Құны миллион, нәтижесі төмен
Құны миллион, нәтижесі төмен
159
оқылды

Transfermarkt порталынан бірқатар қазақстандық фут­бол­шылардың трансферлік құнының жоғары екеніне көз жеткізуге болады. Сол фут­бол­шылардың ойынына қара­саң, олардың кейбіреуінің ба­ға­сына лайық өнер көрсетіп жүр­мегенін, тіпті еуропалық ор­таң­қол клубтардың футбол­шыларынан да жоғары баға­ланып отырғанын байқайсың. Ал егер аталған футболшылар шетелде ойнаса, трансферлік құнының мұншалықты шарық­тауы екіталай болар еді. 

Әрине, біріншіден, шет ел клуб­­тарының көпшілігі біздің фут­болшыларды мұн­дай қомақты ақ­шаға сатып алмасы анық. Екін­шіден отандастарымыз­дың деңгейі тө­мен болғандықтан ба екен, көбі­несе ойын мәнері де еуропалық клуб­тардың талабына сай келмей жатады. Бірақ шет ел асатын фут­бол­шыларымыздың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Тек біз­дікілердің бағасының шарықтап тұрғаны болмаса... Бұл ретте әйгілі германиялық transfermarkt порталы жыл сайын әлемдегі футболшылардың тран­сферлік бағасын тұрақты түрде жариялайды. Оның ішінде қазақ­стандық футболшылар да бар. Осы­ған орай біз қазіргі уақыттағы Қазақстандағы бағасы қымбат 10 мықты ойыншыны назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Ол үшін әдет­тегідей transfermarkt сайтының кө­мегіне жүгіндік. Сонымен, қазақстандық ең қым­бат ойыншы кім? Бұл көшті мәскеулік ЦСКА командасының не­гізгі ойыншысы Бахтиер Зайнут­динов бастап тұр. Оның қазіргі трансферлік бағасы – 3,5 млн еуро. Екінші орынға «әл-Айн» коман­дасының ойыншысы Бауыржан Исламхан жайғасқан. Отан­дасымыз­дың трансферлік бағасы – 1,8 млн еуро. Ал Қазақстан біріншілігінде доп тебетін футболшылардың ара­сында «Қайрат» командасы ойын­шыларының трансферлік бағасы жоғары. Атап айтқанда, Нұралы Әліп («Қайрат») – 1,7 млн еуро, Стас Покатилов («Қайрат») – 1,5 млн еуро, Айбол Әбікен («Қайрат») – 1,3 млн еуро және Ғафуржан Сүйім­баев («Қайрат») 1,3 млн еуроға бағаланып отыр. Байқа­ған­дарыңыз­­дай, тізімдегілердің басым бөлігі Алматының клубында доп тебеді. Сонымен қатар елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобыл» командаларының футболшылары да «қымбат» футболшылардың тізіміне енген. Мысалы, Абзал  Бейсебеков («Астана») – 1,2 млн еуро, Дмитрий Мирошниченко («Тобыл») – 1,2 млн еуро, Сергей Малый («Тобыл») – 1,2 млн еуро, Роман Мұртазаев («Астана») – 1,2 млн еуро, Асхат Тағыберген («Тобыл») – 800 мың еуро. Сондай-ақ Қазақстан құрама­сының шабуылшысы, таяуда ре­сей­­лік «Крылья Советов» коман­да­сына ауысқан Абат Айымбетовтің трансферлік бағасы 1,5 млн еуроға дейін өскенін атап өткен жөн. Одан өзге шет ел біріншіліктерінде доп тебетін қазақстандық футбол­шылардың арасында Дмитрий Шомко  («Ротор») мен Александр Меркелдің («әл-Файсали») бағасы – 1,5 млн еуроға дейін көтерілген. Жақында елордалық клуб сапынан «Роторға» ауысқан Юрий Логвиненко 400 мың еуро, «Беерс­хот» командасында ойнайтын Ян Вороговский 750 мың еуро, ресейлік «Чайка» клубының ойын­шысы Рамазан Оразов 350 мың еуро, «Ротордың» су жаңа шабуыл­шысы Алексей Щеткин 600 мың еуроға бағаланды. Ал бұған дейін ресейлік «Химки» командасында доп тепкен Исламбек Қуаттың трансферлік бағасы аталған сайтта 1,2 млн еуро деп жазылған. Ойын­шы қазіргі уақытта жаңа команда іздеу үстінде. Біздегі көптеген спорт маман­дары «ҚПЛ-да өнер көрсететін қазақстандық футболшылардың жалақысы жақсы. Сол себепті жер­гілікті ойыншылар шетелге барып ойнағысы келмейді. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені ортаңқол шетелдік клубтардың көпшілігінде айлық аз төленеді» деген пікірді алға тартады. Ал спорт журналисі Өмірбек Сансызбай қазақстандық футбол­шы­лардың шетел асқанын жан­күйерлердің көбі қалайтынын, футболшылардың да еуропалық клубтарда ойнағысы келетінін, бірақ түрлі кедергілер бар екенін айтады. – Футболшылар шетел асуға не кедергі барын өздері де білмейтін секілді. Әйтпесе тәуекел етіп неге көрмеске? Иә, белді басып, шетел асып қайтқандар да бар, жоқ емес. Бірақ саусақпен санарлық. Тәуекел ету үшін кей факторлардың да әсері бар. Оның бірі – жалақы мәселесі. Көбі отандық клубтарда ойнап, материалдық жағдайын мықтап алғысы келеді. Мықтап алдым дегенде жасы келгенін аңғармай қалады, болмаса «болдым, толдым» деп тоқтайды. Тағы бір әсер етуші фактор – көзге түсе алмау. Шетелдік клуб мамандарының назарына ілігу оңай емес. Қазақстан Премьер-лигасының деңгейі біз үшін жо­ғары­лап келе жатқанымен, олар үшін орнында тұрғандай көрінеді. Дегенмен көзге түсуге мүмкіндік мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Ұлт­тық құрамада ойнау, еурокубоктық ойындарда озық ойынымен неге ерекшеленбеске? Тіпті, қазір әлеу­меттік желі арқылы да талантыңмен тас жаруға болады. Қолдайтын БАҚ бар, – дейді Өмірбек. Ол сонымен қатар қазір Ресей чемпионатында доп теуіп жүрген отандастарымыздың қатары артып келе жатқанын, оған Еуразиялық экономикалық одақ әсер еткенін айтады. Яғни, сол елдің футбол­шылары біздің елде де легионер саналмайды. Сондықтан да жер­гілікті ойыншыларымыз шетелге кетуге талпыныс жасап жатыр. Иә, бұл да болса футболымыз­дың ілгерілеуіне септігін тигізері анық. Қанша дегенмен Ресей чем­пионатының деңгейі біздікінен жоғары екенін ескерсек, онда сон­да доп теуіп жүрген талантты қазақ­стандық футболшылардың қарт құр­лыққа қадам жасауына бір мүм­кіндік болары хақ. Бастысы, отан­дастарымыз тасада қалып қоймай, өздерінің қарым-қабілеттерін, дең­гейін толықтай көрсете алуын­да. Сонда ғана көп өтпей олар жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Оның жарқын дәлелі – Бақтиер Зайнутдинов пен Ян Вороговский. Егер көш жалғасын тауып, ойын­шы­ларымыз сұранысқа ие бола бастаса, алдағы екі-үш жылдықта қазақстандық футболшыларды да Еуропаның үздік клубтарының сапынан көріп қалуымыз әбден мүмкін.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