Қақаған аязда қаңғыбас қайда барады?
Қақаған аязда қаңғыбас қайда барады?
433
оқылды
Сарыарқаның сарышұнақ аязы мен қарлы бораны да келіп жетті. Жаздың жайма-шуақ күнінде кез келген жерді панасына айналдыратын көше кезбелері қақаған аязда қайда паналайды? Оларды қабыл­дайтын арнайы орталықтарда орын жеткілікті ме? Қара суықта қараусыз қалатындардың арасында үсік шалып, қайтыс болатындары бар ма? Оларды жерлеу рәсіміне жергілікті бюджеттен қанша қаржы жұм­сала­ды? Қазір барлық аймақта өмірдің қиын жағдайына түскен адамдарды бейімдеуге арналған орталықтар жұмыс істейді. Соның бірі – елордада 20 жылдан бері қызмет көрсететін Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орта­лығы. Әлеуметтік орталық мамандары бұ­рынғыға қарағанда қазір көше кезген кезбелердің күн суыта бастағанда орта­лыққа өздері пана іздеп келетінін айтады. Кейбір кездері еріктілер мен әлеуметтік ұтқыр патруль көліктері арқылы қаңғы­бастар арнайы орындарға жеткізіледі екен.Полиция қызметкерлері мен өрт сөн­діру мамандары да қыс түссе қаңғыбас­тарды көше-көшелер­дегі жылу трассасы құдық­тарынан, кәріз жүйесі мен вокзалдардан, жылы автобус аялдамаларынан іздейді. Өйткені қыстыгүні қол-аяқтарын мұзда­тып, медициналық көмекке жүгін­бейтін қаңғыбастар арнайы орталықтарға жиі жеткізіліп жатады. Өздері ғана емес, өзге тұрғындардың өміріне қауіп тудыру жағ­дайы жиі кездеседі. Жылыну үшін жер­тө­леде немесе тасталған саяжайларда жасы­рылатын қаңғыбастар жинаған қо­қыс­тарын жағып, өртке ұласады.

Туыстарына табысталады

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті қызметкерлері жыл он екі ай үйсіз­дер­дің туыстарын табуға және үйіне қай­туына көмектеседі. Күн суытқанда учас­келік полиция инспекторлары қиын өмір­лік жағдайға тап болған адамдардың болуы мүмкін жерлерді тексеруді барынша қолға алады. Оның ішінде жылу трассалары, жертөлелер, қараусыз қалған саяжай үй­лері және басқа да орындар түгел қара­ла­ды. Жақында «Қаңғыбас» про­филак­тикалық іс-шарасын өткізу кезінде полицейлер нақты тұрғылықты жері жоқ екі ер адамды тапқан. Олар сақшылардан Ақ­мола облы­сы­ның Ақкөл қаласына өз үй­леріне жетуге көмектесу үшін өздері жәр­дем сұраған. Тәртіп сақшылары оларға билет сатып алып беріп, үйлеріне қайтуына көмек­тескен. Жақында учаскелік полиция инспекторларына туған бауырын таба алмаған тағы бір елорда тұрғыны шынайы алғысын білдірді. Жылда 1 қыркүйектен 1 желтоқ­сан­ға дейін бекітілген учаскеде құқық­бұзушылықтың алдын алуға, проб­лемалық мәселелерді зерделеуге және барынша алдын алуға бағытталған «Учаске» атты жедел алдын алу іс-шарасы өт­кізіледі. Биыл осы ал­дын алу іс-шарасы басталғалы нақты тұр­ғы­лықты жері жоқ 1 000-ға жуық адамды анықтап, қабылдау орнына 73 адам орналастырған.

Көз жұмған кезбелер бар

Жергілікті полиция кызметі басқармасының бөлім бастығы Азамат Садықовтың сөзінше, қала аумағында арнайы рейдтік іс-шаралардан бөлек, құқық қорғау қызметкерлерінің күнделікті жұмысына көше кезбелерін анықтау кіреді. «Қала аумағындағы барлық учаскелік полиция инспекторлары, полиция полкінің қызметкерлері үйі-күйі жоқ адамдарды іздеп-тауып, ерікті түрде Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығына жеткізеді. Қыстың аязды күндерінде денелерін үсік шалып, суықтан қайтыс болатын қаңғыбастардың мәйіттері де тіркеліп жатады. Марқұмның туған-туысқандары табылмайтын болса, олар қала аумағында орналасқан қараусыз қалған адамдарға арналған арнайы орындарға жерленеді. Әкімдік оларға арнайы орындар бөледі», - дейді Азамат Сапарханұлы.

402 қаңғыбас анықталған

Биыл да полицейлер панасыз қалған адамдарды арнайы мекемелерге жеткізу жұмыстарын атқарып жатыр. Жақында ғана үш күнге созылған «Қаңғыбас» шарасы кезінде үйсіз-күйсіз жүрген 402 адам анықталды. Оның ішінде 12 адамның туған-туыстары табылып, отбасына берілді. Ал 14 адамды қызметкерлер тұрғылықты мекен-жайына баруына атсалысыпты. «Қалада жүрген қаңғыбастардың арасында алыс облыстардың тұрғындары да бар. Мысаы таяуда Ақтөбе мен Көкшетау қаласынан келген көше кезбелері келген жерлеріне қайтарылған. «Анықталған 402 адамның ішінде өз еркімен 303-і арнайы мекемелерге жеткізілген. Бірақ соның 161-і ғана орталыққа орналастырылды. Сондай-ақ 68 адамды медицина қызметкерлерінің ем-шара жүргізетін орындарына табыстадық. Былтыр 2566 адам орталыққа жеткізіліп, оның 1544 орналастырылған. Ал қалғандары өз еріктерімен орталықтан бас тартқан. Олар әлі де болса көше-көшелерде қаңғырып жүрген болуы мүмкін. Оларды мәжбүрлеп орталыққа жібере алмаймыз», - дейді Азамат Садықов. Сондай-ақ ол күнделікті қызмет барысында осы іс-түссіз жүргендердің арасында қылмыс жасап, іздеуде жүрген, не болмаса туыстары іздеу салған адамдар да болатынын айтады. Биыл қаңғыбастардың арасынан іздеуде жүрген бір адам табылыпты. Полиция қызметкерлері оларға тиісті шаралар қабылдап, жауапкершілікке тартылуына атсалысады. «Бүгін бір кезбені орталыққа табыстауымыз мүмкін. Ол жер қаңғыбасқа ұнамаса шығып кете береді. Қаңғыбастардың көбісі орталықтарға қыста пана болу үшін ғана барады.  Бірақ өзінің қалыпты өмірінен қол үзгісі келмейді», - дейді ол. Кейбір көше кезбелері орталықтарға өздері барып сұранады. Дегенмен қаладағы қаңғыбастардың саны артып немесе кемігені байқалмайды.  Азамат Садықовтың айтуынша, қаңғыбастар бір орында отырмайды. Қаланың әр ауданында араласып жүргендіктен, кейбір қаңғыбастарды полиция қызметкерлері бірнеше рет орталыққа апаруы мүмкін жағдайлар болады.

Кезбелер ғана келмейді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Өмір­лік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеу­метке қосу орталығының психологі Сәуле Әбса­дықова да орталық мамандары қала ішінде қаңғырып жүргендерді әлеу­меттік орта­лыққа әкеледі деп отыр. Қа­был­­дау бөлімі­нен тіркелген олар жуы­нып-тазаланған соң, қажетінше меди­цина­лық көмек алады. Осыдан кейін қа­ла­лық ПД-нің қабылдап-тарату мекемесі мен Көші-қон полициясы басқарма­ларымен бірлесе отырып, тұрғы­лықты ме­кенжайы анықталып, жоғалған құжат­тарын реттейді. Өзге аймақтардың азаматтары болса, сол жақтағы орталыққа жіберіледі. Орта­лықтың күндізгі бөлімінде – 180, ал түнгі бөлімінде 50 адам тұрады. Орталықта олар­дың құқығын қалпына келтіру іс-шараларын өткізуде әр тоқсан бойы элек­трондық картотека бойынша тіркеу жүр­гізіледі. Оған қоса, мұндағы адам­дардың психологиялық және мораль­дық әл-ауқатын қалпына келтіру үшін сен­сорлық бөлме, кітапхана, тренажер залы, музыка­лық аспаптармен жабдық­талған мәжіліс залы да жұмыс істейді. «Біздің орталыққа тек қана қаңғы­бастар келмейді, өмірдің қиын жағдайына тап болған тұрғындар да бар. Орталық түнгі және күндізгі екі бөлімнен тұрады. Күндізгі бөлім кешкі 6-дан таңғы сағат 10-ға дейін адам қабылдайды. Кешкі алтыда осында келіп, жуынып, таңертең жұмысына кетеді. Бұл – түнгі бөлім. Ал күндізгі бөлімдегі адамдар 24 сағат осында болады. Үш мезгіл тамақтандырып, киіммен қамтамасыз етеміз. Бір айдан бір жылға дейін осында болуына рұқсат етіледі. Қызыл төлқұжатпен жүргендерді құжаты дайын болғанша 1 жылға дейін, ал жеке куәлігін жасату керек болатындарды бір айға дейін паналатамыз. Ары қарай тұрғылықты жеріне баруына жәрдем етеміз. Бізге үйі өртеніп, баратын жері болмай қалған адамдар да келеді. Бала-шағасы тастап кеткен қарттар да кездеседі», – дейді Сәуле Әмірқызы.

