Маңғыстау – өркенді өзгерістер өлкесі
Маңғыстау –  өркенді өзгерістер өлкесі
446
оқылды
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мемле­кеттік дербестікке қол жеткізу жолында еңсерген белестерді бағамдап, Мәңгілік елдің берік іргесіне баланған үдемелі даму жоспарын жасақтау заңдылық. Әлемді әбігерге салған індет елі­міздің экономикасын тұралатып, әлеумет әлеуетіне әсерін тигізгені рас. Дегенмен жаһандық дағдарыс дүрмегіне дер кезінде тосқауыл қойып, стратегиялық даму мақсат­тарын дәйекті іске асыруда «Nur Otan» партиясы жетекші рөлді сомдады. «Өзгерістер жолы: әр аза­­матқа лайықты өмір!» атты пар­тияның былтырғы сайлауалды бағдарламасында 30 жыл уақыт үзігінде сан түрлі сала құрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағыт алған жаңа реформалар нәтижесі сара­ланып, келешекке көзделген қоғам дамуының қозғаушы күшіне ай­налған жасампаз жобалар жария етілді. Салмағы басым, ауқымы кең елдік құжат – Елбасы Н.На­зарбаевтың сарабдал саясатымен сабақтас іргелі реформалардың заңды жалғасы. Еліміздегі жетекші саяси құрылым ретінде халықтың тұр­мыс сапасы мен әл-ауқатын үздік­сіз жақсарту үшін партияның сай­лауалды бағдарламасын іске асы­рудың 7 басымдық пен 148 нақ­ты іс-шарадан тұратын Жол кар­тасы жасақталды. Елбасы – партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, әрбір өңір­де, қала мен ауданда жүйелі ба­қы­лауды қамтамасыз ету үшін мақ­сат­ты индикаторлар мен мерзім­дер­ді, сондай-ақ оған жауапты орын­даушылар белгіленді. Жол кар­тасының сапалы орындалуына жауапты болып партияның об­лыс­тық мәслихаттағы фракция мү­ше­лері бекітілген еді. Негізгі басым­дық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамту, елді мекен­дер­ді газдандыру, ауызсу, жол се­кіл­ді инфрақұрылымдық жобалар мен бағаны тұрақтандыру шарала­рына берілді. Сайлауалды бағдар­ла­ма аясында медициналық кө­мек­­тің сапасын арттыру, оның ауыл­­дық жерлерде қолжетімді бо­луын және дәрілік заттардың ре­зер­він қамта­масыз ету көзделген. Медициналық ұйымдарды соңғы үлгідегі заман талабына сай құрал-жабдықтармен жарақтандыруға қажетті қаражаттар қаралды. Сон­дай-ақ ауылдық елді мекендердегі ғимараты ескірген дәрігерлік ам­бу­­латорияларға жаңа ғимарат құ­ры­лыстарын жүргізу де жоспарға енді.

