Ынтымақтастық нығая түседі
Ынтымақтастық нығая түседі
207
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапония Парламенті Өкілдер палатасының спикері Тадамори Ошимамен келіссөз жүргізді. Бейнеконференция байланысы арқылы өткен кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен парла­ментаралық диалогті нығайту мәселелері сөз болды.

Мәжіліс Спикері Жапония – Қазақстан үшін Азиядағы маңызды стратегиялық серіктес ел екенін, қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог орнап, ынты­­­мақ­тастықтың берік іргетасы қа­­ланғанын, бұл ретте Қазақ­станның Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешуші рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жа­пониямен көпжоспарлы ынты­­мақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтқан Нұрлан Нығ­матулин елдің саяси жүйесін жаңғырту, отандық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы әңгімеледі. Президенттің саяси реформаларының бір ұс­тыны саналатын митинг және сайлау туралы заңдар жайын тілге тиек етті. Атап айтқанда, палата Спикері әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жас­тар үшін партиялық тізімдерде 30 пайыздық квотаны заңнамаға енгізу, Мәжіліс сайлауында саяси партиялар үшін өту шегін тө­мен­дету, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «Барлығына қарсы» бағанын қосу сияқты заңнамадағы жаңалықтарды жеткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония ара­сындағы қарым-қатынас­тарының маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық байланысты жандандыруды қолдады. Өз кезегінде Тадамори Ошима Жапония Қазақстанмен ын­тымақтастыққа зор мән беретінін және стратегиялық серіктес мем­лекет екенін, екі ел арасындағы байыпты байланыс одан әрі нығая түсететіне сенім білдірді. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлем құруға қосқан ерекше үлесін атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Та­дамори Ошима парламен­таралық диалогті нығайту екі ел арасындағы өзара тиімді ын­тымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.  

Айхан ШӘРІП