Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігеріне сөгіс берілді
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігеріне сөгіс берілді
256
оқылды
Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовқа сөгіс жарияланды. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов мәлімдеді. Артур Платоновқа сайлаушылар тарапынан шағым түскен. Азаматтардың айтуынша, министрлердің орынбасарлары, өңірлердегі шенеуніктер қандай да бір мәселелер бойынша азаматтармен кездесу барысында партиялық міндеттемелерді орындаудан жалтаратын жағдайлар кездеседі. «Адамдар қазір өздеріне оңай емес екенін, бәрі қымбаттап жатқанын айтады. Төсбелгі тақпайтын шенеуніктер бар. Демек, партияның қазақстандықтардың игілігіне бағытталған міндеттемелері  оларға қатысты емес пе? Азаматтарды осы мәселе алаңдатады. Сіз төсбелгі тағып жүруді партияның мүшесі екенімен, партияның міндеттемелерімен байланыстырасыз. Кейбір шенеуніктер мұны ескермейтіндей. Алайда партия азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы маңызды істі оларға сеніп тапсырды емес пе?», – дейді ол. 2019 жылғы 21 тамызда Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның басты бағдарламасының негізгі тезистерінің бірі  дәрежесіне, лауазымына, мәртебесіне қарамастан партиялық тәртіпті, сайлаушылар алдындағы жауапкершілікті арттыру екенін мәлімдеді. Оның ішінде тәртіп және өзінің партияға қатысы бар екенін көпшілік алдында көрсету, партияның нышанына құрмет көрсету мәселелері еді. «Сонда кейбір мырзалар азаматтардан өз жұмысы үшін ұяла ма? Партия міндеттері оған сай келмей ме? Сол үшін төсбелгіні кию ыңғайсыз ба? Әлде костюміңізді құртып алғыңыз келмей ме? Сонда сізге кресло ғана ұнай ма? Партияны дамытуға арналған бағдарламалардың кейбіреулерге қатысы жоқ сияқты. Мақсаттары да. Егер сіз партияда болсаңыз, бірақ ол туралы ұмытып кетсеңіз немесе маңызды лауазымда істеген ісіңіз үшін ұялсаңыз, онда партия сізге сенуден бас тартуы мүмкін. Әсіресе, бұл  партиялық тәртіпті, партиялық бағдарламада қойылған міндеттерді жүзеге асыруға дайын емес адамдарға қатысты», – деп жазды Мәжіліс депутаты Артур Платонов әлеуметтік желідегі парақшасында. Мәжіліс депутаты  өтініш білдірушілерге алдағы уақытта да партияның сайлауалды уәделерінің іске асырылуын қатаң қадағалайтын боламыз деп уәде берді. «Өз міндетіне сыртқы және ішкі көрінісімен сай болып, жауапкершілікпен қарау туралы мәселеге келсек, партия Төрағасының «Nur Otan» партиясының мүшелері болып саналатын саяси қызметшілердің партиялық рәміздерді міндетті пайдалануы туралы тапсырмасын орындау туралы мониторинг қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау вице-министрі Е.Қиясов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Жаханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары М.Қиқымов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ш.Буктугутов, Жезқазған қаласының әкімі Қ.Әбсаттаров  партиялық рәміздерсіз жүруді қалайтыны белгілі болды.  Осыған байланысты "Nur Otan" партиясының мүшесі Е.Қиясовқа ережені жүйелі түрде бұзғаны үшін сөгіс, ал "Nur Otan" партиясының мүшелері Б.Жахановқа, Қиқымовқа, Ш.Буктугутовқа және Қ.Әбсаттаровқа ескерту жарияланды», – деді ол.