Шетелдік жұмысшы санын қысқарту мәселесі қайта қаралады – Тоқаев
Шетелдік жұмысшы санын қысқарту мәселесі қайта қаралады – Тоқаев
167
оқылды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында шетел жұмыс күші тартылған кәсіпорындарға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Қазақпарат.
«Мен шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарды кемсітуіне жол берілмеуі керектігі турасында ұдайы айтып келемін. Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Сондықтан менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық фактілері анықталды», – деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстанда шетелдік қызметкерлердің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. 
«Жағдайды талдау мен құзыретті органдардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзгерістерді әзірледі», – деді Президент. 
Біріншіден, 2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы айтарлықтай қысқарады. Қысқарту 40 пайыз шамасында болады. 2019 жылы 49 мың болса, 2020 жылы 29 мың болады. Екіншіден, жұмысшылар саны 250 адамнан асатын, 30-дан артық шетелдік жұмысшы тартқан барлық кәсіпорындар тұрақты тексерумен қамтылады. Енді Еңбек министрлігі кез келген заңбұзушылықтарға жедел әрекет ете алады. Осылайша, мәселенің жылдан-жылға қордалануына жол берілмейді. 
«Үшіншіден, шетелдік жұмыс күшіне квота тағайындау ережесі және рұқсат беру ережесі қайта қаралады. Төртінші санаттағы жұмысшы мамандығы бойынша шетелдік жұмысшының санын қысқарту мәселесі де қайта қаралады. Сондай-ақ, мамандардың жергілікті құрамына қатысты талаптар күшейтіледі», – деді Қ.Тоқаев.