Ауылымда мектеп бар, ауласы оның сатылған...
Ауылымда мектеп бар, ауласы оның сатылған...
261
оқылды

Жер сатылып кеткен

Қарағанды облысында тоғыз аудан бар. Соның бірі әрі аумағы үлкені де Шет ауданы. Бұл жолғы әңгіме оның көлемі немесе халық санында емес, білім ошағы жайлы, жас таланттар дарынын жанитын өнер мектебі туралы. Бұл жолы жазбағымыз – шын­дық, айтпағымыз – өрескел заң­бұзушылық. Шет ауданының орталығы Ақу-Аюлы ауылында Сыдық Мұхамеджанов атын­дағы балалар өнер мектебі бар. «Айтпаса сөздің атасы өледі». «Әділетсіздікті көре тұра, әділетке болыс­паудың өзі – қылмыс» демей ме?! «Мектептің өз басында тұрған ештеңе жоқ, гәп аудандық әкімдік пен сәулет және қала құрылысы бө­лімінде сияқты. Оқушылары облыстық, респуб­ли­калық өнер сайыстарында топ жарып жүрген аталған ау­дан­дық мектеп алдында қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Яғни, мектеп ауласына тиесілі жер сатылып кет­кен»  деп жазған да болатын Arqa Aqshamy  га­зеті. Білгеніміз – мектептің ал­дын­дағы 3 метр жер қалған да, қалған аумақ түгелімен «қолды болған». Аудан әкімдігі кезінде сатып жіберген. Ал «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс сала­сындағы мем­лекеттік нормативтер Қазақстан Респуб­ликасының ережелер жи­нағының» талабы бойынша «жал­пы білім беретін ұйымдары­ның ғи­мараты ауылдық жерлерде қыз­мет көрсету кәсіпорындарынан кемі 10 метр қашық орналасуы тиіс­тігі» жазылған. Қалалық жер­лерде 25 метр қашықтық сақталуы керек. Бұл, яғни «осы Ережелер жи­на­ғы деп аталатын құрылыс салу нормаларының негізі болып та­былатын міндетті талаптарды да­мыту мен қамтамасыз ету мақ­са­тында жасалды және жобалау­дың жарамды ше­шімдерін сипат­тай­ды». Демек, бұл – жалпыға ортақ нормативтік акт.

Бұйырғаны үш-ақ метр

Ал бұл  мектептің алдында өзі­не тиесілі 3-ақ метр жер қалдыры­лып отыр. Ол мектепке күн сәулесі еркін түсуі керек, алдында балалар се­руендеп келіп отыратын көлең­ке­лер тұруы тиіс, апатты жағдай­лар­да құтқару­шылар мен қыз­мет­тік көліктер еркін кіріп-шығатын жағдай ескерілуі керек. Осының бәріне аудандағы мамандар Үкі­мет­тің бекіткен 10 метрін місе тұт­пай, 3 метр жер жетеді деп ойлапты. Заңмен ойнады, Үкімет бекіткен ережелерді аяқасты етті деген осы. Тіпті, мектеп алдында көлденеңінен шығып тұрған бұрынғы білім бөлімінің жартыкеш ғимаратын жер иеленуші кәсіпкер бұзып тастағалы отырған көрінеді. Бұл арада біз кәсіпкерді кінәлап отырған жоқпыз. Бекітілген талаптарды ескермей жерді сатылымға шығар­ған, яғни саудалаған құзырлы орын болмай ма кінәлі?! Бәсе, әдеттегі білім ошақтарының бәрінің ауласы кең дуалмен қоршалатын. Біз айтып отырған мектептің ауласы бұған дейін кең болған. Қазірдің өзінде болашақта бой көтермек нысанның іргетасы мектепке тым тақау екені байқалады. Білім ошағының алдын базарға айналдырмақшы ма сонда, түсініксіз?! Мектеп ауласын сатып алған кәсіпкер қазір онда құрылыс жұмыстарын бастап та жіберген. Жұмыскерлер іргетасын құйып жатыр. Кәсіпкер ол жерге сауда кешенін салмақшы екен.

Ауыл әкімінің не қатысы бар?!

«Мектеп ауласындағы жер неге сатылды, оны сатуға кім рұқсат берді, ол жерді сатқан құзыретті орын қандай заң талаптарына сүйеніп отыр?» Осы сұрақтар төңірегінде біз аудан әкімдігіне журналистік сауалмен шықтық. Бұл сауалға жауап беруі тиіс Шет ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Риза Төлеуоваға «демалыстамын» деп құтылды. Және аудан басындағы Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімі Болат Тәкішевке сілтеді. Аудандық маңыздағы мектепке ауыл әкімінің не қатысы бар?! Істің түбінде бір шикілік бары осыдан-ақ байқалған. Күні бойы қоңырау шалғанымызбен, Шет ауданы әкімінің орынбасары, ішкі саясат бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімі басшыларынан мардымды жауап болмады. Қайта «осы мәселені көтермей-ақ қойсақ қайтеді?» деп өзімді мазалай бастады. Түстен кейін ресми хатқа ғана жауап береміз деп тіксінді. Оған да көндік. Жіберген сауалымызға жауабы мынау: «Сауалда көрсетілген Ақсу-Аюлы ауылы, Шортанбай көшесі, 92-мекенжай бойынша орналасқан жер телімі аралас кешен салу үшін 2014 жылы Жер кодексінің 43-бабына, Ақсу-Аюлының бас жоспарына сәйкес берілген. Жанында орналасқан С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебі құжаттары бойынша білім бөлімінің ғимараты болып тіркелген, мектеп ғимараты болып саналмайды. Бұрынғы уақытта бұзылып кеткен білім бөлімінің қалған ғимараты. Алайда қазір аралас кешен құрылысы 2014 жылдан бері салынбай, тоқтап тұр. Егер құрылысқа арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылдан­ған күннен бастап үш жыл ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, мұндай жер учаскесі Жер кодексінің 94-бабында көз­делген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер телімі Қарағанды облысының Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасына бірнеше мәрте пайдаланбайтын жер телімдерінің тізімімен шара қолдану үшін жіберілген болатын. Басқарма тарапынан бірнеше мәрте тексеріс жүргізіліп, заңбұзу­шылықтар анықталмаған».

Сатып алып, қайтара алмай жүр

Енді қараңыз: «Ақсу-Аюлының бас жоспарына сәйкес берілген бе, сатылған ба? Мүмкін саудаланған шығар? Екінші: «Жанында орналасқан С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебі құжаттары бойынша білім бөлімінің ғимараты болып тіркелген, мектеп ғимараты болып саналмайды. Бұрынғы уақытта бұзылып кеткен білім бөлімінің қалған ғимараты» депті. Қазіргі білім бөлімі ғимаратсыз жүрген болады ғой сонда? Мына мектептің де заңды ғимараты болмағаны ма? «Құжат бойынша» дейді. Бұл қылмыс емес пе? Арнайы тексеретін жағдай. Мектеп сонда бұл ғимаратты жалға алып отыр ма екен? Қанша төлеп оқиды екен оқушылар? Әрі қарай шұқшиып отырып оқысаңыз, әкімдіктің берген ресми жауабы «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері. Сонда бұлар сатуын сатып алып, ол әрекеттері қылмыс екенін біліп, жерді уақытында пайдаланбағаны үшін қайтарып алуға тырысқан. Бірақ нәтиже шықпаған.

Әйтеуір, дәретханаға орын қалыпты...

«Бұрынғы уақытта бұзылып кеткен білім бөлімінің қалған ғимараты» дегендеріне қарағанда, жерді сатып алған Арыс атты кәсіпкердің айтқаны шын болғаны. Кәсіпкер мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып дабыл қағады. Арыс мектеп алдындағы жер телімін осыдан 6-7 жыл бұрын сатып алғанын айтады. «Ғимарат сол кездің өзінде апатты жағдайда тұрғандықтан, мектепті басқа орынға көшіру жоспарланғандықтан сатқан» дейді. Әкімдіктің жоғарыдағы екіұшты жауабы да осындай күдікті ойға жетелейді. «Бұзылып кеткен білім бөлімінен қалған жер» дейді. Мектеп онсыз да қораш көрінеді. Алдында жартылай опырылған бір бөлме жалғанып тұр. Енді мектептің мысын басып қарсы бетке екі қабатты кешен тұрғызылса, оқушылар кіруге арланатын да шығар мұнда. Дәретханасы әлі күнге ауласында тұр. Абырой болғанда оған жер қалыпты. Жері сатылып кеткен мектептің жайы осылай, мәселе қалай шешілері жұмбақ. Ал кәсіпкер құрылысты бастап кеткен...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы