Президент университетке барды
Президент университетке барды
182
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне барды. Мемлекет басшысы оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмысымен танысып, оқытушылармен, студенттермен әңгімелесті.

Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев Президентке молекулярлық биология мен гендік инженерияның заманауи әдістерін пайдалана отырып шығарылған ауыл шаруашылығы дақыл­дарының жаңа сорттарын көрсетті. 5 жыл ішінде жоғары оқу орнының ғалымдары бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығарды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биоорганикалық тыңайтқыштар өндіру үдерісіндегі жаңа техно­логияның қолданылуы, ветеринария жүйесінің цифр­ландырылуы, жануарларды есепке алу үдерісі жайында мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы жерді пайдалану про­цесін бақылауға мүмкіндік беретін ғарыштан мони­торинг жасаудың және жерді қашықтан зондтаудың заманауи әдісімен танысты. Аталған әдіс Ақтөбе мен Ақмола облыстарында қолданылып келеді. Президент мұндай тәжірибені өзге өңірлерде де пайдалану қажет деп санайды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің әлемдегі жетекші ғылым және білім беру орталықтарымен байланысы туралы да баяндалды. Ақылбек Күрішбаевтің айтуынша, Францияның AgroParisTech университетімен бірлесе әзірленген, қос дипломдық білім беру жүйесіне көшуге мүмкіндік беретін жол кар­­та­сының іске асырылуы Қазақ агротех­ни­ка­лық уни­верситетінің халықаралық ынтымақ­тас­тығындағы негізгі бағыттардың бірі.

Студенттермен әңгімелесу кезінде Президент озық технологияларды қолданудың өзектілігін атап өтті.

– Сіздер өте маңызды жұмыспен айналысып жатырсыздар. Робот техникасы, цифрландыру және жасанды интеллект – қазіргі заман талабы, әсіресе дамыған елдерде. Сондықтан бізге арт­та қалып қоюға мүлдем болмайды. Жақсы оқы­саңыздар, сіздер де міндетті түрде келешекте өз орындарыңызды табасыздар. Өйткені бізге жеке секторда да, мемлекеттік секторда да білікті мамандар қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Студенттер Президентке қолдау көрсеткені және 2020 жылдың қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыру жөніндегі тапсырмасы үшін алғыс айтты.