Карантиннен кейін көше кезбелері көбейген

Орталықтың көмегіне жүгінетін адам­дардың арасында бұрын жақсы жұмыс істеп, кейін екі қолына бір күрек таппай өмірдің қиын жағдайында қалып қойған адамдар бар. Мысалы, былтырғы карантиннен кейін жұмыссыз қалған адамдар көп келген. Көбі жұмысы жабылып, ай­лығын ала алмай қалғандар. Ал кейбір кі­сі­лер ішімдікке салынып, осындай өмір­ді өздері қалап тұрады. Психолог маман ондай адамдар қанша жерден жұмыс жүргізіп, көмек көрсеткенмен, түзелуі екіталай екенін де айтты. «Биыл орталыққа келген 16 адам отбасына қайтарылды, 15-і өзде­рінің тұрғылықты мекенжайына жіберілді. Олардың біразы өзге қаладан табыс көзін іздеп келіп, бірақ жұмыс таппай көше кезіп кеткендер. Бізге биыл жыл басынан бері 798 адам әлеуметтік көмек алуға жүгінген екен. Оның ішінде 522-і осы қаланың жергілікті адамдары, қалған­дары өзге аймақтан келген. Оларды біз бір айға дейін ғана паналатамыз. Жергілікті тұрғындардың көше кезіп кетуіне көбінесе ішімдікке салынуы себеп. Ондай адамдар отбасынан айырылып қалады, әке-шешесіне керек болмайды, болмаса бала-шағасы шығарып тастайды», – дейді Сәуле Әбсадықова. Орталық маманы қызмет алушылардың арасында суықтап, аяқ-қолы үсіп қалған қаңғыбастар көп келетінін де жасырмайды. «Мысалы, екі жыл бұрын ғана бізге келгенде аяқ-қолы бүтін болып, қыста немесе көктемде әкелгенде біреуінің аяғы, біреуінің қолы болмай келетін жағдай көп кездеседі. Жұмыс тауып жақсы жүреді де, ішімдікке салынып, қайтадан қалыпты өміріне ауысатындар бар. Не болмаса кейбіреулерінің жұмыс берушілері айлық­тарын бермей, арты қайтадан көше кезбелігіне ауысады. Олардың денсаулықтары да мәз емес», – деп отыр орталық психологі. Мысалы, кейбір адамдар туберкулез, АИТВ, ЖИТС-пен ауырып келеді. Мүге­дек­тігі болатын болса, олардың мүгедектігі бойынша құжаттарын жасатып, қарттар үйіне, мүгедектер үйіне жіберіледі. Сон­дай-ақ 63 жасқа толған зейнеткерлер де қарттар үйіне жіберіледі екен.

Жерлеу рәсімін тендерді ұтқан компания жүргізеді

Ауруханалардың, сот-медициналық сараптама мекемелерінің жанындағы мәйіттерді сақтауға, тануға, ашуға және көмуге арналған арнайы үй-жай мамандары қыста аязда үсік шалып қайтыс болған қаңғыбастарды іздеушісі болмаса, әкімдік белгілеп берген арнайы орындарға жерленетінін айтып отыр. Мәйітхана қызметкер­лері мәйіттерге тиісті сараптама жүргізген соң әкімдіктің тендерін ұтып алған компания қызметкерлері ары қарай жерлеу рәсімін атқарады екен. Айтпақшы, биыл Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жыл­дарға арналған бюджетінің жобасы туралы жиында Алматы аудандық аппаратының алдағы үш жылдың әрқайсысына жерлеу орындарын күтіп ұстау мен туысы жоқ адамдарды жерлеуге 17,4 миллион теңге қарастырылып отырғаны айтылды. Осынша қаржыны жылу іздеген жандарды жер­леуге емес, жұмыс беріп, жағдайын дұрыс­тауға жұмсағанда ғой дейсің...

Жадыра МҮСІЛІМ