Нұр-Сұлтанда жаңа жылдық демалыста қайда баруға болады
Нұр-Сұлтанда жаңа жылдық демалыста қайда баруға болады
5,224
оқылды

Елордада осы аптада көрмелер, сахналық қойылымдар, балаларға арналған жаңажылдық ертегілер, хоккей ойындары мен өзге де мәдени-спорттық шаралар өтеді, – деп хабарлайды әкімдік сайты.

30 желтоқсанда «Жастар» сарайының шығармашылық ұжымы балаларды жаңажылдық ертеңгілікке шақырады. Сондай-ақ, 2-5 қаңтар аралығында Қуыршақ театрында «Малефисентаның мұзды жүрегі» спектаклі көрсетіледі, ал 3 және 4 қаңтар күндері балақайлар М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтетін ертеңгіліктерге қатыса алады.

Жаңажыл қарсаңында, 30, 31 желтоқсан күндері «Astana Ballet» театры «Шақылдақ» ертегісін көрермен назарына ұсынады.

Ал спортсүйер қауым 30 желтоқсан күні сағат 19:30-да «Барыс арена» стадионында өтетін «Барыс» және «Куньлунь РС» командалары арасында шайбалы хоккейден жарысты тамашалай алады.

31 желтоқсан күні «Астана Опера» театрында «Romantique» концерті өтеді. Ал 2, 4 қаңтарда Астаналық цирк «Жаңа жылдық Афроцирк» бағдарламасын ұсынады.

3 қаңтарда «Қазақстан» ОКЗ-да «Түрік хоры» арт-тобының концерті өтеді. Сол күннің ертесіне «Астана» концерт залында «Walt Disney-мен жаңа жылдық саяхат» үрмелі оркестрінің концерті көрерменге жол тартады. Сондай-ақ, «Феерия» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының IX халықаралық көпжанрлық байқау-фестивалі 5 қаңтарда «Жастар»сарайында басталатындығын хабарлаймыз.

Одан бөлек, 5 қаңтарда елордалық баскетбол командасы «Енисей» баскетбол командасын «Сарыарқа» велотрегінде қабылдайды.

Сонымен қатар, тұрғындардың ыңғайы үшін қаланың барлық аудандарында мұз қалашықтары мен төбешіктер орнатылған. «Байқоңыр» ауданы аумағындағы мұз қалашықтары мен төбешіктер «Жастар» сарайы, «Ататүрік» саябағының жанында, «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарында орнатылды. Есіл ауданында жаппай сырғанау мен ойындарға арналған орындар ЭКСПО, Ботаникалық бақ, «Хан Шатыр» СОСО, «Керуен» СОСО, «Жетісу» саябағы, «Жағалау» шағын ауданы, Жасыл орамда, «Пригородный» мен «Үркер» тұрғын алаптары аумағында бар. Ал Сарыарқа ауданында мұз сырғанақ төбелері Есіл өзені маңында, сондай-ақ «Астана» СК, Қосшығұлұлы көшесіндегі 17-үйдің жанында, «Тамыз» ТК, «НАЗ» театры, Герцен және Оқжетпес көшелерінің қиылысында, Гете 10-үйдің жанында және №187 көшесінің бойында бар.

Алматы ауданында астаналықтар «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда, «Жерұйық» саябағында, Ақбұлақ өзенінің жағалауында, «Жастар» саябағында, Оқушылар сарайының жанында, Президенттік саябақта, «Ренессанс» мейрамханасының жанында, Триатлон саябағында, «Сарайшық» шағын ауданында, «Железнодорожный», «Интернациональный» және «Мичурино» тұрғын алаптарында мұз айдындары мен төбешіктерде уақытты көңілді әрі белсенді өткізе алады.