Ауыл әкімдерін тұрғындардың өзі сайлайтын уақыт жетті – Елдос Жұмағұлов
Ауыл әкімдерін тұрғындардың өзі сайлайтын уақыт жетті – Елдос Жұмағұлов
483
оқылды

Саясаттанушы Елдос Жұмағұлов саяси реформалар Қазақстанның дамуы үшін маңызды рөл атқарады деген ойымен бөлісті.

«Президент бүгін саяси реформалардың жалғасатынын жариялады. Саяси реформалар не үшін қажет? Көрсеткіш үшін бе, әлде басқа елдерге есеп беру үшін бе? Әрине, бұл реформалар ең алдымен өзімізге қажет. Себебі біз дамыған елдер қатарында болу үшін, мықты экономикамен қатар, қоғамның барлық салаларының да дамуы, тиімді жұмыс істеуі маңызды. Ең алдымен бұл саяси жүйеге, оның ішінде мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттарға да байланысты. Парламент болсын, саяси партиялар болсын тиімді қызмет атқарса қоғамдағы көп мәселелер шешілер еді. Егер Парламенте халықтың мүддесін қорғайтын барлық топтар болмаса, партиялық жүйе дамымаса, саяси жүйені қалай сүйресең де толыққанды жұмыс істей алмайды. Партиялардың Мәжіліске өтуі үшін 5 пайыздық меженің ұсынылуы партиялық жүйені жетілдіруге, жаңа саяси партиялардың пайда болуына түрткі болуы қажет. Қоғамда ондай сұраныс бар. Сайлауда кейбір партиялар жүз мыңдаған дауыс алып Парламентке орын ала алмауы меженің тым жоғары болуынан. Ол партияларға дауыс берген халықтың мүддесі Мәжіліс пен мәслихат мінберінен естілуі әділетті болар еді. Ал сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсымын» деген бөлікті қосу әлемдік тәжірибеде бар. Ол сайлауға тұрғындардың қатысуы көрсеткішін жоғарылатып, наразы пікірді де ескеруге мүмкіндік береді. Бұрыннан сұранып тұрған реформалардың бірі – жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру. Ауыл әкімдерін сайлау оларға өз қызметін тиімді атқара алатындай құзырет пен мүмкіндіктер берумен жалғасса дұрыс болар еді. Олан әрі аудан және қала әкімдерін халықтың өзі сайлайтын уақыт та жеткен секілді. Онлайн-петиция институты қазіргі ақпараттық қоғамда сұранысқа ие. Қоғамдық бақылау құралдарын жетілдіру мемлекеттік жүйенің тиімді жұмыс істеуіне себепші болары сөзсіз», – деді ол.