Мәлік ӘДЕНОВ: 30 жылда отандық медицинаның деңгейі өсті
Мәлік ӘДЕНОВ: 30 жылда отандық медицинаның деңгейі өсті
237
оқылды
Тәуелсіздік алған жылдармен салыс­тырғанда отандық денсаулық сақтау са­ласы ілгері қадам басты? Оның ішінде бір кездері ғасыр дерті аталған туберкулез ауруымен күресу қаншалықты жолға қо­йыл­­ды? Соңғы уақытта пайда болған COVID-19 дерті ушық­қан тұста қандай қау­қар көрсете алдық? Бүгінгі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан ревакцинация мәсе­лесі қаншалықты дұрыс? Бүгін бізбен сұх­баттасқан ДСМ Ұлт­тық фти­зиопуль­мо­но­ло­гия ғылыми орталы­ғының басшысы Мәлік Әденовке осы са­уал­дарды қойып көрдік. – Мәлік Молдабекұлы, жақында өзіңіз басқарып отырған ғылыми орталық коронавирусқа қарсы ка­рантин кезінде елімізде туберкулезге шалдыққандар саны едәуір азайғанын мәлімдеді. Осы деректі кеңінен тарқатып айтып берсеңіз? – Иә, ол рас. Дегенмен бұл жерде бір жайтты ерекше ескеру керек. Коронавирусқа қарсы карантин кезінде туберкулезге шалдыққандар саны едәуір азайды деуден бұрын жаңадан ауру жұқтырғандарды анықтау жағынан қиындық туғанын айрықша айтуға міндеттіміз. Оған, әрине әлемді жайлаған коронавирус індеті кесірін тигізіп отыр. Халықаралық сарапшы­лардың есебінше, 2020 жылы коронавирус індетінің салдарынан енгізілген карантин мен төтенше жағдай шектеулерінің әсерінен әлемде туберкулез жұқтырған 1 миллионға жуық адам тіркелмей қалған. Былтыр Қазақстанда да туберкулезді анықтау көрсеткіші 10-12 пайызға төмендегені байқалды. Анықталмаған, есепке ілікпей қалған науқас санының өсуіне туберкулез скринингінің азаюы, науқастардың медициналық кө­мек алу жағынан шектелгені және фтизиопуль­мо­но­логия орталықтары мен алғашқы дәрігерлік-сани­тарлық көмек мекемелері ресурстарының (төсек-орын, зертхана және қызметкерлер) коронавирус індетімен күреске жұмылдырылғаны, сонымен бай­ланысты туберкулезге қарсы іс-шаралар сапасының төмендеуі себеп болды. Дегенмен осындай күрделі, қиын жағдайда да Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, XpertMTB/Rif молекулярлы-генетикалық әдісін, скрининг, флюорографиялық тексерулер, туберкулино­диагнос­тика әдістерін пайдалана отырып, елімізде тубер­кулезді ерте анықтау, алдын алу және емдеу бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Қалыптасқан жағдайда туберкулезді дер кезінде анықтау үшін біздің ғылыми орталықтың мамандары туберкулез диаг­ностикасының алгоритмін қайта қарап, жаңа үлгісін әзірлеп шықты. COVID-19 бен туберкулездің жалпы клиникалық картинасының ұқсастығын ескере келе алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету меке­мелерінде коронавирустан бөлек ПТР-тест пен жоғарыда айтып кеткен XpertMTB/Rif әдісін қолдана отырып, туберкулез диагностикасын жасауды ұсын­дық. Мұндай алгоритм туберкулезді ерте анықтауға жақсы көмектеседі. Осы іс-шараның нәтижесінде 2021 жылдың осы күнге дейінгі мерзімінде бұған дейін анықталмаған және мамандар тілімен айтқанда, «жоғалтып» алған туберкулез жағдаяттары анықталды. Бұл, әрине ауру көрсеткішінің өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 5,8 пайызға өсуіне әкелді. Бірақ бұдан тубер­кулез күрт өршіп кетті деген ой тумауы керек. Көр­сет­кіш былтыр есепке алынбай қалған науқастардың анықталуының есебінен өсіп отыр. Жалпы алғанда, қазір туберкулез індетін ауыздықтай алдық деп айта аламын. – Осындай деректерге қарамастан еліміз әлі де туберкулездің көптеген дәріге төзімді түрінің ауыртпалығы жоғары 30 елдің қатарында тұр екенбіз. Бұл көрсеткішті төмендетудің бірден-бір жолы қандай? Қандай шаралар атқарып жатырсыздар? – Оныңыз рас. Біз соңғы 10 жылдың ішінде ту­беркулезге шалдыққан науқас санын бірнеше есеге ке­міте алдық. Алайда көптеген дәріге төзімді туберку­лез түрінің ауыртпалығы жағынан әлі де алаңдататын мәселе көп. Бұл проблеманы шешудің жолы – туберкулез ауруын уақытында анықтау. Осы орайда елімізде ДДСҰ ұсынған туберкулезді, оның ішінде аурудың дәріге төзімді түрлерін 2 сағат пен 2 күннің ішінде анықтайтын әлемдік стандарт талабына сай молекулярлы-генді технологияларды қолданысқа ен­гіздік. Диагностиканың осындай жедел түрін пайда­лану туберкулезді дер кезінде анықтауға және дұрыс диагностика жасауға себін тигізеді. Ол дегеніміз – дертті жазып шығудың бірден-бір алғышарты. Қазір еліміздің барлық өңіріндегі туберкулезге қарсы мекемелер туберкулез бен оның дәріге төзімді түрле­рін тез анықтайтын құрал-жабдықпен жарақтанған. Экспресс-тест бұқараға қолжетімді болуы үшін аудандық, қалалық жердегі 121 емханаға, тергеулік оқшаулау орындары мен ЖИТС орталықтарына тубер­кулез бен оның дәріге төзімді түрлерін ертерек анық­тауға мүмкіндік беретін XpertMTB/Rif аппа­раттары қойылды. Ересектер мен балалар арасында туберкулезді анықтау бойынша жаппай скрининг жасау жүйелі түрде жолға қойылған. Осы орайда айта кететін жайт, әлем бойынша туберкулезді емдеуге арналған барлық сапалы дәрі біздің елімізде бар. Және мемлекет азаматтарын ту­беркулезден тегін емдейді. 2016 жылдан бері Қазақ­станда бедаквилин, деламанид, линезолид, клофази­мин секілді туберкулезге қарсы жаңа дәрілік препа­раттар қолданылады, ал 2019 жылдан бері көптеген дәріге төзімді туберкулез түріне шалдыққан науқас­тардың еміне қолданылатын дәрілерді Жаһандық дәрілік қор (GDF) арқылы арзан бағаға сатып алуға қол жеткіздік. Бүгінде амбулаторлық және стационар жағдайында ем алып жатқан науқастар барлық қажетті ем-дом шарасымен қамтамасыз етілген. Амбулаторлық кезеңдегі ем алу барысын бақылауда ұстау үшін алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде 2 885 ем алу шарасын тікелей бақылау кабинеті ашылды. Амбулаторлық жағдайда ем алып жүрген науқастарға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіледі, қажет болса үйінде ем алу жағын да ұйымдастырамыз, мобильді бригадалар көмегімен күндізгі стационарда ем алу, смартфон көмегімен дәрі ішуді бейнебақылауда ұстау қарастырылған. Өйткені туберкулезден емделу ұзақ мерзімге созылады. Кей науқас соған шыдамай дәрі ішуін тоқтатады немесе арасын үзеді. Ал туберкулез бактериясы дәрі ішпеген аз уақыттың өзінде оған қарсы қорғаныш жасап үлгереді. Сөйтіп, әрі қарай ем қонбай, ондай науқасты ауыр препараттармен емдеуге мәжбүр боламыз. Сол үшін орталық мамандарының қатысуымен халыққа үнемі түсіндіру, үйрету жұмыстарын ұйымдастырамыз. – Карантин шектеуі кезінде науқастарды қалай қадағаладыңыздар? – Бізде қашықтан мониторинг жасау, онлайн форматта консультативті-методологиялық көмек көрсету үшін аймақтағы туберкулезге қарсы мекемелер видео-телеконференция, онлайн байланысқа қажет құрал-жабдықпен қамтылған. Солардың көмегімен бұл мәселені дұрыс жолға қоя алдық. Біздің ғылыми орталық әр облыстағы туберкулезге қарсы қызметпен үнемі байланыста. Олар өз кезегінде жергілікті Денсаулық сақтау басқармасымен, емхана және ЖИТС орталығының басшыларымен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен міндетті түрде кестеге сәйкес кездесіп, облыстағы жағдайды саралап отырады. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың еңбегін ерекше атай кету керек. Көп жағдайда емделуден бас тартып, емін үзгендерді емханаға қайта алып келетін де осы үкіметтік емес ұйым өкілдері. Одан бөлек, түрмеден шыққан азаматтар, бас­панасыз далада жүрген тұлғалар мен шетелден келген мигранттар арасындағы туберкулезге бақылау жа­сауға, осы санаттағы науқастарды емдеуге үкіметтік емес ұйым өкілдері мен әлеуметтік қызмет орында­рының қызметкерлері белсене атсалысады. Сондық­тан еліміздегі туберкулез ауруы проблемасын шешу жолында үкіметтік емес ұйымдарды жан-жақты қолдау қажет деп санаймын. – Отандық мамандар туберкулезге қарсы күрес тиімділігінің қазіргі қарқыны сақталса, 2035 жылға дейін Қазақстанда туберкулез індеті біржола жойылады деген болжам жасап отыр. Бұл болжам нақты қандай алғы­шарттар немесе нәтижелерге қарап айтылып отыр? – Тәуелсіздік алған 30 жылда отандық медицинада едәуір ілгерушілік бар. Оның ішінде осы туберкулез бойынша эпидемологиялық жағдай бойынша көптеген оң өзгерісті айтуға болады. Едәуір ілгерілеу байқалатынын баса айтқым келеді. Нақты статисти­камен айтар болсам, туберкулезбен ауыру көрсеткіші соңғы жылдары 1,8 есеге төмендеді. Егер 1991 жылы науқас саны 100 мың адамға шаққанда 64,4-тен келсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 35,7-ге дейін төмендеді. Осы аралықта айта кететін бір жайт бар. 2000-жылдардың басында Қазақстанда туберкулез дерті қатты өршіп кеткен еді. Мәселен, 2002 жылы туберкулезбен ауырған науқас саны 100 мың адамға шаққанда 162,5-ке дейін көтерілген болатын. Мемлекеттің уақытында қолдауы мен білікті мамандардың жанқиярлық еңбегінің арқасында бұл жағымсыз көрсеткішті қалыпты дәрежеге дейін төмендете алдық. 30 жыл ішінде біз туберкулезден болатын өлім-жітімді 5,6 есеге кеміте алдық. (1991 жылы 100 мың адамға шақ­қанда 23,3, ал 2020 жылы – 1,9) Туберкулездің таралу көрсеткіші жыл сайын орташа есеппен 5-8 пайызға төмендеп келеді. Бұл туберкулезбен байланысты эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанының және туберкулезге қарсы күресте қолға алған іс-шараның тиімділігінің дәлелі. – Қазір коронавирус індеті басты жаңалыққа айналды. Осы күнге дейін елімізде туберкулез дертіне шалдығып, арнайы есепте тұрған науқастар арасында неше адамнан коронавирус дерті анықталды? Олардың ішінде көз жұмғаны бар ма? Болса, нақты неше адам? – Жоғарыда айтып кеткенімдей, қазір фтизио­пуль­монология қызметі де қосымша коронавирус ін­детінің бетін қайтаруға жұмылдырылған. Сондықтан COVID-19 ауруына байланысты жағдайды, бақылауда ұстауға тырысамыз. 2020 жылы туберкулезге шалдық­қан науқастардың ішінде 214 адам коронавирус жұқ­тырған. Оның ішінде 193 адам сауығып шықса, 14 адам коронавирус инфекциясынан, 7 адам тубер­кулезден көз жұмды. Ал биылғы жылдың 9 айында 437 науқастан коронавирус анықталып, оның 319-ы ауруынан айықты. Өкінішке қарай, коронавирустың ауыр түріне шалдыққан 25 адам қайтыс болды. – Қазіргі ревакцинация мәселесі. Осының тиімділігі жайлы оқырмандарға қарапайым тілмен түсіндіріп бере аласыз ба? – Медицина жетістігінің, вакцинаның арқасында адамзат өткен ғасырда оба, көкжөтел, жұлын қабынуы секілді қатерлі дерт түрінің індетінен құтылды. 100 жыл бұрын ойлап табылған БЦЖ екпесі миллиондаған адамды туберкулез дертінен құтқарды. Әлем қазір жаңа қауіпті індетпен күресіп жатыр. Қатерлі вирусты ауыздықтаудың, оны тоқтатудың бірден-бір жолы вак­цина екенін адамзат тарихында сан мәрте дәлел­денген. Коронавирустың бұл түрі өте жылдам мута­ция­ға ұшырайтынын, жаңа штамы тез пайда болаты­нын бір жарым жыл ішінде байқадық. Жалпы, ұжым­дық иммунитет қалыптасқанға дейін вирус алдыңғы вакциналарға да төзімді түрге ауысып үлгеріп жатыр. Сондықтан ғалымдар вирустың жаңа штамдарына ағзаны дайындау үшін және алғашқы вакцинациядан кейінгі иммунитет қалыптастыру мен оның қорға­нышын жалғастыру үшін ревакцинация жасаудың қажет екенін айтады. Бұл қоғам денсаулығы үшін өте маңызды қадам деп айтар едім. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы