Қазақстандық әлем чемпионы моншада тұруға мәжбүр болған
Қазақстандық әлем чемпионы моншада тұруға мәжбүр болған
196
оқылды

Бұл жайында Фируза Шарипова Azattyq ruhy-на берген сыр-сұхбатта айтып берді.

Ол қазірдің өзінде 58,9 келі салмақта IBO және WBC Silver-дің әлем чемпионы, 61,2 келі салмақта WIBA және WBU-дың әлем чемпионы, сондай-ақ, 63,5 келі салмақта IBA-ның әлем чемпионы саналады. Таяуда ресейлік боксшы Софья Очигавамен қарымта кездесу өткізбек. Одан есе қайтарса, алда ирландық боксер қыз Кэти Бриджет Тэйлор мен әлемнің абсолютті чемпионы атағы күтіп тұр. Ол кәсіби боксқа жақында, 2016 жылы келді. Бірақ, жетістіктері ғаламат. Әйткенмен, Фируза ірі демеуші таппай жүрген көрінеді. – Фируза, сіз өзіңізді кіммін деп санайсыз, қазақстандық па, әлде шетелдік пе? – Қазақ жерінде дүниеге келдім, осында өсіп-жетілдім. Қазақстан азаматымын. Мен – өз елімнің патриотымын! Жалпы, адам бойындағы адалдық пен шыншылдық қасиеттерін ұнатамын, әрі ардақ тұтамын. Өзімді жалған емес, нағыз патриот деп есептеймін. – Кәсіпқой боксшы ретінде жолыңыз қалай басталды? – 2016 жылғы мамырда сол кездегі Астана қаласында қыздар арасында бокстан Әлем чемпионаты өткені белгілі. Жаһандық жарыс шарты бойынша жеңімпаздар Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Мен ол сайысқа ілікпедім. Содан болашақ менеджерім, рас, ол кезде біз таныс емес едік, Сергей Константинович (Завилейский) маған қоңырау шалып, Мәскеуде Софья Очигаваға қарсы жекпе-жекте бағымды сынауды ұсынды. Мен бірден келістім. Себебі, әуесқой бокста жаттығып жүргенде, біздің тренеріміз әрдайым Софьяны және Кэти Тэйлорды үлгі ететін. Ол біздің салада жұлдыз болып есептеледі және бәрі соларға қарап, бой түзейтін. Осылайша мен кәсіпқой боксқа ауысып кеттім. – Содан бері қандай да бір өзгеріс бар ма? – Төрт-бес жыл бұрын, кәсіпқой бокста дебютім болғанда, моншаның кіреберісінде тұруыма тура келді. Өйткені, Мәскеуге қаражатсыз, ештеңесіз келдім. Қазір менің тұтас командам бар. Ешқандай қаржылық та, моральдық та қолдау болмады. Өте ауыр тиді: 7 жекпе-жек өткіземін, гонорар төлемейді. Өз менеджерімнің моншасында өмір сүруге мәжбүр болдым. Оның шағын қонақ күтетін үйі болатын. Менеджерімнің отбасы тамақтандырып жүрді. Қолдағаны үшін оған алғыс айтамын. Осы жағдайыма қатты налитынмын. Қазақстанның қызымын, елімнің намысын қорғап жүрмін. Ал мені елімде ешкім де елемейді. – Менеджеріңіз қашан сізді байқап, қанатының астына алды? – Мен Софья Очигавамен жекпе-жекке Мәскеуге бардым, бірақ одан жеңіліс таптым. Тәжірибем тым аз еді. Ал Сергей Константинович сол тұста Софьяның менеджері болатын. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін ертесіне ол телефон соғып, ынтымақтасуды ұсынды. Екі аптадан кейін Мәскеуге дайындыққа кірісуге ұшып бардым және соның қонақ күтетін үйінің моншасында қалып қойдым. Ол, әрине, өз үйіне түсуге шақырды. Алайда, оған төлейтін ақшам жоқ болғандықтан оның отбасына ауыртпалық түсіруге, кіріптар етуге ұялдым. [caption id="attachment_118272" align="aligncenter" width="1303"] width= Фото: zakon.kz[/caption] Кейіндері азын-аулақ табыс тапқан соң, жеке пәтер жалдап тұрдым. Әлеуетімді аңғарып, жақсырақ жағдай жасай бастады. – Жалпы, қоғам сом жұдырықты әйелдерге қалай қарайды? – Бүгінде әйелдер барлық жерде жұмыс істейді, әлдекімді таңғалту қиын. Мысалы, қыздардың штанга көтеріп, ауыр атлетикамен айналысатыны мені қайран қалдырады. Немесе UFC-қа барып, бірі-бірімен аяусыз төбелесіп жатады. Ал бокс – классика, өнер. Шаршы алаңға шыққанда, бар шеберлігіңді көрсетуің керек. Бокста қатаң ережелер бар. – Сіз ешқандай қолдау көрмегеніңізді айтып қалдыңыз. Елге деген өкпеңіз бар ма? Ата-анаңыздан үнемі алыста жүргеніңізге алаңдайсыз ба? – Отбасымнан алыс жүргенім қабырғама қатты батады (көзіне жас алып, қыстығып сөйлей алмады)... Ата-анамды сағынамын, олардың ыстық құшағы жетіспейді. Әдетте, спортшылар жеңімпаз болып оралатынына деген сеніммен жарыстарға аттанады. Ал мен болсам, өз бетімше биікке көтерілемін деген үмітпен белгісіз жаққа кеттім. Ешқандай қолдауым, қаражатым болмады. Осының бәрі есіме түскенде, толқып кетемін. Жаратқан Иеге мың алғыс, қаншама ауыр жағдайға тап болсам да, тұйықтан шыға алып жүрмін. Екінші отбасыма айналған командама ризамын. Дұрыс ақыл-кеңестерін береді, қолдан келгенше қарасады.

