TikTok түсіргені үшін мұғалімді жұмыстан шығарған
TikTok түсіргені үшін мұғалімді жұмыстан шығарған
189
оқылды
Мұғалім өзін жұмыстан заңсыз шығарды деп есептейді. Оның айтуынша, мектеп директоры мен бас бухгалтер қатысқан қылмыстық істі ашқаны үшін олар осылай кек алған. "Уральская неделя" порталының жазуынша, Сандуғаш Бисенғалиеваны денсаулығына байланысты демалыста жүрген кезінде жұмыстан шығарған.
"Мен 15 сәуірде денсаулығыма байланысты демалысқа шықтым. 16 сәуірде мені жұмыстан шығарған. Ескерту болған жоқ. Осы жылдың қаңтарында біз мектеп директоры Айдана Давлетованың және бас бухгалтер Алексей Бердниковтың қылмыстық әрекетін аштық. Біз, төрт мұғалім, құқық қорғау органдарына шағым жаздық. Содан бері маған тісін қайрап жүр. Мұны маған кек ретінде жасағанына сенімдімін", – дейді Сандуғаш Бисенғалиева.
Педагогтің айтуынша, ол облыстық Еңбек инспекциясына және Теректі аудандық Білім басқармасының басшысына шағым жазған. Меңгеруші оның TikTok видеосында жаман, әдепсіз немесе қорлайтын ештеңе жоқ деп санайды.
"Мен ән айтып, видеоға билеген кездерім болды. Балағат сөздер мен біреуді қорлайтын ештеңе айтпадым. Кез келген адам менің парақшама кіре алмайды, өйткені шектеу қойып тастағанмын. Мектеп директоры Айдана Давлетова менің видеоларымды қалай, қайдан алғанын білмеймін. Ол видеоларды мұғалімдер отырған топтарға таратып қана қоймай, мені қорлады. Мұнда этиканы бұзып тұрған мен емес, ол", – дейді мұғалім.
Ал  Балалар музыка мектебінің жетекшісі Айдана Давлетова заңға қайшы ештеңе жасамағанына сенімді. Ол Сандуғаш Бисенғалиеваға TikTok-тағы видеолары үшін бірнеше рет ескерту жасағанын айтты.
"Мен Сандуғашқа қарсы заңсыз ештеңе жасағам жоқ. Оның видеосы педагогикалық этикаға қайшы. Бес ай бұрын оған бір рет ескерту жасадым, содан кейін қатаң сөгіс бердім. Ол тыңдамады, содан оны жұмыстан шығаруыма тура келді", – деді Айдана Давлетова.

Басылымның мәліметіне сүйенсек, Теректі ауданының білім беру бөлімі бұл жағдайдан хабардар, мән-жайды анықтауға уәде берген.