Жаңа кезең басталды...
Жаңа кезең басталды...
192
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа 2020 жылмен құт­тықтауында «Қа­зақстан тарихи да­мудың жаңа кезеңіне қадам бас­ты» де­ді. Жаңа кезең басталды. Ке­лі­­­се­міз. Жаңа кезең қазақ елін­дегі би­ліктің бейбіт жолмен бол­­ған транс­фор­мациясынан бас­тау алды. Бұл тарихи істе Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев үлгі көрсетті. Ел, жұрт, аза­­­мат­тар алаңдап, артық қимыл, іс-әре­­­кет, қарекеттерге ұрын­бай, са­­бақ­­­тастық арнасы өзіне жол тап­ты.

Отыз жыл билік басында болған Елбасы мемлекетті бас­қаруды өзінің сенімді әріп­тесі Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолына ұстатты. Бұған да ел разы болды. Бөлінбей, бөлшектенбей, топ жинамай, жаңа Мемлекет басшысына қызмет етуге кірістік. Мұны біз жаңа кезең басы дедік.

2019 жылдың наурыз айы­­нан бергіде, қазақ елін­де жылы ағыс басталды. Ха­лық сайлаған Президент са­­бақ­тастық қағидаларын сақ­тай отырып, өткендегі кем­­­шіліктердің бет-перде­ле­рін жайлап аша бастады. Бұл ақжауынға ұқсас жағ­дай. Қазақ ақжауынды «жер қо­на­ғы» дейді, себебі себелеп жау­ған жауынның пайдасы зор. Ол сіңімді болады. Халық ақ­жауыннан жақсылық күтеді. Ақжауын – жақсылықтың ны­шаны, Жаратушымыздың несі­бесі. Президент қаре­кет­тері ақ жауынға ұқсас.

 

***

Кемшілігі жоқ ел бол­май­­ды. Кемшілікті көре тұ­ра көрмеу, ешқашан жақ­сы­­­лыққа бастамаған. Сон­­­­дық­­тан да жаңа кезең­де кем­шіліктерімізді аңға­ра бас­тадық. Байқасақ, тәуел­­сіз­дік­тің қызуымен, кей-кейде білместіктен, кейде надан­дық­тан жіберген кемші­лік­те­рі­міз де жеткілікті екен.

Соңғы жылдары біз кем­ші­ліктерімізді көрмеуге, еле­­меуге дағдыланып, несін жасы­райық, бос мақтанға өріс аштық. Ол – өзімізді-өзіміз алдау­сырату. Кемшілігін біл­ген, таныған ел ғана мықты бо­ла­ды. Нақтыланған кемші­лік­терді таразыға сала білу – әлсіздік емес, мықтылық, алға басушылық. Кемшілігін біл­ген ел ешкімге де жем бол­май­ды. Кемшілікті білу, тану, оның бет-пердесін ашу, бір сөзбен айтқанда, тазару деген түсінікке саяды.

Жұртқа есепсіз, қала жағ­­­­дайын ескерусіз салы­на бас­та­ған LRT-ны Президент­тің сынағаны ұнады. Бюджет қара­жаты текке рәсуа болға­нын халық білді. Жоба деген ұғым жөн-жосықсыз, ғы­лы­ми не­гізсіз іске асып жат­­қан­да­­рын зиялы қауым өкіл­де­­рі бі­ле­тін, бірақ соларды ашып айтуға мемлекеттік басы­лым­дардың пәрмені жете бер­мей­тін. Ендігі жерде, яғни жаңа кезеңде сыншылдық та­зарудың бір факторына ай­­нал­ды. Нағыз сабақтастық сын­­шылдықты қажет етпек. Нұр-Сұлтан қаласы, оның кей­бір инфра­құрылымдары тура­лы айтылған сын Прези­дент аузы­­нан шыққан­да бір сер­гіп қал­дық. Бұл – биліктің ха­лық­қа жа­қындығының кө­рі­­­нісі.

 

***

Әуе жолдары туралы мем­лекет басшысының баста­ма­сымен халықтың тынысы ашыл­­ды. «Ашық аспан» деп аталатын тұжырым әуе жол­­дарын халық игілігіне пай­­да­ланғандағы бірден-бір мүм­кіндік болып отыр. Қазір­гі кезде Fly Arystan об­лыс орталықтарымен ерек­ше қызмет атқарып жүр. Тек іші­міз­ден «тәуба» деп қоя­мыз. Ойы­мыз Fly Arystan ком­па­­ния­сы осы мінезінен, пиғы­лы­нан, қарекетінен жаңылып қалмаса екен.

