Мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 жылға анықтама берілетін аурулардың тізбесі бекітілді
Мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 жылға анықтама берілетін аурулардың тізбесі бекітілді
184
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

 

Ересектерге мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленетін аурулар тізбесі бекітілді. Ауыр науқастар мен емделсе де, дертінен айығуы күмәнді 19 аурудың тізбесі жасалды. Оған сәйкес, мүгедектік 5 жылға белгіленуі мүмкін.

Олардың ішінде, интоксикация айқын білінетін қатерлі ісіктер, психика айқын бұзылған шизофрения, органдар мен организм функцияларының айқын білінетін біршама бұзылуымен қант диабеті, V сатыдағы созылмалы бүйрек аурулары және т.б. бар.

Осы белгілері бар мүгедектер 5 жылда бір рет қайта куәландырудан өтеді. Бұған дейін 18 жастан асқан адамдарға мүгедектік 1 жылға, 2 жылға немесе мерзімсіз берілді.

Сонымен қатар, емдеуге келмейтін анатомиялық дефектілер тізбесі кеңейтілді. Сондай дефектілері бар 18 жастан асқан адамдарға мүгедектіктің екінші тобы қайта куәландырудан өтпестен белгіленеді. Тізбеге қант диабеті мен Лериш синдромы аясындағы екі аяқтың ампутациясы, 16 жасқа дейін балаға мүгедектікті алғаш белгілеген кезде орташа ақыл-ой кемістігі (имбецильділік) және түрлі генездегі ақыл-ой кемістігінің тиісті дәрежесі, екі аяқтың тұрақты білінетін парездерімен және білінетін шоғырланған гиперкинездермен қозғалудағы бұзылулар (гемипарез, парапарез, трипарез, тетрапарез) қосымша енгізілді.

Бұдан басқа, 16 жасқа дейінгі бала мүгедек деп танылатын медициналық көрсетілімдердің тізбесі кеңейтілді. Мәселен, мүгедектікті 5 жыл мерзімге белгілеу үшін қолданыстағы көрсетілімдер тізбесіне балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атипикалық аутизм, сондай-ақ қайта куәландыру кезінде 1 және 2 типті қант диабеті және т. б. қосылды.

16 жасқа дейінгі мүгедектік терінің тұқым қуалайтын аурулары, Даун және Ретт синдромдары, үдемелі бұлшықет дистрофиясы, туа біткен миопатиямен және аутизммен, Аспергер синдромымен, атиптік аутизммен ауыратын балаларды қайта куәландыру кезінде белгіленеді.

Сондай-ақ, денсаулық жағдайы өзгергенде бұдан бұрын белгіленген мүгедектік мерзімі мен еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру тәртібі регламенттелді. Енді мүгедектер денсаулық жағдайы нашарлаған, сондай-ақ жақсарғанда да қайта куәландыруға жіберілетін болады.

Талаптармен толықтай мына сілтемеден таба аласыз.