Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі: Заман жаңа ережені талап етеді
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі: Заман жаңа ережені талап етеді
175
оқылды

Күмәндар тасқынына той­та­рыс бергендей, қо­ғам­­дық ке­ңес нақты жемі­сін беруді бастады. Ең бас­ты­сы, билік­тің бұқара­мен ашық әңгімеге дайын екенін қо­ғам көрді. Қордаланған проб­лемалар­ды нақты біле­тінін және біліп қана қоймай жедел шешуге әзір екенін Мемлекет басшы­сы көрсе­те алды.

Президент Қ.Тоқаевтың 20 жел­тоқсанда өткен кеңесте сөй­­­­леген сөзін қайталау ар­тық бо­­лар. Дей тұрғанмен, Пре­зи­дент по­зициясының өзе­гін құ­рай­­тын негізгі сәттерін, сая­сат сах­­насындағы адам ғана емес, қа­ра­пайым азамат ретінде көңіл­ден шыққан тұстарын айтқым келеді.

Иә, замана көші алға тартып барады. Алақандай алаш түгілі дүрбелең көшкен төрткүл дүние өзгеріске толы. Адамзаттың ша­руа­сы, мінезі, пиғылы басқа ар­­­наға бет алғандай.

Жаңа уақыт жаңа ойын ере­жесін талап ететіні – заңдылық. Президент осыны меңзеді. Біз­дің қо­ғамның есейгенін мойын­дады.

Қалыптасу кезеңінде сол дәуір­дің сұранысын қанағат­тан­дырған нормалар дамудың жаңа кезеңінде басқаша қарастыруды талап етпек.

Осы орайда, «Пікірі сан алуан бір­тұтас ұлт» қағидасы шеру өткі­зуді хабарлау тәртібіне өту, Пар­ламентке оппозицияның қа­жетін мойындау, квази­мем­лекет­тік сектордағы кәсіпорындарды басқаруға азаматтық қоғам өкіл­­­дерін тарту тәрізді шешімдерге же­­телейді. Саяси тәуекелдерге толы бұл шешімнің астарында бұқараның парасат-пайымына деген үлкен сенім жатыр деп та­ны­дық. Ұлттық кеңестің құры­луы мен оның қазіргі жұмысын да осы қатарға қосуға болады.

Мәлімдеменің екінші маңыз­ды тұсы – ғылыми-техникалық, оның ішінде цифрландыру сала­сын­дағы прогрестің себебі­нен тек қана Қазақстан емес, әлемнің жаңа мүмкіндіктер кезеңіне қадам басып жатқанын мойындау фактісі.

Техникалық прогресс бейне бір өткір пышақ секілді. Азық ту­рауға арналған зат болғанымен, ол кісіні жаралап, майып қылуға да жарамды. Ал Мемлекет бас­шы­­­сының ұсынып отырғаны – мұндай мүмкіндікті биліктің бұ­­қара алдындағы, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың не­гіз­гі ойын­шыларының өзара ашық­ты­ғы мен тазалығына қолдану.

Есеп комитетінің аудиторлық тексерісінің нәтижесін тұрақты жа­рия­лап отыруы, адами фак­тор­ды азайту үшін жерді қа­­шық­тықтан бақылауды енгізу, биз­нес субъектілері бойынша ин­те­гра­ция­ланған ашық мәлі­­меттер база­сын құру, ірі тран­закциялар үшін төлемді қолма-қол емес фор­матқа кө­шіру, қара­­пайым азаматтарға қолже­тім­ді болатын сыртқы қарыздың бірегей реест­рін қалыптастыру сияқты ұсы­ныс­тарды осылай түсіндім.

Бір қарағанда, бұл өзгерістер әртүрлі салаларға қатысты болып кө­рінгенімен, барлығының мәні бір – ол ХХІ ғасырдың техни­ка­лық мүмкіндіктерін қоғамның пайдасына қолдану. Яғни, «адал болғаннан артығы жоқ» немесе «түзу жүргенім тиімді» дейтін қағи­­даның қоғамда салтанат құ­руы­на әкелу.

Ашықтық жоғарыдан төмен­ге де, төменнен жоға­ры­­ға да қатысты. Бұл жаңа мүм­­кін­­дік­терді қиял-ғажайып анти­уто­­пиялық тұжырымдарда айты­ла­тын­дай, қатаң бақылау жүйесін құру үшін емес, бұқараның шын пайдасы үшін қолдануға жағдай жасайды.

Мемлекеттің шетелдік жұмыс берушілердің біздің азаматтарды кемсітуіне қатысты мәселелерді ше­шуге дайындығы да қуантады. Ең алдымен, бұл еңбекақы тө­леу­­дегі теңсіздік, сондай-ақ қа­­ра­пайым тұрмыстық жағдай қа­­­лыптастыру мәселелеріне қа­тыс­­ты.

«Қарынның ашқанынан гөрі, қадірінің қашқанына» төзбейтін жұртты пиғылы бұзық күштердің арандатуына әкелмек. Әмбе, мем­­лекеттің араша түсуіне арқа сүйеген жұрттың ас­қақ сезі­мі ерекше жағдай десе бол­ған­дай.

Сонымен бірге шағын және орта бизнеске деген бұрылыс – өте құптарлық іс. Шағын және орта бизнес деструктивті күштердің «діттеген аудиториясы» емес, ол қоғамның ең белсенді бөлігі – мем­­лекеттің негізгі тірегі бо­луы тиіс. Ал бизнестің дамуы – би­лік­тің «Еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» деген сөз­ді қымсынбай жалау етуіне мүмкін­дік береді.

Қазақстан Президенті кеңес барысында көтерген маңызды мәселенің бірі – латын қарпіне көшу мен қазақ тілін реформалауға қатысты. Оңтайыма келетін мәселе болғандықтан, кеңірек тоқталсам.

Әрдайым Президенттің ай­рықша назарында тұрған дүние ол – мемлекеттік тілдің мәр­те­бесі. Ширек ғасыр айтылып кел­ге­німен, нәтижесі құлдырап бара жатқан бағытқа реформа болмай, көсегесі көгермек емес.

Мемлекеттік тілді білікті­лік талаптарына сәйкес мең­герту жо­лын­дағы ғылыми-методи­ка­лық негізін қайта қарау, осы жолдағы ор­талықтардың жұмысының тиім­ділігін арттыру аса қажет дүние­лер.

Тілді үйретудегі әлемдік озық методологияны үлгі ете отыра, әсіре көркемдіктен нақты­лыққа, шұбалаңқылықтан ықшам­ды­лық­қа қол жеткізу жолындағы тиім­ді тәсіл табу, міне, осы жолда реформа керек.

«Қазтестегі» қасқырдың ұрға­шы­сының атауын табуды талап еткен сұрақты күнделікті өмірдегі қа­жетті сұраққа алмастыру жо­лын­дағы реформа керек.

Қордаланған мәселе көп. Ол – ре­тін таппаған терминология, «бал­конды – қылтима, фонтанды –шап­тырма» қылғысы келген пуризм (бәлкім, пуризм маскасын киген қаскөйлік болуы да мүм­кін екен-ау), презентацияны – тұсау­ке­сер деп ұтқыр, әдемі баламасын тапқан ғалымдарды қолдау.

Арасында қазақшасы кем­дер пайдаланып, орысшасы кем­­дер онысын түсінбей қала­тын халықаралық тер­мин­­дер­­ді аударғаннан тіл мәрте­бе­­сі­нің көтеріле қойғаны ша­­ма­лы. Сондай-ақ кеңестік ки­рил­­лицадан мұра боп қалған орфо­­графия проблемасын да шешу қажет. Тек сонда ғана қа­зақ тілі сөзде емес, іс жүзінде мем­ле­кет­тік тіл мәртебесіне көтеріле алады. Бұл өте маңызды. Себебі тілдің мәртебесі көтерілгенде ғана әліппе реформасы мәнге ие.

Олай болмаса, латын қарпіне көшу ата-аналардың балаларын қазақ мектептерінен басқа мектептерге ауыстыруына алып келуі мүмкін. Президент осы себептен де «ақырын жүріп, анық басуды» меңзеді.

Сөз соңын Мемлекет басшы­­сының «Тәуелсіздік эста­фе­та­сын жаңа патриот буынға табыс­тауы­мыз керек» деген сөзімен түйін­дейін.

Яғни, мақсат – айқын. Басы бас­талды. Ендеше, «ұрыста – тұрыс жоқ». Іске сәт, ағайын!