Бетперде дауы: Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экс-орынбасары 7 жылға сотталды

Бетперде дауы: Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экс-орынбасары 7 жылға сотталды

Оған дәрігерлерге бетперде сатып алу кезінде мемлекет мүлкін ұрлады деген айып тағылған еді. Сәуірде басталған істің нүктесін бүгін Бостандық аудандық соты қойды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Осылайша, сот шешімі бойынша Әсел Бейсенбаева мемлекеттік сатып алу кезінде 4 млн дана бетпердені 230 млн теңгеге заңбұзушылықпен алған. Бұл істе одан бөлек 5 адам тергелді. Барлығы да жеті-жеті жарым  жыл көлемінде жаза арқалады. Бірақ Бейсенбаева кінәсін мойындамайды. Айтуынша, оның электронды цифрлық қолтаңбасын басқалар пайдаланған. Онлайн қол қою кезінде әкімдікте жиналыста болғаным дәлелденсе де, есепке алынбады дейді. Тіптен, сол кездегі тікелей басшысы Камалжан Надыров оның кетуін талап етіп, артына шам алып түскенін алға тартады.

Әсел Бейсенбаева: «Надыров өзінің электронды қолтаңбасын мемлекеттік сатып алу порталында қол қоюға бермей қойған. Ал, маған шұғыл жұмысты бітіру керек деп келген әріптесім бәрі заң жүзінде, кепіл боламын дегесін сендім. Ол кезде медицина қызметкерлерін ас-сумен қамту керек болатын. Кейін прокуратура сатып алынған бетперделердің талапқа сай келмейтінін анықтады. Мені заңсыз соттады. Президенттен құқығымды қорғауын сұраймын. Қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіреміз», – дейді.