ЭКҰ жасатудың құны қанша?
ЭКҰ жасатудың құны қанша?
516
оқылды
Мемлекет басшысы өткен жылы «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырған болатын. «ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек» деген Президент тапсырмасына елдегі клинакалар дайын ба? Кімдер квотаға іліге алады? Аталған бағдарлама қалай қаржыландырылады? Осы сынды сұрақтарға мамандар жауап береді. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана денсаулығын сақтау департаментінің бас маманы Ғазизова Гүлнардың айтуынша, негізгі талаптың бірі жергілікті атқарушы органдарда ЭКҰ жасату бойынша кезекте тұру керек.
«Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 15 желтоқсанда шыққан 272-ші бұйрығы бар. Осы бұйрық бойынша мемлекеттен берілетін квота арқылы ЭКҰ-ны кімдер жасата алатыны жазылған. Жергілікті органдар құрған комиссия кезектегі барлық азаматтардың  құжатын қарайды. Барлығы дұрыс болса емделетін уақыт бекітіледі. Қаржыландыру толықтай Медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асады. Квота арқылы тек ЭКҰ жасату құны ғана кіреді. Ал қалған оған дейінгі емделу құны квотаға кірмейді. «Аңсаған сәби» бағдарламасына еліміздегі ЭКҰ жасайтын барлық клиникалар қатыса алады. МСҚ арқылы тендр ұйымдастырылып соған қатысқан клиникалар бағдарламаның қатысушыларын қабылдайды», − дейді ол.
ЭКҰ бюджеттен қаржыландыру нәтижесінде 2010-2018 жылдар аралығында 2700-ден астам бала дүниеге келіпті.

ЭКҰ жасату үшін квота кімдерге беріледі?

Медициналық сақтандыру қоры арқылы ЭКҰ бағдарламасына квота ала аласыз. Шарты: ЭКҰ-ға қатысатын ерлі-зайыптының жұмыртқа санының жеткілікті болуы, репродуктивті жаста, соматикалық және эндокриндік жағдайы қалыпты болуы тиіс. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша ЭКҰ жылына бір рет көрсетіледі. Ескеретіні: егер сіз некесіз болсаңыз немесе донорлық сперматозоидтар, жұмыртқалар немесе суррогат ана қажет болса, онда сізге квота берілмейді. ЭКҰ
«Жалғызбасты әйел немесе еркек квотаға үміткер бола алмайды. Себебі, болашақ баланың өз туған ата-анасы болуы керек. Сонымен қатар, заңды некеде тұрған ерлі-зайыптыларға ғана квота беріледі. Азаматтық некеде тұратын я болмаса мұсылмандық некесі қиылған азаматтар ЭКҰ жасатуға мемлекеттен квота алу кезегінде тұра алмайды. Меніңше бұл дұрыс шешім. Себебі, әр баланың заңды түрде ата-анасы қасында болуы тиіс. Мысалы, жатыры жоқ қыз-келіншектер құрсақ ана алуға тура келеді. Мемлекет квотаны суррогат анаға бөлмейді. Дәл солай туыстарынан донорлық клетка алу арқылы жүкті болуды мемлекет қаржыландырмайды», − дейді Репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова.
Квота алу үшін тұрғылықты жері бойынша босанғанға дейінгі емханаға кезекке тіркеліп, репродуктологтың қабылдауына жолдама алу қажет. ЭКҰ Біздің елде ЭКҰ жасайтын 20-дан астам клиника бар. Әр клиниканың ресми сайтында емдеу құны жазылған. Қосымша ақпараттармен танысып өзіңізге ұнаған емхананы таңдай аласыз. ЭКҰ Қандай жағдайда ЭКҰ жасалмайды?
  • Соматикалық және психикалық аурулар;
  • Жатыр қуысының туа біткен ауруы немесе жүре пайда болған деформациясы кезінде эмбриондарды имплантациялау немесе жүктілікті жүргізу мүмкін емес кезде;
  • Аналық безде пайда болатын ісік;
  • Хирургиялық емдеуді қажет ететін немесе эмбрионды имплантациялауға жол бермейтін жатыр ісігі;
  • Аналық бездегі жұмыртқа санының жеткіліксіздігі;
ЭКҰ бедеулікті емдей ме? ДДСҰ-ның айтуынша дені сау ерлі-зайыптылар бір жылдың ішінде жыныстық белсенділік кезінде бала сүйе алмаса бұны медицинада бедеулік деп атайды. Бедеуліктің екі түрі бар. Бірінші топқа мүлде бала көтере алмаған топты жатқызсақ, екіншісіне кем дегенде бір жүктілік болған жұптар кіреді. ЭКҰ 100% кепілдік бермейді ЭКҰ жасатқанда нәтиже мен тиімділік ешқашан 100% болмайды. Алғаш рет ЭКҰ арқылы жүкті болу мүмкіндігі 35-45% межесінде орындалуы мүмкін. ЭКҰ жасатудың сәтті шығуы ерлі-зайыптылардың жасына, денсаулық жағдайына тікелей байланысты. Кейбір ерлі-зайыптылар ЭКҰ он рет жасататын жағдай да кездеседі екен. ЭКҰ қандай кезеңнен тұрады?
  • Бірінші қадам: репродуктолог маманның қабылдауындаболу және тексеруден өту; Айта кетерлігі, репродуктолог - бедеулікті анықтайтын және емдейтін дәрігер. Оның емі тиімді болуы үшін ерлі-зайыптылардың қабылдауға бірге барғаны дұрыс.
  • Екінші қадам: аналық безді ынталандыру. Суперовуляция - бұл бірден бірнеше фолликуланың жетілуін тудыратын арнайы дәрі-дәрмектерді тағайындау. Жүкті болу үшін процедура өте маңызды. Барлық дәрі-дәрмектер мен дозаларды дәрігер таңдайды.
  • Үшінші қадам: жұмыртқа мен сперматозоидтарды жинау. Жұмыртқа әйел жатырынан фолликула арқылы алынады. Бұл кезде әйел наркоз арқылы ұйқтайды. Барлық процедура 15-30 минуттан аспайды. Осыдан кейін науқасты дәрігерлер біраз уақыт бақылайды.
Науқастың серіктесі де сол күні сперматозоидтарды тиісті мамандарға өткізеді. Егер бұл мүмкін болмаса, донорлық ұрық қолданылады.
  • Төртінші қадам: бөлінбеген ұрықтандыру. Эмбриолог − қолдан ұрықтандырудың маманы. Оның жұмысы алынған жұмыртқаларды өңделген сперматозоидтармен араластырып зертханада эмбриондар жасайды. Ерлі-зайыптылар алдында екі таңдау тұрады. Бірі болашақ ананың құрсағына эмбриондарды жіберуді таңдаса, екіншісі эмбрионды мұздатып (криопрезерв) қояды.
  • Бес қадам: эмбриондарды өсіру. Ұрықтанғаннан кейін эмбриондар эмбриолог реттейтін арнайы ортада өсіп дамиды. Маман оларды тұрақты түрде бақылап өсу үшін жағдай жасайды.
  • Алтыншы қадам: дайын эмбрионды узистің бақылауымен әйелдің жатырына беру. Шприцтің көмегімен эмбриондар әйел жатырына салынады.
«Елімізде ажырасқан әрбір отбасының 6-шысы бедеулік проблемасына душар болғандар. Биылғы ЭКҰ жасатуға берілген жеті мың квота бұрын соңды берілмеген белеуліктің ауыр формаларын назарға алып отыр. Бұл ЭКҰ жасатуға кезекте тұрғандардың тізімін айтарлықтай жылдамдатады.  Ерлі-зайыптылар арасында бір жыл ішінде бала болмаса аталған квотаға өтініш бере алады. Біріші бедеулік я болмаса екінші бедеулік тіпті, төртінші баласынан кейін де бедеулік болып жатса еш ойланбастан өтініш беруге болады. Тек бекітілген көрсеткіштерге сай болу керек. Мысалы, сіздің балаңыз жоқ квотаны бірінші аласыз, ал сіздің он балаңыз бар квотаны соңынан аласыз деген мәселе туындамауы тиіс. Заң барлығымызға ортақ. Жолдама алған соң жұптар жергілікті емханасына барып тіркеледі. Базада емделушінің аты-жөні тіркелгеннен кейін әркім өз кезегін күтеді», − дейді Репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова.