Аймақтағы спорт әкімнің «бүйрегіне» байланған ба?
Аймақтағы спорт әкімнің «бүйрегіне» байланған ба?
160
оқылды

Спорттағы менеджменттің әлсіз тұсы кез келген спорт түрінің, спорттық клуб­тардың дамуына үлкен кедергі кел­тіреді. Спорт  жана­шырлары, жан­күйерлері тек осы жағ­дайға ұрын­­­басақ деп алаң­дайды.

Дегенмен кейінгі уақытта көп­теген спорттық іс-шаралардың басы-қасында спорттан  хабары жоқ азаматтардың жүруі қалыпты үрдіске айналды. Мұның себебі еліміздегі спорттық феде­рация­лардың басым бөлігінің тізгіні кәсіпкерлер немесе әкімдердің қолында болуымен түсіндіріледі. Олардың еліміздегі белгілі бір спорт түрін дамытуға аянбай күш сала­тынына ешкім күмән келтір­мейді. Бірақ негізгі жұмысынан қолы босамауы себебінен бас­шылықтағылар спорттық феде­рация­лардың жұмысын көмекші­леріне сеніп тапсырады. Міне, бар мәселе осыдан басталады. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, олар бапкерлер мен спорт­шылардың жұмысын жете түсінбейді. Екін­шіден, жарысты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен, жанкүйерлермен байланыс орнату ісін меңгермеген. Осы мәселелерге баса көңіл бөлінбегеннен кейін спорттық клуб ұжымдарынан, спортшылардан береке кетіп, ауызбіршілік жоғалады. Ары қарай құлдыраудың болуы қа­лыпты жағдай емей немене? Бұл мәселелер жөнінде отан­дық спорттың басы-қасында жүр­ген мамандардың да пікірін білген едік. – Өзге мемлекеттердегідей қазақ спорты­нда да күрмеуі ше­шіл­меген мәселелер шаш етектен. Бірақ жанкүйерлер бұл жайында көп біле бермейді. Ал біз шолушы және спорт журналисі ретінде еліміздегі спорт саласында инфра­құрылымның кешеуілдеп дамып жатқанын байқаймыз. Көп ай­мақта спорт саласының басшысы ретінде шенеуніктер сайланады. Олардың спорттан хабары жоқ. Сонымен қатар әкімдердің қай спорт түріне бүйрегі бұрса, сол жақсы дамиды, ал әкім орнынан кеткеннен кейін әлгі спорт дамы­май қалады. Жал­пы­лама айтсам, біздің спорт әлі күнге дейін өз бетінше өмір сүріп кете алған жоқ. Әлі де мемлекеттің қолында, бірақ мемлекеттің қа­рауында болса да, шашыраңқы қа­лыпта бас­қарыла­ды. Спортшы­ларымыздың нәти­жесі тек олим­пиада, әлем чем­пионат­тары мен Азия ойын­дарында білінеді. Жал­пы, спорт­тың бұқаралық сипаты білінбейді, – дейді спорт журналисі Есей Жеңіс­ұлы. Өз кезегінде спорт маманы Бек Төлеу де ел тарихындағы теперішке ұшыраған бірқатар клубтарға тоқталып, оларға шолу жасады. – Кеңестік елден шыққан мем­лекеттердің барлығында спорт клубтарының орта жолда банкротқа ұшырап, жабылып қалуы таңсық жағдай емес. Тәуел­сіздік алған 30 жылдың ішінде қаншама клубтарымыз жабылды. Оның ішінде қаржылық мәселеге байланысты банкротқа ұшыра­ғандар жетерлік. Басты себебі мемлекеттік, жергілікті әкімдік­тер­дің қаржыландыруында, әр жылдары басшы­лық­тың, әкімнің ауысқанына тікелей байланысты. Сол әкімнің адамы клуб басшы­лығына келеді. Содан кейін осын­дай келеңсіз жағдайлар болады. Әсіресе, футбол клубтарын бұл спорт түрін түсінбейтін балуан­дардың, боксшы­лардың басқарып кеткені жасырын емес. Қаншама жағдайлар болып жатыр. Соңғысы осы павлодарлық «Ертіс» клубы ғой. Оған дейін Алматы облы­сында «Іле-Сәулет» деген тамаша клуб болды. Ішкі біріншілікте екі жыл қатарынан чемпион атанды. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Марочкин де осы командадан шыққан. Сол секілді қараған­дылық «Тұлпар» футзал клубынан қаншама талантты қазақ жастары шықты. Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Нұрғожин секілді қазіргі үздік футзалшылар – осы команданың түлегі. Алма­тының «Қайратында» жүрген әлем­нің үздік қақпашасы Игита­ны да Бразилиядан әкелген қара­ған­дылық ұжым болатын. Сондай мықты клубтардың ғұмыры келте болды. Одан бөлек, қаншама хоккей клубтары да бірнеше рет ашылып, бірнеше рет жабылды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда бүгін атағы дүркіреген клуб ертең тарап кете салады. Біздегі жағдай әзірге осындай. Мұнымен күресу үшін клубтардың көбі жеке адамдардың, кәсіпкер­лердің қо­лына өтуі керек, – дейді Бек. Ал спорт сарапшысы Әділ Саптаев «адамның бұрын спорт­пен шұғылдануы және үлкен спорт­тық беделге ие болуы маңыз­ды емес, сол саланы жетік мең­геруі, жете түсінуі маңызды» деген ойын білдірді. Ол сондай-ақ «Ақ­төбеде» Мұрат Тілешов, «Шах­терде» Андрей Финонченко, «Орда­басыда» Қайрат Әшірбеков секілді бұрынғы футболшылардың жұмыс істеп жүргенін, бұл клуб­тың дамуына үлкен септігін ти­гізе­тінін қоса айтты. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді дана қазақ. Шыны­нда да, егер спорт саласында кә­сіби білікті мамандар жұмыс істесе, онда нәтиже де келеді, жетіс­тік­ке жетер жол да жақын­дай­ды. Оны жоғарыдағы спорт мамандары да растады. Сондық­тан әр істің басында өз маманы тұрса ғана жұмыс жемісті болмақ.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