Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – елдің әлеуетін жақсартудың алғышарты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған ел ішіндегі өзекті мәселелер халықтың қолдауына ие болып отыр. Nur Otan партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасында елмен етене жақын жұмыс істеудің тетіктері жан-жақты жіктеліп айтылған.
Елбасы айтқандай, билік бұқараның мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс-пікірін дер уақытында ескеріп отырғаны – соның дәлелі. Қазір кез келген проблеманы қоғам ашық талқылайды. Шенеуніктерге өтінішін айтып алдына келген азаматтарға ең бірінші қандай мәселемен келгеніне назар аударуды тапсырды. Шешілмейтін проблема жоқ. Тек оның заңды жолын, тәртібін түсіндірсе, әлеуметтік, құқықтық мәселелер қордаланып жиналмайды. Шешімі тез табылады. Бүгінгі мәселені кейінге қалдыру, көкейкесті проблеманы күрделендіріп жібереді. Сондықтан кез келген мәселені іс жүзінде зерттеп, қолданыстағы заң аясында іске асырғаннан ұтарымыз көп.
Президент Жолдауында қоғамды зерттеу институттарының рөлін нығайту, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Күні бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайды саралап, талдап, проблеманы шешу жолдарын да көрсетіп берді.
«Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасында халықтың тұрмысын жақсартудың негізгі тетіктері жіктелген. Тарқатып айтсақ, білім мен ғылымды дамыту, үлкен қалаларда мектептердің санын арттыру, қоғамның сұранысын ұдайы ескеріп отыру мәселесі үнемі басты назарда. Қазірдің өзінде үш ауысымды оқытудан түбегейлі арылу үшін жаңадан 34 мектеп салынып жатыр. «Тегін кәсіби-техникалық білім – баршаға» жобасы аймақтардағы кадр тапшылығы мәселесін шешеді. Жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту дағдысы жүйеленіп келеді.
Сонымен қатар партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға айрықша назар аударып отыр.
Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізілді. Тәртіп бойынша жәрдемақылар көлемі әр отбасының табыс деңгейіне қарай белгіленеді. Еңбекке жарамды азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылады. Ғылым мен техниканың дамуынан қоғамның сұранысы жоқ маман иелері жаңа заман талабына сай қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандық алады. Көпбалалы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы көлемі артады. Оның ішінде, жастарды, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар қабылданды. Бұдан былай тұрақты жұмыс істейтін әрбір жас қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрмысын түзей алады. Nur Otan халықтың проблемасына баса көңіл бөліп, әрбір бастаманы соңына дейін жеткізуге атсалысады.
Мемлекет басшысының халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шараларды дер кезінде қабылдап жатқаны қуантады. Расында, шындықты қазір айтпасақ болмайды. Ел болып ары қарай дамимыз десек, барлық мәселені халықпен ақылдасып шешуіміз қажет. Жоғарыдан қабылданған шешімдер халықтың көңілінен шықпаса, орындалмайды. Сол себепті Президенттің халықтың айтарын тыңдап қана қоймай, үнін еститін мемлекеттің дамуына бүкіл қоғам болып атсалысқанымыз абзал. Мәселен, күні кеше халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартатын көмек туралы заң жобасын мақұлдадық. «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді», – деді Мемлекет басшысы. Билік тарапынан нақты қадамдар жасалып жатыр. Қолданыстағы заңдарды халықтың ұсынысын ескере отырып, қоғамның сұранысына қарай қайта қарап, толықтырулар енгізіп жатырмыз. Заңдар орындалуы, бағдарламалар іске асуы үшін халықты тыңдауымыз керек. Олардың мұң-мұқтажын елмен жүздесіп білген жөн. Өйткені бұл мәселенің екінші жағы бар. Өзекті мәселе шешімін табады. Екінші жағынан мемлекет жағдай жасаған сайын, «бәрін мемлекет жасауы тиіс» деп күтіп отыратындай дағды қалыптасып кетеді. Оны қазір Nur Otan партиясы әлеуметтік жобалар аясында түсіндіріп жатыр. Елмен бірігіп жұмысты жүйелі жасасақ, мемлекеттің дамуына барлығымыз атсалысамыз. Мемлекеттің міндеті — мүмкіндік жасау. Халық соның бәрін пайдалана отырып, өзінің ой-пікірін, ақыл- кеңесін айтып, жобалардың жүзеге асуына үлесін қосқаны игі. Іс пен сөз бір жерден шығуы тиіс. Шенеуніктер адал жұмыс істеген кезде ғана сенім артады.
Бұл бағытта бастауыш партия ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстары орасан зор. Олар шалғай аймақтарға барып семинар өткізіп, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге аса қатты көңіл бөліп отыр. Облыс, қаладан шалғайда жатқан жергілікті жерлердегі халыққа мемлекеттік бағдарламалардың маңызы мен мүмкіндіктерін насихаттауда. Жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек, кез келген мәселе оңтайлы шешімін табады. Елмен кері байланыс орнату – мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына әділ баға беру, жұмыс сапасын арттыруға берілген мүмкіндік. Президент өз ісіне жауапсыз мемлекеттік қызметкерлерге қатысты алдағы уақытта қатаң шаралар қабылданатынын ескертті. Мемлекет басшысы: «Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті орган басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болды. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағым нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді осы мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешім қабылдаған жөн», – деді.
Маңызды шешімдер, заңдар, құжаттарды қабылдаудан бұрын көпшіліктің талқысына салып, ақылдасып шешуіміз қажет. Бастауыш партия ұйымдары елмен кездесуді жиі өткізсек, жұмысымыз жемісті болмақ. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегендей, кез келген проблемаға қатысты ең әуелі халықтың пікірін ескерген жөн.