Бір оқиға есіме түсті. Елордада 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан тұста, жекпе-жегім өтетін болды. Отбасым мені қолдауға келуге тиіс-тін. Әке-шешемді ұзақ көрмегенмін, соларға қарай құстай ұштым. Оларды жекпе-жектен артық күтіп жүрдім. Сол кезде мен туралы фильм түсіріліп жатқан. Операторлар қалмай еріп келеді. Мен кездесетін бөлмеге жүгіріп келемін. Алдымнан әкем ғана шықты. Құшақтап жатырмын. «Анам қайда?» деп сұраймын таңқалып. «Ол базар аралап кетті», – демесі бар ма?! Мен қатты қапаланып, жылап жібердім. «Қайдағы базар? Мені сонда сағынбағаны ма?» деймін.

Әкем де жылап жіберді. Сөйтсем, ағам апатқа ұшыраған екен, ес-түссіз жатқан, анам соның қасында қалыпты. Командамдағылар да, отбасы мүшелерім де мені алаңдатпау үшін ол жайында тіс жармапты. Менеджерім мен үшін маңызды екенін көріп, жандәрмен билет алғызды. Нәтижесінде, жекпе-жек басталғанға дейін анам келіп үлгерді. Қандай қиын жағдай болса да, отбасымнан қолдау көретініме сенемін. Қынжылтатыны сол, әрбір сайыс сайын бір кедергі шыға келеді. Не тосыннан жарақат аламын, не қарсыласым келе алмай қалады. Былтыр пандемия және шектеу шаралары көп тосқауыл болды. – Теріс пікірлерге көзқарасыңыз қандай? Баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері негізсіз жала жауып, жамандағанын айтып қалдыңыз. Не үшін? – ЭКСПО-2017 аясындағы жекпе-жекте бізге «Самұрық-Қазына», Алматы әкімдігі қолдау көрсетті. Бюджетіміз жақсы болғандықтан осы іс-шараны жарнамалауы, насихаттауы үшін кейбір БАҚ өкілдеріне ақы төледік. Олар бәрін мақтап көрсетті, жақсы пікірлер жазды. Бұл тапсырыс материалдары болатын. Біз ақы төлеуді тоқтатқанымыз сол, ақпарат құралдары дереу мені қорлап, күстәналай бастады. Тактикамды да аясыз сынады, өзімді де іске алғысыз етті... – Бокстан әлем чемпионы ретінде сіз өзіңізді қорғай аларсыз, ал өзге әлсіз әйелдерге ерлерінің зорлық-зомбылық көрсеткеніне қалай қарайсыз? – Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасының қабылдануына жол бермегені, оны жойғызғаны дұрыс болмады деп ойлаймын. Оның аясында отбасын ойрандайтындар жазаланатын еді. Мен әйелге қол көтеретін еркектерді түсінбеймін, ондайларды ер адам деп есептеуге болмайды. Қыз, келіншек, әйел, ана – ұлттың болашағы ғой. Ұлттың болашағына балта шапқанмен бірдей. Нәзік болмыс иелерін алақанға салып аялау, бағалау керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтудың өзі жағымсыз. Ондай қаскүнемдікті айыптаймын және түбегейлі қарсымын!   https://youtu.be/r7qMDHUyS8w