ертеңге сенбеу, бола­шақ­қа күмәнмен қарау санасы үстемдік ала бастаған кез болатын. Осы жағдайды сезген зиялылыр, әрине Тәуелсіздікке қуанды. Тә­уел­­сіздік біз үшін теңдесі жоқ, күт­пе­ген жаңалық болды. 

 

Кезінде «Халық тарих толқы­нын­да» деген бағдарлама ашылып, үлкен жиын өтті. Сол жиында баян­дама жасаған Мемлекеттік хат­шы Марат Тәжин «Барлық уни­верситеттерде Қазақстан тарихы кафедрасы болуы керек және ол негізгі пән болуы тиіс. Қазақстан тарихының өзекті жібі бірегейлік тақырыбы болуы керек. Бұл дегеніңіз – халық түрлі тарихи кезеңдерде өзін қалай са­қ­тады? Оқулық сол мәселеге жа­уап бе­руі тиіс» деді. Осы ой дұ­рыс ай­­тыл­ған болатын. Тарих –идеологиялық астары, мәні бар пән. Біз өзінің ұлттық мүддесін тү­гендеу кезеңінде тұрған халық­пыз. Куба қайраткері Хосе Мар­ти­дің «Біздің университеттер үшін антикалық дәуір, грек-рим тари­хы соншалық маңызды емес. Біз­дің қоғам үшін маңыздысы – Куба тарихы. Куба қандай жол­дан өтті? Қандай кезеңдерді басынан өткізді? Кубаның тарихта қандай проблемалары болды? Қазір қандай проблемасы бар? Оны қалай шешу керек? Осыған байланысты Куба тарихы бірінші кезекте тұруы керек. Куба тарихын білмейтін азаматты басшылық қызметке жіберуге болмайды» деген сөзі бар. Бұл бізге де тікелей қа­тысы бар нәрсе. Бізде де дәл солай – қазақ тарихы бірінші кезекте тұруы керек! Халқының тарихын, ата-бабасының қандай жолдан өткенін білмейтін адам қалай басшылық қызметке бара­ды? Біздің басшылықта жүрген азаматтарымыз ана тілін, еліміздің тарихын білуі керек. Қазір мем­ле­кеттік дамуымыз сондай кезеңде тұр. Осындай ұстанымдағы азамат­тар билікте жүргенде ғана біз дамып, өсе аламыз.

– Ұлттық құндылықтарды дәріп­­теуде мемлекеттік деңгейде өзіңіз басы-қасында болған «Мә­де­ни мұра» сияқты бірқатар бағ­дарламалар қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ла­лары да осындай игі ниеттен туғаны анық. Осы бағытта бірқатар іс-шаралар атқарылды. Алдағы уақытта міндетті түрде істелуі тиіс шаруаларға тоқталсақ.

– Бұл – ғажап, ұлт үшін керек бағдарламалар. Біраз шаруа тындырылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл басқаларға үлгі бола­тындай жағдай. Мәселен, Түр­кияға барған сапарымда «Мә­дени мұра» бағдарламасы тура­лы айтқанымда, олар «Мынау керемет екен» деп бас шайқады. Осы бағдарламаны іске асыру үшін алғашында 6 миллиард тең­ге бөлінетінін жариялады. Сол қаржы бөлінді ме, жоқ па, ол қалай іске асырылды, одан хабарым жоқ. Одан кейін «Халық тарих тол­қынында», «Ұлы даланың жеті қыры», «Ұлы даланың ұлы есімдері» сияқты бағдарламалар жүріп жатыр. Мемлекет қолдау жасап, мүдделілік танытып, қар­жыландыруда. Бұл жағы­нан кемшілік жоқ. Осы бағдарла­ма­ларды іске асырудағы жүйелі­лік нашар. Ұйымдастыру жұ­мыс­­­тарында олқылық көп. Бағ­­дар­ламаларды жүргізудің бір кем­ші­лігі – осы бағдарламалар бел­гілі бір дәрежеде мамандар арасында талқылаудан өтіп, оны іске асыратын тетіктердің анық­талмауы. Осы жағы бізде нашар. Бағдарламаны басқару тетік­тері де әлсіз. Әрине, тақырыптар кон­­курс арқылы іріктеледі. Сол бағдарламалар қандай дәрежеде атқарылып жатқаны сараптаудан өткізіліп, ол сұранысқа сәйкес болуы керек. Осы тұрғыдан алған­да, ұйымдастыру жұмыстары онша қанағаттандырмайды, кемшіліктер бар сияқты көрінеді.

