Елбасы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының елшісін Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтап, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті бас хатшысы Си Цзиньпинге жылы лебізін жолдады.
– Бүгін Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығы аталып өтілуде. Төраға Си Цзиньпинді және барша қытай халқын осы айтулы күнмен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде Қытай Халық Республикасы алға қарай үлкен қадам жасады. Коммунистік партияның жоспары Қытайдың әлі де нығайып, дами беретінін көрсетіп отыр, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуының оң қарқынын атап өтті.
– Қытай Халық Республикасы әлемдік ауқымдағы қуатты мемлекетке айналды. Экономикасы дүниежүзі бойынша екінші орында және технологиялық даму деңгейі жоғары. Кедейлікпен күрес мәселесінде де Қытай үлкен қадам жасады. Мен әрдайым біздің қарым-қатынасымызды қолдап келемін. Мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік екі халықтың игілігі үшін жұмыс істей береді. Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығы – мемлекетаралық қатынастың жарқын үлгісі, – деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының елшісі Чжан Сяо Елбасыға құттықтауы үшін алғысын білдіріп, 1 шілде – Қытай Коммунистік партиясының мүшелері үшін ең ерекше әрі ұмытылмас күндердің бірі екенін айтты.
– Сізге байырғы әрі жақын досыңыз төраға Си Цзиньпиннің ең ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Сіздің 6 шілдеде өтетін Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысу туралы шешіміңізді жоғары бағалаймыз. Бұл өте маңызды оқиға. Оған Сіздің қатысуыңыз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын дамытуға және Қытай Коммунистік партиясы мен «Nur Otan» партиясы арасындағы партияаралық байланысты арттыруға серпін берері сөзсіз, – деді Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі.