Үйді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады
Үйді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады
287
оқылды

Ұлттық экономика министрлігі саласын толық цифрландыруға кірісті. Енді пәтер сатып аламын деген адамдар салушының кеңсесіне бару қажеті жоқ: компания мен клиент арасында электронды шартқа көшу жоспарланып отыр. Оның күші қазіргі қағаз құжатпен теңестіріледі. Бұған қоса, баспананы рәсімдеу де электронды түрде жүрмек. Мұның бәрі өзге облыстардың тұрғындарына, тіпті шетелдіктерге қалаларымызда қашықтан үй сатып алуға жол ашпақ. Бұл отандық жылжымайтын нарыққа соны серпін бере ме?

Қағаз құжатты электронды ығыстырмақ

Ұлттық экономика ведомствосы «Тұр­ғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына өзгерістер енгізетін жаңа заң жо­басын әзірледі. Айта кету керек, қол­да­ныс­тағы заң құрылыс компаниясы мен үлескер ара­сында тек жазбаша келісім бекітілуін та­л­ап етеді. Оның 11-бабында: «1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және осы заң­ның 12-бабында көзделген тәртіппен көп­пәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жер­гілікті атқарушы органда оны есепке қой­ған кезден бастап жасалған болып есеп­теледі», – деп нақты көрсетілген. Жаңа құжат осыны толық­тырып, электронды келісімшартты қағаз құжатпен теңестіреді: «Тұр­ғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша не элек­тронды нысанда жасалады». «Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағда­йындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Жолдауында өнімді экспорттауға бағдарланған кәсіп­орындарды жаңғырту мен цифр­ландыруға арналған жаңа құрал­дарды әзірлеу және сынақтан өт­кізу қажеттілігі көрсетілді. Мұның сыртында «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасында «цифрлық технологияларды жаппай енгізу – өнімділіктің өсуін қамтамасыз ету, олардың халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру ар­қылы дәстүрлі базалық сала­лар­дың дамуына серпін береді» деп бел­гіленді. Бұл түзетулер осы мін­детті орындауға бағытталған», – деді түзетулерге түсініктемесінде Эко­номика министрі Әсет Ерғалиев. Ол: «Электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба туралы» заңға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, енді электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қол қою­шы тұлғаның өз қолымен қой­ған қолтаңбасына тең және бірдей заңдық салдарға әкеп соқтырады. – Қазір ЭЦҚ мемлекеттік қыз­меттерді көрсету, мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу, банк депозиттерін ашу кезінде кеңінен қолданылады. Неге оны үлестік құрылысқа да кеңінен енгізбеске?! Осыған байланысты үлестік құ­рылыс саласына электронды құжат айналымын тарату – цифрлы тех­нологияларды енгізудің қисынды жалғасына айналады, – дейді министр. Электронды құжат халық ара­сында танымал екенін ескерсек, электронды үлескерлік шарт та кең сұранысқа ие болары сөзсіз. Өйт­ке­ні тек қолға ұстап салмақтауға ке­летін қағазға сенетін адамдар бол­маса, ЭЦҚ-сы бар, уақытын ба­ға­лайтын іскер қазақстандықтар үшін бар жұмысты компьютер не смарт­фон арқылы бітірген қолайлы.

Елордадан гөрі Майамиде апартамент арзан

Дегенмен пәтер сатушы мен сатып алушы арасында келісімді электронды бекіту тек бірінші ке­зең ғана. Сонымен шектелсе, іс ілгерілемейді. Себебі үлескерлік шарт оны жергілікті атқарушы органда есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі. Сондықтан ел Үкіметі элек­трон­ды шарттарға көшкеннен ке­йін жергілікті әкімдікте үлестік қатысу шарттарын автоматты тір­кеуді енгізуге ниетті. Бұл бүкіл елі­міздегі үлескерлік шарттардың есе­бін нақты жүргізуге және олар­дың орындалуын бақылауға мүм­кіндік бермек. Әйтпесе, құрылыс компаниялары мен үлескерлер арасында бекітілген шарттардың бір бөлігі жергілікті атқарушы органдарда тіркеуге алынбаған. Қосымша үлескерлер проблемалы тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, шу туғанда шығып жатады. Ұлттық экономика министр­лігінің жаңа бастамасы отандық тұрғын үй нарығының дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Бірақ ма­мандар шетелден Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті сатып алу­шылардың легі күрт көбейеді де­генге сенбейді. Жылжымайтын мү­лік саласының сарапшысы, қар­жыгер Еркін Байғазин халық­аралық нарықта отандық тұрғын үй және коммерциялық нысандар бәсекеге қабілетсіз екенін айтады. «Мысалы, елорданың ескі және жаңа орталықтарының түйіс­кен тұсында белгілі құрылыс хол­дингі салып жатқан Akbulak Riviera апартаменттер кешенінде 247 шаршы метрлік 5 бөлмелі үй 333,8 миллион теңгеден сатылуда. Бұл шамамен 800 мың доллар. Са­лыстырсақ, АҚШ-тағы Майамиде екі жатын бөлмесі бар үлкен апар­таментті 500-600 мың долларға сатып алуға болады», – дейді ол. үй сатып алу Сарапшы тағы бір мәселеге назар аудартты. Екі жылдан бері қос жақтан қысқан пандемия және экономикалық дағдарыс халық тұр­мысының төмендеуіне соқ­тыр­ды. Тіпті, «Шаңырақ» секілді арзан ипотека беретін мембағдарлама аясында да әл-ауқаты төмен біраз қазақстандық баспана ала алмай жатыр. «Өйткені елімізде тұрғын үй бағасы шығандап барады. Ұлттық статистика бюросының ресми мә­ліметіне жүгінсек, баспана бағасы кейінгі 5 жыл қатарынан тоқтаусыз өсуде. Және ең үлкен өсім дағдарыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлердің сату бағасы 2016 жылы минус 3,6%-ға төмендесе, 2017 жылы – 1,3%-ға, 2018 жылы – 2,6%-ға, 2019 жылы – 6,4%-ға, былтыр – 5%-ға, ал биылғы жарты жылда 9,7%-ға шарықтаған. Абат­тан­дырылған үйлердің қайталама нарығындағы қымбатшылық одан да зор: 2018 жылы – 1,9%, 2019 жылы – 6,2%, 2020 жылы – 13,2%, ал биылғы І жартыжылдықта – 16%», – деді Е.Байғазин. Оның байламынша, егер өтпесе, баға бұлай көтерілмес еді. Рас, кейбір деректер бойынша пара пәтермен берілетін көрінеді, егер ол рас болса, бұл кесір құбы­лыс та нарықтағы көпіршіктің өсуі­не ықпал еткенге ұқсайды. Са­рапшылар отандық тұрғын үй нарығында бір қызық жағдай қалыптасқанын айтады: пандемия және жаһандық экономикалық күйзеліс не бағаның, не сатып алу көлеміне төмендеуіне түрткі бола алмады. Ал дүниежүзінде негізінен үрдіс жүруде. 2021 жылғы қаңтар-шілдеде елде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыс­тыр­ғанда бірден 2,2 есе артқан! Бұған тіпті баспана бағасының қарқынды қымбаттауы да тосқауыл бола алмады.

Ипотека цифрлық өлшемге көшуде

Саланың дамуына банктер де үлес қосып жатыр. Мысалы, бүгін­де банк секторында «цифрлық ипотека» жаңа технологиялық сервисі пайда болды. Ол банкке бармай-ақ тұрғын үй кредитін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Осы үшін қажетті барлық рәсімдер – өтініш беруден бастап, есептеме жүр­гізу және шарт бекіту элек­тронды түрде, смартфон немесе компьютер арқылы жүзеге асады. Бұл ретте клиент деректерін дұ­рыс толтырса және төлем қабі­лет­тілігін тексеруден лайықты өтсе, цифрлық ипотекада кредитті мақұлдау бір тәулікке ғана созы­лады екен. Ал алдын ала мақұлдау бір сағатты алады. Мұндай тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін азаматтың өз атына тіркелген телефон нөмірі мен ЖСН қажет. Банктердің наси­хат­тауынша, осының арқасында енді қазақстандықтар бірнеше сағат ішінде жаңа пәтер иелене алады. Осылайша, банктер ипотеканы рә­сімдеу және беру процесінің бар­лық құрауыштарын цифрлан­дыруда. Бұрынғы Цифрлық даму вице-министрі, қазір жетекші банк­тердің бірінің өкілі Абылайхан Ос­панов мұның қаржы саласын­дағы мүлдем жаңа өнім екенін алға тартады. Осының арқасында еліміз алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылып отыр. «Нәтижесінде, мемлекеттік және қаржылық сервистердің толыққанды синергиясына қол жеткізілді. Банктің өзіндегі несие беру ісін қараудағы оралымсыз бюрократия күйретілді. Мұнда барлық шешімді машина адамның қатысуынсыз, деректерді сараптау негізінде қабылдайды. Қазақ­стандықтар бұдан былай бір тәулік ішінде қалаған баспанасына қарыз ақша тауып, үй сатушымен есеп­тесе алады. Біз бұған «Электронды үкімет» инфрақұрылымының және мемсервистердің ашықтығының арқасында қол жеткіздік», – дейді Абылайхан Оспанов. Оның мәліметінше, Қазақ­стан­дағы цифрлық ипотека рә­сімдері банкте 90%-ға цифрлан­дырылған. Ал осы бағытта жаһан­дық көшбасшы болып танылған Ұлыбританияда бұл көрсеткіш әзірге – 55%, Нидерланд пен Эсто­нияда 44%-ды құрайды. Жалпы, егер отандық жыл­жымайтын мүлік нарығында баға арзандаса, бұл сала шетелден мол клиент пен қаржы тарта алатын салаға айналуы мүмкін. Мысалы, Түркия шетелдіктерге жылжы­майтын мүлік сату көлемі 2023 жылы 15 миллиард, ал 2025 жылы 20 миллиард долларға жетеді деп жоспарлап отыр. Қазақстанда қанша шетелдік жылжымайтын мүлік сатып алғаны туралы ста­тистика жүргізілмейтін болып шықты. Себебі бұл үрдіс тым мар­дымсыз, жаппай сипат алмаған. Қалай болғанда, отандық осы сала цифрландыруда алға озғанымен, бюрократияны бұзғанымен, шар­шы метрлер бағасының қым­бат­тығы оның бәсекедегі адымын аштырмай тұр.

Елдос СЕНБАЙ