Тәуелсіздіктің алдыңғы жыл­дарында Елбасымен бол­ған бір кездесуде айтып едік, Қазақстан территориясы – ұлан-ғайыр. Батыс Қазақ­стан облысының Ресейге жа­қын елді-мекенінен Ая­гөз­­дің Қытайға жақын бір елді-мекенінің арасы – 3 мың шақырымдай жол. Осы ке­ңіс­тік­ті Boeing ұшағы 6 са­ғатта игереді. Демек, тәуел­сіз елдің аза­маттары бір-бірімен тығыз араласуы қажеттілік болса, логистиканы жетілдіруіміз керек деп едік. Кеш болса да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша біршама іс атқа­рыл­ды. Заманауи жолдар са­лын­ды. Олар Қызылорда, Шым­­кент, Тараз, Алматы т.б. елді мекендер арқылы созы­лып, «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» деген атауға ие бол­ды. Бұл жолдың ұзындығы – 2 700 шақырым. Осындай жол елордадан Бурабайға, Көк­шетауға, Петропавлға және Павлодарға тартылды. Енді­гі жерде, биылғы өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына орай, Семей қала­­сынан ақынның жатқан жері Жидебайға дейін 180 шақы­рым жерді «Абай даңғылы» деп атап, төрт жолақты жол салса, ақын, ойшыл мерейтойынан халыққа, әсіресе жергілікті халыққа жасалған зор құрмет болар еді. 180 шақырым жол­да үш тұлғаның туып-өс­кен мекені бар. Ол – хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемең­гер Мұхтар. Егер осы жол зама­науи төрт жолақты және электр қуатымен жарықталған бол­са, туризмнің қақпасы ке­ңі­нен ашылар еді. Дәл осын­дай қажеттілік Шым­кент қаласы мен қасиетті Қо­жа Ахмет Ясауи жатқан Түр­кістан қаласына, қазіргі об­лыс орта­лы­ғына тартылса де­ген ізгі тілек бар. Жалпы, ло­гис­ти­каға кеткен қаражат есе­леп қайтатынын әрбір эконо­мист жақсы біледі. Мәселе, батыл шешім қабылдауда.

 

***

Жаңа кезең дегенде мүл­дем артта, кенже қалған логис­ти­каның бір түрі – халықты теміржолмен тасымалдау ісі. Бұл сала Кеңес үкіметі кезінде де артта қалған еді. тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарай қадам бастық. Бірақ темір­жолмен жұртты тасы­мал­дау нашар халде. Ел астана­сынан Семейге баратын пойыз 18 сағат жүреді. Ал осы қа­шық­­тықты автокөлікпен жүр­сеңіз, 7-8 сағатта жетесіз. Сонда неге пойызға мінген ха­лықтың 10 сағат уақыты рәсуа болмақ? Ойыма Токио­дан Хиросимаға барған са­пар орала береді. Токио мен Хиросима арасы – 900 шақы­рым. Біз Токиодан таңғы шайы­мызды ішіп, жүрдек пойыз­ға отырып, Хиросимаға барып, музейлерді аралап, қай­тып келіп, Токиода 11-де кешкі асымызды іштік. 1 800 шақырым жол жүріп қайт­тық. Шаршамадық. Се­бе­бі пойыз жүрдек және жай­лы (сағатына 300-ден аса шықырым) болатын. Нұр-Сұлтаннан Семейге дейінгі жолаушылар пойызының неге ұзақ жүретінін сұрастырып білгенімізде, біріншіден. ком­­мерциялық жүк тиелген пойыз­дар жүреді, ал жолау­шы­­лар мінген пойыз – екінші кезек­те Мұны қалай түсінуге бо­лады? Президент құрған Ұлт­­тық комиссия осындай мә­се­­лелерге де назар аударады деген ойдамын.

 

***

Президенттің Парламент­те­гі оппозиция туралы сөзі қат­­ты ұнады. Ғажап, терең ой. Қолымыз жетпей жүрген мә­селе. Бізге қажеті осы еді. Сенаты депутаты болып жүр­­ге­­німде, мен үшін бұл ең зәру мәселе еді. Жеке шығып сөз айтсаң, басың «пәлеге» қала­ды. Бәріміз бірдей қол көтеруіміз, бәріміз бірдей бір шешімге келуіміз керек, сонда Парламенттің не қажеті бар? Үкімет не айтса, соны орын­дап жүре бермейміз бе? Жағ­дай өзгерді. Жаңа кезең бас­талды. Парламенттік оппо­­зиция қажет деген билік аузы­нан сөз шықты. Жаңа пар­тиялар құру үшін, қол қою­шылар саны 40 мыңнан 20 мыңға шегерілді. Бюрократия азайды. Президент айтқандай, пар­тиялық «құрылыстың» жа­ңа кезеңі басталмақ, ол де­г­еніміз –партиялар элек­то­рат үшін өздері бір-бірі­мен бәсекеге түсулері керек. Сонда, сапалы партиялар же­ңіп шығып, Парламентке ке­ліп, онда да сол бәсекелестік не­­гізде елдің, мемлекеттің, білім­­нің, ғылымның, тәрбие­нің мәселелері шешілуі керек. Мұндай жағдайда, ауданның, қала әкімдерінің бір партияда болуы – түсініксіз жағдай. Әкімдер барлық партияларға ортақ болулары тиіс. Мен сияқ­ты ақсақалдар да бар­лық партияларға ортақ бол­­­­­ған­дары жөн. Партия құру­­­­­шы­лар өз араларында бә­­­­­се­­­келестік орнатып, та­быс­­­­ты істерді мақсат-мүд­де­­­­сіне айналдырулары қа­­жет. Себебі барлық пар­тия­­­­­лардың мақсаты – бір. Ол – тәуелсіздікті, мем­ле­­кет­ті, ел бірлігін ны­ғайту. Осы істерді атқаруда іс-тәсіл­дері, қимылдары әртүрлі болу­лары табиғи жағдай, себе­бі бізде нәсілдік, дін­шіл­дік идеологияларды на­си­хаттайтын партия болуы мүм­кін емес. Бұл – Консти­ту­ция бойынша шектелген шара.

 

***

Мемлекет басшысы ха­лық­қа арнаған Жолдауында және Қазақстан халқын жаңа 2020 жылымен құттықтауында бір аса маңызды идеяны қай­­та­лады. Ол – «Алтын Ор­да­­ның 750 жылдығын мем­ле­кет деңгейінде атап өте­тін бол­дық» деген сөз. Бай­қай­мын, жұртшылық бұл ин­но­­вациялық идеяға жіті мән бермеуде. Алтын Орда – күні кешегі өзіміздің төл та­рихы­мыз. Алтын Орда – ата-ба­­баларымыздың қызмет еткен, өмір сүрген, ғұмыр кеш­кен кеңістігі. Сондықтан Алтын Орданың 750 жылдық тойы – халқымыздың төл мере­кесі, төл тарихы. Бұл мере­ке, әсіресе мектептерде, жоға­ры оқу орындарында, бір сөзбен айтқанда, жастар­дың ортасында ерекше тойла­нуы керек. Алтын Орда Кеңес заманында бізден сон­ша­ма алыстатылды. Біз Алтын Ордаға мейлінше жақын­да­уы­мыз керек. Мұны жастардың санасына сіңдіру – аса маңыз­ды шаруа.

 

***

Әбу Насыр әл-Фараби – Х ғасырда өмір сүрген ғұлама. Сол замандағы, тіптен, қазіргі замандағы ғылымдардың бәрі­не қатысты еңбектер жазып қалдырған елімізде оның бай мұрасын жиып-теріп алға­нымыз жоқ. Бұл – бір. Екін­шіден, тіпті қолымызға жеткен нұсқалардың өзін саралап, ғылыми негізде жүйе­ле­ме­дік. Әл-Фарабидің ғылым тари­хындағы орнын, оның кім болғанын анықтау қажет. Әл-Фараби – хакім, ғұлама, ой­шыл, данышпан, бірақ фи­лософ емес. Әл-Фарабиді екін­ші ұстаз деп айтудың мә­нісін білген жөн. Әл-Фа­ра­би ешқашан да (білуші бір Алла), менің ойымша, Арис­то­тель­ді бірінші ұстаз деп мо­йындамаған. Ол «Алла – бір, Пайғамбар – хақ» дейді. Әл-Фараби мұсылмандық жол­дан шықпаған. Оның ұстазы – Пайғамбар. Құран Пайғамбарымызға түскен. Ол Құранды насихаттап, мұ­сыл­­мандарға ұстаз болған. Пай­­ғамбар сөзін ары қарай ғылы­ми негізге салушы – әл-Фа­раби. Сондықтан оны за­ман­дастары «екінші ұстаз» деп атаған. Шәкәрім қажы «Әулие білгіш айтты деп жа­зыл­ған талай қате көп» деп еді. Кітапхана сөрелерінде қате-қате жазылған кітаптар жә­не оларды жазған адамзатты адас­ты­рушы білгіштерге тұнып тұр.

Сананы саралайтын да уақыт жетті.

 

Ғарифолла ЕСІМ,
академик