– Өзге елдердің 30-40 томдық тари­хы тасқа басылып, жазылып қойғаны айтылады. Біз өз еліміздің толыққанды, шынайы тарихымен қашан таныса аламыз және ол қанша томға жүк болар еді?

– Мәселе оның қанша том бол­­­ғанында емес, сапасында. Осын­дай істер көршілес қыр­ғыз, өзбек елінде атқарылып жа­тыр. Өзбекстанда кеңестік дә­уірге байланысты жаңа көз­қа­рас тұрғысынан жазылған екі том жарық көрді. Осы тұрғы­дан келгенде, бізде әлі де шашы­ран­дылық байқалады. Жұмылып шешу керек. Осыған жүйе­лі­лік беретін орталық керек. Сол жетіспей тұр. Тарихи инсти­тут­тарда да жақсы жұмыстар істеліп жатыр, оны жоққа шығара алмай­мын. Сіз айтқандай, қоғамға қандай тарих керек? Сұранысқа байланысты қандай тарих беру­ге тиіспіз? Осы тұрғыдан алған­да, бізде әлі өз дәрежесінде жұ­мыс атқарылып жатқан жоқ. Әйтпесе, тарихты зерттеуге қо­мақ­ты қаржы бөлініп жатыр. Дең­гейі жоғары тарихшылар бар. Осы тарихшыларға қоғамдық сұранысқа сай талаптар жүктеліп, міндеттелуі тиіс. Сұранысқа сай жұмыстар жазылуы керек. Жұмыс жасалып жатыр, бірақ жүйелілік жоқ. Бірегейлік идеясы жетіспейді. Жоғарыда айтып кеткен XVIII, XIX, XX ғасырдағы тарихымызды бүтін кезең, құбылыс ретінде зерт­теуді қолға алуымыз қажет. Осы кезеңді білуге үлкен сұраныс бар.

– «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру қолға алы­нып отыр. Бұл жобадан не күтеміз? Оның берері не?

– Осы бағдарламаны жаңа­дан бастаған кезде Тарих инсти­ту­тында өткен жиналыста екі пікір айтылды. Институт басшылығы «Қанша болса сонша ұлы тұлғалар­дың тізімін жасайық» деді. Соған байланысты жұмыстар жасалып жатыр. Екінші пікірді мен айттым. Мұнда ұлы тұлғаларға байланысты қатынас дұрыс емес. Біздің та­рихы­мыз – трагедиялық тарих. Кім Отанымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп, мерт болса соның бәрі жазылып, зерттелуі керек, оларды 100 немесе 200 адаммен шектемеуге тиіспіз. Мүмкін болса оның өлшемдері анықталуы керек. Құпия қор материалдарымен 30 жылға жуық жұмыс істеп келе­мін. Сонда байқағаным, қазақ қоғамында репрессия құрбаны болған тұлғалар патша заманында да, кеңестік кезеңде де мыңдап саналады. Өте көп. Өйткені біз отарлы ел болғанбыз.Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің, қазіргі Ішкі істер министрлігінің архив қорларында сақтаулы құжат­тардың бәрі де жеке тұлғалардың тергеу материалдары. Оларда аты аталмаған азаматтар мыңдап сана­лады. Олардың бәрін айтуы­мыз, жазуымыз керек. Мен ша­мам келгенше солар туралы біраз материалдар жарияладым. Қазір де даярлап жүрмін. Кезі кел­генде оларды да жариялаймын. Дегенмен бұл іс бағдарламалық негізде жасалуы керек еді. Ұлы дала­ның ұлы тұлғалары дегенде, ең алдымен бұрынғы ҰҚК, қазір­гі ІІМ-нің архивіндегі жеке тұлғалардың тергеу материалдары зерттеуге алынуы керек. Солардың өмірбаяны жазылып халыққа ұсынылуы тиіс. Бұл – үлкен жұмыс. Егер «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағдарламасының қолы ІІМ-нің құпия қорларындағы құжаттарға жетіп, оны ғылыми тұрғыдан жа­зып жарыққа шығарса, онда сол бағдар­ламаның іске асқаны, оның нәтижелі болғаны дер едім. Ал ол атқарылмаса тағы да жартыкеш бағдарлама болып шығады.

ХХ ғасырдағы патша зама­нын­да, кеңестік кезеңде қазақ қоғамынан шыққан, бас көтерер тұл­ғалардың бәрі де билік тара­пы­нан «сындырылып» отыр­ған. Ірі тұлғаларды алсақ, мәселен, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Бай­тұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Е.Смайылов, Қ.Жұ­ма­лиевтің бәрі де кезінде «сын­ды­рылған». Билік, идеология «сын­дырған». Біз солардың өзін еркін зерттей алмай отырмыз. Таяуда «Я себя совершенно не признаю виновным» деп аталатын кітабым шығады. Бұл кітапта өткен ғасыр­дың 60-70-80-жылдарындағы ке­ңес­тік билікке қарсы күрес­кен тұлғалардың тергеу істері берілген. Биыл Мәскеуде КСРО Бас прокуратурасының мате­риал­дарымен жұмыс істедім. Сонда осы жылдарда Қазақстандағы тәуел­сіздік үшін күрескен тұлға­лар­дың істерін қарадым. Сол құжаттардың аз ғана бөлігін алып келіп, жариялап жатырмын. Оның орыс тілінде шыққанын дұрыс көрдім. Себебі құжат көпшілікке сол даярланған тілінде жетсе деп шештім. Кітапта 1970 жылдары Алматыда Азамат Жәкібаев деген мектеп оқушысы кеңес билігіне қарсы сын айтып, үнпарақтар таратқаны да баяндалған. Сол баланы алты жыл жүйке жүйелер ауруханасына жатқызып, ол сол жерде өлген. Осы сияқты ақиқат­тың бәрі халыққа жетуі керек. Осы тұрғыдан алғанда әлі де болса кедергілер бар. Бір қызығы, сол материалдарды Мәскеуден емін-еркін алып келдік. Бірақ өз елімізде осындай мәліметтерді қорлардан алу қиын. Халықты төл тарихынан мақұрым ұстау кімге табыс әкеледі, білмедім.

– Егемен ел болғалы ауыз тол­ты­­рып айтарлықтай басты жетіс­тігі­міз қандай?

– Ең негізгі жетістігіміз – мем­­ле­кет құрылып, қалыптасты. Мем­лекеттілік – еркін, тәуелсіз өсуі­мізді қамтамасыз ететін басты алғы­шарт. Үш ғасырлық отарлық езгі­ден кейін, қазір бейбіт, ер­кін өмір сүрудеміз. Қазақстан әлемдік кеңістікке шықты. Басқа елдермен қарым-қатынасымыз жан-жақты орнығып келеді. Осы­ның бәрі еліміздің жаңа сапа­да дамуына жасалған даяр­лық, негіз. Тәуелсіздік ұлт ретінде әлі де болса негізіміздің бар екенін, тамы­рымыздың амандығын көр­сетті. Жастарды дұрыс бағыт­тап, қолдасақ, оларға жол ашсақ, бізде бәрі жақсы болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының сабақтастық деген жақсы ұстанымы бар. Сабақтастық деген нәрсені мен жаңа өріске, жаңа бағытқа қолдау жасау деп білем. Жастарды қолдау – жаңа идеяға жол ашу. «Бола­шақ – жас­тардікі» деген сөз бекерге айтыл­­маған. Біз, аға буын осы мәсе­леге дұрыс қарап, жастардың ер­кін ойлап, еркін әрекет етуіне ке­дергі жасамауымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