Қуатты экономика – даму кепілі

Маңғыстау облысы бойынша партияның сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру аясында өңірді дамытудың Жол картасы жеті бағытта жасақталды. «Эконо­ми­калық тұрғыдан тұрақты аймақ» ба­ғыты бойынша өңір экономи­ка­сын өркендетуде өңдеу өнеркә­сі­біне екпін түсіру, көлік пен логис­тика саласын жандандыру, агро­өнеркәсіптік кешен мен отандық туризмді дамыту көзделіп отыр. Осы орайда ел Президенті Қ.Тоқаев «өңірлердің орнықты дамуын қамтамасыз етуде кәсіп­керлікті жандандыру мен инвес­тицияларды өсірудің маңызы зор» екенін атап өткен еді. Өңірдің кешенді даму жос­па­рында 2021-2025 жылдары Маң­ғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «Доңға» кен орнын игерудің үшінші кезеңі басталады. Аталған жоба мұнай өндіру дең­гейін 29 пайызға арттыруды қам­тамасыз етеді. Жылдық мұнай өн­­діру көлемі 633 мың тоннадан 817 мың тоннаға дейін артады және құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады. Мемлекеттік бағдарламалар және инвестициялық жобалар есебінен биыл өңірімізде 15 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, нақты 29 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, оның 77 пайызы тұрақ­ты. Жол картасында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шең­берінде шағын несиелер беру мә­селелері қарастырылған. Қазір құны 548 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын 111 жоба несиелендірілді. Нәтижесінде, 125 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан өзге «Несие бойынша сыйақы мөл­шерлемесін субсидиялау мен тех­нологиялық жабдықтар ли­зингі» ережесі аясында 130 ауыл шаруашылығы нысандары 69 млн теңгеге жуық қаржымен субсидия­ланды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы ара­сын­дағы өзара келісім нәтижесінде республикалық бюджет есебінен 750, ал жергілікті бюджет есебінен 250 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тегін білім алды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 108 жұмыссыз азамат өз бизнесін ашу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқы­тылып, жоспар 2 есеге асыра орын­далды. «Бизнестің Жол кар­тасы-2025» бағдарламасы аясында жалпы құны 50,3 млрд теңгені құ­райтын 1 731 жоба сәтті жүзеге асып, 400 жаңа жұмыс орны құры­лып, 4 мыңға жуық жұмыс орны сақталды. Өңірде кәсіпкерліктің кең өріс алуы ішкі нарықтағы бәсекелестіктің артуына, қызмет көрсету сапасының жоғарылауына оң ықпал етіп отыр. Қ.Тоқаев «Біз Қазақстанның экспортын да белсенді түрде іл­ге­рі­лететін боламыз. Мақсатымыз – шикізаттық емес экспорт кө­лемін 2 есе, яғни жылына 40 мил­лиард долларға дейін ұлғайту. Аграр­лық сектор да зор әлеуетке ие. Саланы дамытудың жаңа моделіне қарай қадам басу керек» деген еді. Еліміздің екпінді дамуы үшін мұнай шикізатына иек артпай, салалық сектордың әле­уетті мүмкіндіктерін пайдаға асыру қажет. Маңғыстау экономикасын әртараптандыруда оның өркен­деуіне серпіліс беретін страте­гиялық бағыттардың бірегейі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Биыл бұл бағытта жоспарланған алты жобаның бесеуі іске асы­рылып, 146 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика, 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыттың өңір үшін әлеуметтік маңызы зор. Ел Президенті Қ.Тоқаев Маң­ғыстау облысына келген сапарында азық-түлік бағасының шарық­тауына шектеу қою үшін ауыл ­ша­руашылығы өнімдеріне қолже­тім­ділікті қамтамасыз етуді тап­сырған болатын. Жақында Шетпе ауы­лында түрік технологиясымен қы­занақ өсіруге арналған жылы­жай іске қосылды. Ауданы 1 гек­тарды құрайтын жылыжай жылына 150-160 тонна көкөніс береді деп жоспарланып отыр. Инвести­циялық жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қоса Ақтау қала­сының 36-шағынауданында жаңа көтерме-тарату орталығының ірге­сі қаланды. Құны 1,5 млрд теңге болатын жобаны жеке инвесторлар жүзеге асырады. Өз кезегінде кө­терме сауда орталығы бөлшек сау­да базарлары, дүкендер, мей­рам­ханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік та­уар­ларының көтерме саудасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Облыста туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Ел Президенті Маң­ғыстау өңіріне сапары ба­ры­сында Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жа­қын келешекте «Кендірлі» курорт аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қа­жеттігіне баса назар аударды. Биыл Сарша елді мекені мен «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ тарту жұмысы аяқталады. Статис­тикаға сүйенсек, өңірдегі туризмді жандандыру саласында көрсе­тілген қызмет көлемі 3 есе өсті. Өңірге шетелдер мен республи­каның түкпір-түкпірінен келген туристер саны 140 мың адамға жетті. 1 ірі жоба іске асырылды, 4 жобаның жұмысы қарқынды жалғасып отыр. Партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау өңірінің көлік-транзиттік, логис­тикалық дамуын оң бағалап, бұл бағыттағы жетістіктер еліміздің теңіз қақпасына ғана емес, жарқын болашаққа бастайтынын атап өткен еді. Сапалы жолдар ел эко­номикасының өркендеуіне ерекше серпін берері сөзсіз. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет Кавказ, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жаңа бағыт ашылды. Үш мемле­кетті жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық теміржол дәлізі ашылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық қаржыны құ­райтын 102 шақырым жол салы­нып, орташа жөндеу жұмысы жүргізілмекші.

