Қарағанды облысында 35 жыл тұрған Орақ пен балға ескерткішін алуға халық қарсы шықты. Абай ауданы Ақбастау ауылында екі метрлік Орақ пен балға ескерткішін алу үшін үш күн тартыс болды. Түн ішінде бір топ тұрғын алып ескерткішті құлатып тастап, орнына көк байрақ орнатса, келесі күні түнде басқа бір топ Орақ пен балғаны мызғымайтындай етіп дәнекерлеп бекітіп қойған. Үшінші түні тағы бір белгісіз топ ол мүсінді түсіріп, енді бой көтермейтіндей етіп кесіп-кесіп тастайды. Ал әкімдік өткізген қоғамдық тыңдаудан кейін ауыл тұрғындары қиратқан жанды жазалату үшін полицияға шағым түсірді.
Ақбастау ауылының шыға берісіне коммунистік жүйенің белгісіндей болған қып-қызыл мүсінді ауылдың байырғы тұрғындары орнатқан екен. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамында, елді коммунизм елесі кезіп жүрген болатын. Кейін жетпіс жыл үстемдік еткен қызыл режим құлады. Бұл мүсінді орнатқандар да ауылдан тайлы-тұяғы қалмай көшіп кетті. Бүгінде орақ пен балғаны қимай, құлаған ескерткішті қайта тұғырға қойып жүрген жергілікті қазақтар. Аспандия Сейсеновтің бұл ауылға көшіп келгеніне 18 жылға жуықтады. Сырттан келген тұрғынға бұл ескерткіш жат көрінеді. Ол ескіліктің қалдығындай көрінген ескерткішті алып, орнына тәуелсіз қазақ елінің байрағын орнатуға ұсыныс жасайды. Алайда көшіп келген азаматтың ұсынысын жергілікті тұрғындар қабылдамады. Олар үшін Орақ пен балға – келмес кезеңнің ыстық естелігі, кеңестік кездің көзіндей қастерлі. Аспандия мырзаның бұл мүсінді алып тастау туралы жергілікті әкімдікке ұсыныс жасағанына үш жыл өтіпті. Орнына қазақтың байрағын орнатып беретін демеушіні де табады. Алайда ауыл әкімі ескерткішті алып тастауға құзыры жетпейтінін алға тартады. Шенеуніктің айтуынша, ескерткішті халық қолдаса ғана алып тастауға болады. Осыдан бір жыл бұрын ауыл тұрғындары арасында осы ескерткішке қатысты тыңдау өтеді. Сол жиында коммунизм елесін алып тастауға ауылдың кейбір мектеп мұғалімдері қатты қарсылық танытты дейді тұрғындар. Олардың пайымынша, бұл – тарих. Тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағына білім нәрін сусындатып отырған ұстаздар қауымының коммунистік режимнің естелігін осылай қорғаштағанынан-ақ қандай идеологияның исі мүңкіп тұрғанын аңғаруға болады. Ауыл тұрғыны Марат Кәлиткенов та бұл ескерткіштің тау басында қалғанын қаламайды. «Оны алып тастауымыз керек. Өз егемендігіміз қайда? Қазақстан тәуелсіздік алғалы ескерткішті орнатқандар Мәскеуге кетті, ал біз жүрміз қарапайым жұмыскер болып. Оның орнына өзіміздің қазақтың Туы ілінсін», – дейді тұрғын. Ал ауыл әкімі Рымбек Тұяқбаев бар билікті халыққа берген. «Орақ пен балға – мемлекеттің қарауындағы ескерткіш емес, ешкімнің балансында жоқ, қорғауында емес. Дегенмен осы Орақ пен балға Кеңес Одағы кезінен бері тұр. Өзім үш жылдай осы жерде әкіммін. 2007 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Халықты жинап, қоғамдық талқылау өткіздік. Халықпен кеңесіп, орақ пен балғаның орнына заманауи ескерткіш орнату туралы талқыладық. Қазір халық тыныш, толқу жоқ», – дейді әкім. Ешкімнің балансында тұрмаған ескерткішті алуға билік шамамыз жетпейді деп үш жыл қол қусырып сыртынан бақылап келген. Ақыр соңында осы ескерткіш ауыл тұрғындарын екіге бөліп, арасына сына қақты. Біреулері түнделетіп мүсінді құлатып ту тіксе, екіншілері бұрын алты болтпен ғана бекітілген мүсінді тас қылып дәнекерлеп, техникамен сүйреп әкеліп, қайта тұғырға орнатады. Көк Ту құлағаннан кейін ғана шенеуіктер тұрғындарды жинап жиын өткізді. Шенеуніктер ауыл тұрғындарымен өткен жиында мәмілеге келдік деп есеп беріп жатыр. Нәтижесінде, бір топ тұрғын ескерткішті алып тастаған топтың үстінен полицияға шағым түсірді. «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Нұргүл Сәкенованың айтуынша, ескерткішті алып тастағанда оған ауыр тиген. «Монументті ауыл тұрғындары өздері орнатқан болатын. Алып тастағанда бізге ауыр тиді. Ескерткішті жойғандарға қатысты ішкі істер органдары тергеу жүргізеді деген ойдамын. Құқық қорғау органдары вандализммен, қиратумен айналысқан жандарды тауып жазалайды деп ойлаймын. Олар Ақбастаудың символын жойды», – дейді. Ал Абай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ольга Цойдың айтуынша, коммунизм елесін қиратқан азаматтар заң алдында жауап беруі мүмкін. «Абай ауданының Ақбастау ауылындағы металл тұғырды рұқсатсыз бұзу жағдайы бойынша аудандық Полиция басқармасына кінәлілерді анықтау туралы өтініш берілгенін хабарлаймыз. Бұл мәселе кеше жиын барысында ауыл тұрғындарымен талқыланды. Жиын барысында жаңа естелік белгісінің тақырыбы да талқыланды», – дейді Ольга Цой. Ескерткішті қиратқандар қалай жазалануы мүмкін деген сұрағымызға әкімдік өкілі «Бұл туралы мен айта алмаймын. Залалдың моральдық сипаты басымдау», – деп жауап қатты. Қазір қыраттың басында ешқандай белгі жоқ.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы