Аяғы мен қолы ампутацияланған Ақтөбе тұрғыны өңірдегі жағдайды ирониямен жеткізді – видео
Аяғы мен қолы ампутацияланған Ақтөбе тұрғыны өңірдегі жағдайды ирониямен жеткізді – видео
169
оқылды
Аяғы мен оң қолынан айырылған Ақтөбе тұрғыны Саламат Болатов қала көшелерін салатын құрылысшыларға өзі тұрып жатқан жердегі жағдайды ирониямен жеткізді. Жас жігіттің айтуынша, бірнеше күн бұрын Пожарский және Рысқұлов көшелерінің қиылысында су толған үлкен шұңқыр пайда болған. 23 сәуірде бұл шұңқырға өздігінен шыға алмайтын көлік құлаған. Осыдан кейін ол бейнехабарлама түсіріп, жергілікті билікке жағдайды жеткізуге шешім қабылдады. Ол оқиға орнына келіп, аяғын шұңқырға түсіріп отырған күйінде өтінішін айтты.
"Қазақстандағы жол салатындардың барлығына алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар аквапарктерге, саябақтарға және сауда орталықтарына бара алады. Біздің саулығымызға үлкен үлес қостыңыздар. Бассейн үшін рақмет. Бірақ менің аз ғана өтінішім бар. Пандус қойыңыздаршы, әйтпесе түсу ыңғайсыз. Бұл өтінішімді естисіздер деген үміттемін", – деп жазды Болатов Instagram-да.
Ақтөбе әкімдігі хабарлағандай, шұңқыр жүк көлігінің кінәсінен пайда болған.
"Шойын қақпақтың бөліктері құдыққа түсіп, ысырманы зақымдаған. Осыдан кейін су аға бастаған. Кезекші бригада келіп түскен сигналға жедел жауап берді. Ағып жатқан суды тоқтатып, салдарын жою үшін шаралар қабылданды. Қоршау және ескерту  белгісі қойылды. Кейіннен бұл аймақта шұңқыр пайда болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шөгу орнын толтыру бойынша шаралар қабылдау үшін басқа кезекші топ шұғыл түрде аталған мекенжайға барды. Қажетті шаралар қабылданды", – деді әкімдіктен.