Өмір сапасы – әлеуметтік мемлекет өзегі

«Nur Otan» партиясының «Өңір­лерді дамыту» бағдарлама­сы­ның маңызды тұсы – өңірдің қа­рышты дамуына қарқын берер әлеуметтік жобаларды жоспарлы жүзеге асыру және сол арқылы қор­д­аланған мәселенің шешімін табу. Маңғыстау өңіріндегі аса өзекті мәселе ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту екені мәлім. Тір­шілік нәрінен тарығу түйткілін тарқатуда тыңғылықты жоспар бекітілді. Биыл облыста «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл жұ­мыстарды жыл соңына дейін аяқ­тау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту за­уыты іске қосылды. Аймақтағы ауыз­су тапшылығын жою мақса­тында жасақталған кешенді жос­парда жалпы су тұщыту қуаты 229 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқын ауызсумен қамтуда шектеулерді жою үшін Үкіметке «Астрахан-Маңғыстау» су құбырын жаңғырту және жа­ңарту жобасын жүзеге асыруды тап­сырған болатын. Сондай-ақ биыл елді мекендерді орталық­тан­дырылған ауызсумен қамтуды 96,2%-ға жеткізу, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылып, Ақжігіт, Басқұдық және Бекі ауылдарына су құбыр­ларын тарту жоспарланған. Нәти­жесінде, 17 148 ауыл тұрғыны таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Еліміз тәуелсіздік алғалы об­лыс халқының саны екі есе өсті. Бұл – облыс үшін ең үлкен жетістік. Бүгінде мұнайлы өңірдегі халық саны 730 мыңнан асты. Халық са­нының өсуіне байланысты қалалар аумағы кеңейіп, жаңа ауылдар мен тұтас бір аудан пайда болды. Мұ­найлы ауданы – тәуелсіздік алған­нан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шешімімен елімізде құрылған алғашқы аудан. Аудан құрылған кезде халқының саны 53 мың болса, бүгінде Мұнайлыны 178 мың тұрғын мекен етеді. Халық санының артуы аймақта тұрғын үй құрылысының қарқын алуына әсер еткен маңызды фактор болды. Тәуелсіздік алғалы бері Маңғыс­тауда 12 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Биыл өңірде барлық қаржы көздері есебінен 10 айда жалпы ауданы 954,1 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында 928 пәтер іске қо­сылып, 153-і көпбалалы отба­сыларға және 775 пәтер несиелік тұрғын үй бағыты бойынша бері­леді. Бұған қоса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қол­же­тімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 139 отбасына тұрғын үй сертификаты тапсырылды. Өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне тәжірибелі кадрларды тарту мәселесі оң шешімін тауып келеді. Жыл басынан бері облыс­тық аурухана ұжымы ангиохирург, реаниматолог және травмотолог мамандарымен толықты. Облыс бойынша 105 дәрігер баспанамен қамтылды. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында семинарлар мен тренингтер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мәсе­лен, жыл басынан бері 6 семинар, 1 халықаралық конгресс өткізілді. Биылғы жылдың 10 ай көрсеткіші бойынша қатерлі ісік скринингімен халықтың 77,8 пайызы қамтылды. Қазір облыс аумағында 2 оңалту орталығы қолданысқа берілді. Олар – ересектер мен балаларға арналған Жаңаөзен қаласындағы 30 орындық «Балақай» және Қарақия ауданы Құрық ауылында бой көтерген «Аксон-Мед» оңалту орталықтары. Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сай­лауалды бағдарламасы орта білім берудің инфрақұрылымдық да­муын қамтамасыз етуге, білім са­па­сын көтеруге бағытталған. Бү­гінде өңірде 15 340 педагог қызмет етеді. Мұғалімдердің еңбекақысы жыл сайын өсуде. Биыл педа­гогтердің еңбекақысы 50 пайызға артып, осы мақсатқа республи­калық қазынадан 20,8 млрд теңге бөлінді. Ұстаздар қауымына ортақ меже – сапалы білім нәрімен сусындаған саналы ұрпақ буынын өсіріп жетілдіру. Ал бұл үшін ұс­танымы айқын, ісіне мығым, білі­мі терең, жауапкершілігі зор кәсіби кадрлар санатын қалыптастыру қажет-ақ. Осыған орай 10 мыңға жуық педагог қайта даярлау кур­сынан өтіп, тәжірибесін кенелте түсті. Жыл басынан бері 11 мыңнан аса педагог қамтылған «Цифрлық платформалармен жұмысты ұйымдастыру» және Bilimland.kz оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақыры­бында семинар өткізілді. Өскелең өрендерді сапалы біліммен қамтуда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта білім ордаларының тапшылығын жою аса маңызды. Осы орайда өңір­де білім беру нысандарының құ­рылысы қарқынды жүруде. Биыл Ақтау мен Жаңаөзен қа­ла­ларында 2 725 оқушыға арналған 7 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік мектептер. Сонымен қатар биыл 18 балабақша мен бөбекжай қолданысқа берілді. Келер жылы күрделі мәселе күрме­уін шешу мақсатында Маңғыстау облысы аумағында 7 оқу ошағы өз есігін айқара ашпақ. Қазір 5 мек­тептің құрылысы бастау алды. Оның үшеуі Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарында, екеуі Мұнайлы ауданы аумағында орна­ласқан. Сондай-ақ жыл соңына дейін үш мектептің 887 орындық жапсаржай құрылысы аяқталады. Бұл үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесін 12,7 пайыздан 10,5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жастарды саламатты өмір сал­тына баулуда елді мекендер мен шалғай ауылдарда жаңа спорттық нысандардың бой көтеруі соны серпін берері сөзсіз. Биыл Тәуел­сіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында көпсалалы «Сүлеймен» спорт кешені қолда­нысқа берілді. Қазір Жетібай ауы­лындағы спорт алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жас буынның қоғам өмі­ріндегі белсенділігі – ел саясаты­ның басым бағыттарының бірі. Өңірдегі жастар ресурстық орта­лықтары 10 мыңға жуық маңғыс­таулық жастардың басын қосып, 300-ге жуық облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болды. «Тазалық науқаны», «Біз біргеміз», «Лекториум», «Жастар Books», «Болашаққа сенім», «Ке­ңес алаңы» тақырыбында өткен іс-шаралар тәні сау, санасы сергек ұрпақ буынын тәрбиелеуде зор маңызға ие. Маңғыстау өңірінің бай мәде­ни асыл мұрасы мен тарихи құнды жәдігерлерін сақтау партияның Жол картасының «Тарихы мен мәдениеті бай аймақ» бағытында жүзеге асырылады. «Бөрілген» ма­зарында ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 11 млн теңге қаржы бөлініп, аяқ­тал­ды. Осы секілді ауқымды жоба­лардың ел бірлігі мен татулығына, тәуелсіздігінің тұрақтылығына қосар үлесі мол болмақ. Кешенді жоспардың бірқатар іс-шарасы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған, атап айтқанда «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Өңірде алдағы уақытта 4 қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынады. Өңірдің қауіпсіздігі мен қоғам­дық құқықтық тәртібін қамтамасыз ету үшін 3 модульдік өрт сөндіру бөлімінің құрылысы, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асы­ру жоспарланып отыр. Бүгінде Маң­ғыстау облысындағы 143 мек­тепке бейнебақылау камералары орнатылды. 68 мектеп арнайы ли­цензиясы бар күзет ұйымда­ры­мен қамтамасыз етілді. Олардың қызметі Ішкі істер министрлігі бер­ген лицензия негізінде жүргізіледі.

Жасампаз жобалар жалғасын табады

Өңірде болған оң өзгерістерді тіз­бектей келе түйген ой – даму бе­дері айқын, межесі биік өндірісті өлкеде өркендеу үдерісі үздіксіз іске асуда. Бұқара мен билік жігін бекітер бағдарлама аясында жарқын болашақ пен бақуатты тұрмыстың берік діңгегіне айналар ауқымды жобаларды іске асыру жалғаса бермек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлт тарихының тереңіне үңіліп, өткенді ой елегінен өткізіп, кемел келешекке көз тастау аса маңызды. Шынтуайтында, Елбасы секілді сарабдал саясаткер салған сара сүрлеу – ата-бабамыз аңсаған Ұлы мұратқа жетелер жасампаз жаң­ғыру жолы. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақ­станның кемел келбеті – тағдыр тезіне түскенімен, рухы қайыс­па­ған Мәңгілік елдің айшықты бе­дері. Біз еңселі егемендік пен ай­бынды азаттығымыздың қадірін осылайша ұғынамыз. «Nur Otan» партиясы азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету­мен қатар, қоғамдағы тұрақ­ты­лықты, халықтың бірлігі мен келі­сімін сақтауды көздейді. Ымыралы ынтымақ, бейбіт тұрмыс – қазақ­стандықтардың қастерлі құнды­лы­ғы. Елбасының «Мәңгілік ел» идея­сымен сабақтасқан партия­ның саяси бағдары – тәуелсіз еліміздің сыртқы сын-қатерлерге тегеурін танытар берік қалқаны, ха­лықты бір мақсатқа жұмылды­ратын, тұтастыққа негізделген қо­ғамның қозғаушы күші. Сон­дық­тан партияның сайлауалды бағ­дарламасын іске асыруда өр­кен­ді өңірде өрелі өзгерістер орын ала бермек.

Нұрлан Ноғаев, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы филиалының төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі