Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтті
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтті
470
оқылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 180 спортшы қатысты.

Жарыс Qazaq kuresi қауымдастығы бекіткен қазақ күресі ережелері бойынша өтуде. 26-сы күні жалауын көтерген үш күндік боз кілемдегі бәсекеде еліміздің 17 құрамасының балуаны -38, -42, -46, -50, -55, -60, -65, 70, -75, +75 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатыр, – деп жазады astana.gov.kz.  Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің  төрағасы Серік Сәпив, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және «Құрмет» орденінің иегері,Еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Нұғымаров қатысты. Бақтияр Мәкенұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, -50,-55,-60,-65 келіде жеңіске жеткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады. «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған қазақша күрес сайысына қош келдіңіздер. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі түрде өтетін қазақша күрес өзінің деңгейінде өтуде.  Елбасымыз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлттық спорт түрлерін соның ішінде, қазақ күресін олимпиялық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек. Қазақ спортын дамытуға баршамыз үлес қосуымыз қажет» деп айтқан болатын. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақтың ұлттық спорт түрлерін лайықты жоғары деңгейде көрсету керек», – деп үлкен мақсат қойды. Сондықтан біздің әрқайсымыздың міндетіміз – қазақ спортының дамуына өз үлесімізді қосу. Сондықтан да бүгінгі жарыста мына жас спортшыларға үлгі болып жүрген барша азаматтарға сәттілік тілеймін», – деді Бақтияр Мәкен. Жарыстың бас төрешісі Болат Ақжігітов карантинге байланысты әр өңірден өз салмақтары бойынша бір-бір спортшы іріктеліп алынғанын айтты. «Чемпионатқа әр облыстан бір бір спортшы ғана жолдама алды. Жарыс барлық санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережесін сақтай отырып өткізілуде.  Жарысқа рейтингтен өткен, арнайы шақырылған үздік 20 төреші төрелік етті.  Барлық балуандардың дайындық деңгейі жақсы, бәрі бір деңгейде, себебі бір жылдан кейінгі бірінші жарысымыз болғандықтан біраз спортшыларымыздың салмақтары өсті. Барлығы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды», – деді Болат Ақжігітов. «Қызылорда облысы Қызылорда қаласынан чемпионатқа келдім. Жарысқа карантин режимінде дайындалдық. Сол жағынан қиындықтар болды. Бүгін жарысқа келген спортшылардың барлығы мықты, ешкім осал болмады. Белдесуде менің қарсыластарым мықты болды. Бүгін менің бағым мен бабым шауып осы жарыста жеңімпаз атанып, 1-орынды иелендім. Ақтық сында мен  Жамбыл облысының балуанымен белдестім және оны айқын басымдықпен жеңдім», – деді Қызылорда облысының балуаны Шейхрахман Бауыржанұлы. Чемпионатты Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Qazaq kuresi қауымдастығы ұйымдастырды.

Бұған дейін астанадағы Жекпе-жек сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілгенін хабарлаған болатынбыз.