«Аяқ-қолым дірілдеп кетті, сенбедім» – Ақтөбе тұрғыны вакцина салдырып, көлік ұтып алды
«Аяқ-қолым дірілдеп кетті, сенбедім» – Ақтөбе тұрғыны вакцина салдырып, көлік ұтып алды
Фото: www.spb.kp.ru
551
оқылды

Ақтөбеде коронавирусқа қарсы вакцина салдырған тұрғын «Екпе ал да, автомобиль ұтып ал» акциясына қатысқан.

Акцияға демеушілердің қолдауымен екі жеңіл көлік, велосипед, робот шаңсорғыш, смарт сағат, ұялы телефон ұтысқа тігілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, ақпан айында вакциналау басталды.

«Тұрғындар белсенділік танытқанымен, жазда вакцина алатын адам саны азая бастады. Сондықтан ұтыс ойынын өткіздік. Алғашқы көлікті 1 тамызда табыстадық. Енді екіншісі де иесін тапты. Ұтыс иесі – Ернұр Ізғалиев. Қазір де вакцинация жалғасып жатыр», – деді.

Көлік ұтып алған Ернұр Ізғалиев Ақтөбе қаласында тұрады.

«Екі қызым бар. Ата-анаммен бірге тұрамыз. Вакцинаны 20 тамыз күні №7 қалалық емханада салдырдым. Вакцинаның кері әсерін сезбедім. Ұтысты ұмытып кеттім. Жұмыста отырған кезде келіншегім жүгіріп келіп, «машина ұттық» деп айтты. Аяқ-қолым дірілдеп кетті. Тамақ та батпай қалды. Сенбедім. Өмірімде мұндай ұтыс ұтпаған едім», – дейді жеңімпаз Ернұр Ізғалиев.

Бүгін Қазақстанда вакцина салдырғандар саны 6 жарым миллионнан асты.