Президент Әсет Исекешевті жаңа қызметке тағайындады
Президент Әсет Исекешевті жаңа қызметке тағайындады
5,227
оқылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып тағайындалды, – деп хабарлайды Ақорда.

Әсет Өрентайұлы Исекешев 1971 жылы Қарағанды қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтады. 1995-1997 жылдары Медеу ауданы прокурорының тағылымдамадан өтушісі, көмекшісі, аға көмекшісі; ҰЖМБМ тыңдаушысы (1997-1998 жылдары). 1998-1999 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы, 1999-2000 жылдары ҚР Әділет министрлігі Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу және бақылау департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

2000-2001 жылдары – ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық заң қызметі» ЖАҚ президенті, 2002 жылға дейін жеке секторда жұмыс істеді. 2002 жылғы қараша – 2003 жылғы маусым – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2003 жылдан бастап, ҚР Индустрия және сауда вице-министрі. 2006 жылдан бастап – «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2007 жылдан 2008 жылға дейін – «Credit Swiss (Қазақстан)» ЖШС қаржылық жобалау маркетингі бойынша директоры. 2008 жылғы наурыз-мамыр – ҚР Президентінің көмекшісі. 2009 жылғы мамырдан бастап, ҚР Индустрия және сауда министрі. 2010 жылдың наурызынан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап – Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың 6 тамызына дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 6 тамыздан бастап, ҚР Инвестициялар және даму министрі. 2016-2018 жылдары Астана қаласының әкімі. 2018-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2019 жылдың наурызынан бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған.