Көреген көшбасшы
Көреген көшбасшы
405
оқылды
Биыл – қазақ елі үшін ғасырлар бойы күткен және қантөгіссіз қол жеткізген Тә­уелсіздіктің 30 жылдығы. Жүрегі «елім» деп соққан әр азамат үшін бұл – елеулі оқи­ға, тарихымызды тану­дағы бетбұрысты кезең. Ға­сырдың үштен бірін тәуел­сіздік кезеңінде өмір сүріп қарсы алған алтыннан қым­бат уақыт және өткенімізді бағалап қорытындылайтын, сондай-ақ алдымызға үлкен жоспарлар қоятын маңызды мезет. Түрлі қиын-қыстау, зар заманды басынан өткер­ген тағдырлы ұлтымыз үшін етек-жеңімізді жиған осын­дай еркіндік кезең бұрын-соңды болған емес. Сон­дық­тан тәу еткен тәуел­сіз­дігіміз біз үшін аса құнды, ерекше бағалы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отыры­сын­да: «Біз Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғын ай­тулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айна­лып, бірлігі бекем қоғам құрдық. 30 жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекет­ті­лікті сақ­тап, «Мәңгілік ел» жал­пы­ұлттық идеясын ақиқатқа айнал­ды­ру осы ұрпақтың тарихи мис­сия­сы деп санаймын», – деген еді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тарихқа көз жү­гіртсек, әр буын белгілі бір сынақ­ты басынан өткереді. Біздің ба­баларымыз «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлт­тық құндылықтарымыздан, тілі­міз­ден, діліміз бен дінімізден айы­ры­лып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды», – дей келе, ендігі жерде ұлт пен ел ретін­де сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатер­лерге дайын болуы керек екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар тағы бір ерекше назар ауда­ратын мемлекеттік мейрам – Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті күні. Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет ал­дын­дағы еңбегіне жоғары баға беру мақсатындағы айтулы мере­кені бекіту туралы 2011 жылы 10 жел­тоқсанда қарастырылған ше­ші­мнің бекітілгеніне де 10 жыл тол­ды. Бұл қарарға алғашқы жал­пы­халықтық президент сайлауы негіз болған еді. 30 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президен­ті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ты хан көтерген алғашқы ре­фе­рендумда дүйім жұрт Мемлекет басшысын бірауыздан қолдап, зор құрметі мен сенімін көрсетті. Аса күрделі, өтпелі кезеңде халықтың дұрыс таңдау жасағанына арада көп уақыт өтпей-ақ көзіміз анық жетті. Өйткені сол жылдары көрші елдерде бас көтерген, Балтық бойы мемлекеттерінде болған оқиғалар­мен салыстырғанда Қазақстан бір­ден дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасы ел экономикасының өркендеп, дағдарыстан шығуына нақты қадамдар жасады. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалар нәтижесін көп күт­кізген жоқ. Екіншіден, саяси тұрғыдан алып қарағанда, ішкі айтыс-тар­тыс­тар болған жоқ, ұлтаралық, дін­аралық қақтығыстарға жол бе­рілмеді. Рухани-әлеуметтік салада дамып-жетілуді көздеп алға жыл­жыдық. Тұңғыш Президентіміз басқа елдерге қарағанда ұлттық құрамы әртекті елді бейбітшілік пен келісімде ұстап, азаматтық соғыссыз елімізді үш онжылдық белеске көтерді. Бұл – Елбасымыз­дың көшбасшылығы, көрегендігі және аса жоғары ұйымдасты­ру­шылық қабілетінің арқасында қол жеткізген ірі жеңісі. Біз куә болған тағы бір оқиға – егемендік алғаннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен беделді, таңдау­лы экономистер елге шақырылды. Тұңғыш Президент олармен жан-жақты ақылдаса отырып, 70 жыл­дан аса социализм жүйесінде өмір сүрген елді мүлде жаңа бағытқа бастады. Ел-жұртты жаңа заманға, нарықтың заңы мен талабына бе­йімдеді. Ұзақ жылдар бойы халық санасында қалыптасып қалған социалистік жүйені өзгерту оңайға соқпады. КСРО құрамындағы өн­дірістік, өнеркәсіптік байланыс­тардың құлдырап, ыдырауы, за­уыт-фабрикалардың жабылуы, қа­лыптасқан жүйенің бұзылуы қо­ғамға өте ауыр тиді. Дегенмен Елбасы қысқа кезең ішінде шұғыл байлам жасап, өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығын ретке келтірді. Әрине, бүгінгі әлеуметтік-эко­номикалық, саяси жетістікке біз­дің қоғам бірден жете қойған жоқ. Тоқырау да, дағдарыс та, кеткен қателік те болды. Бірақ біз одан дер кезінде сабақ ала білдік. Бұл ту­ралы Елбасымыз өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында: «Біз өз жолы­мызда тоқыраулардың болмауы үшін кепілдік бере алмаймыз. Алайда біздің қоғамның негізінде жатқан көпжылдық тәжірибе мен дәстүрдің кез келген тоқыраудан абырой арқалатып және пайдаға кенелтіп алып шығатынына ке­пілдік бере аламыз. Бұл біздің қо­лы­мыздан келеді. Біздің халықтың бойында буырқанған интеллек­туал­ды және рухани күш-қуат бар», – деп жазады. Бүгінгі жастар Тәуелсіздік тұ­ғырын берік орнықтыру жолында күш-жігерін аямай, тоқыраудан абыроймен алып шыққан Ұлт көшбасшысының қандай құрметке де лайық тұлға екенін білуі тиіс. Біз мемлекеттің қалыптасу ке­зе­ңін ару қала Алматыда, білім мен ғылымның қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде қарсы алдық. Тә­уелсіздік алған жылдары еліміз­де салалық маман-кадрлар өте тапшы болды. Біздің университет оқытушыларын Президент Әкім­шілігіне, Парламентке, Үкіметке, түрлі министрлікке шақырып жат­ты. Қазір солардың басым бөлігі егемендіктің қалыптасып, дамуы­на тер төккен, еңбек сіңірген көр­некті мемлекет, қоғам қайрат­кер­леріне айналды. Тәуелсіздіктің ақ таңында мем­ле­кеттік қызметті Сыртқы істер ми­нистрлігінен бастадым. Қазақ­станның тәуелсіз мемлекет ретінде сырттан қонақтарды қабылдауына, ең алғашқы ресми сапарларды ұйымдастыруға атсалыстық. Мы­салы, сол уақыттағы Түркия пре­зиденті Тұрғыт Өзалдың елімізге алғашқы сапары мемлекетіміздегі айрықша маңызды оқиға ретінде тарихта қалды. Сапар барысында «Анкара» халықаралық қонақүйі­нің іргетасы қалануы, Елбасының Тұрғыт Өзалмен бірге Түркістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сіне зиярат етуі, Халықаралық қа­зақ-түрік университетінің ашы­луы тәуелсіздіктің алғашқы жемісі еді. Түрік Республикасының Пре­зиденті Режеп Тайып Ердоған осы оқиғаларды еске ала отырып: «Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көр­некті тұлғасы және түркі жұр­тының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бас­тамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қа­зақстан Президентінің түркі әле­міндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халы­қ­тарының басын біріктіріп, бауыр­лас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды», – деген баға берген-ді. Ал тәуелсіздік алғанымызға бес жыл толмай тұрып, астананы көшіру туралы Елбасының тарихи шешім қабылдауы осы күні ой­ласақ, шынында да үлкен ерлік екен. Әу баста оның жүзеге аса­ры­на көп адам сенген жоқ. Уақыт өте келе Қазақстан үлкен саяси-эко­номикалық орталыққа, Нұр-Сұл­тан қаласы Еуразия жүрегіне ай­налды. Түрлі халықаралық жиын, басқосулар өткізіле бастады. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңестің, ТМД елдері басшы­ларының, Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті ұйымдастырылды. Осын­дай беделді халықаралық шара­лардың басы-қасында жүру, оны абыроймен өткізу үлкен жауапкер­шілікті талап етеді. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қонақта болып, көш­бас­шылық дәріс оқыған Түркия­ның 11-ші президенті Абдулла Гүл: «Біз Нұр-Сұлтан деп аталатын алып қаланың қалай қалыптасқанын көзімізбен көрдік. Бүкіл түркі әле­міне әйгілі рухани орда – Түркістан қаласының қалай түлеп, бой түзеп жатқаны да жіті назарымызда. Қа­зақстанның әр жылдардағы, әсі­ресе соңғы 20 жылдағы даму жетіс­тіктерімен етене таныспын. Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаевпен жақын араласып, жағдайдың бәрін біліп отырдым. «Көшбасшы» деген қандай си­патта болуы керек? Осы сұраққа ой­ланып көрдіңіздер ме? Мен сіз­дер­ге айтайын, Көшбасшы деген – көреген, жанкешті болуы керек. Міне, сіздердің Көшбасшылары­ңыз Нұрсұлтан Назарбаев – әлем елдерімен саяси ынтымақтастық орнатқан жанкешті, көреген, ке­меңгер тұлға», – деп қазақ елінің даму факторларын жан-жақты сараптап берді. Осы орайда Қытай Халық Рес­пуб­ликасының төрағасы Си Цзинь­­­пиннің біздің Елбасымыз­дың аты­на айтқан мына бір жылы лебізі де егемендіктің айбынын ас­қақ­тата түседі: «Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріп­тес­тік­тің мықты іргетасы қаланған. Пре­зидент Назарбаев елдеріміздің дос­тығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қа­тынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді». Егемендіктің алғашқы жыл­да­рында Елбасының сенімімен жа­нында қызмет атқарып, 30 жыл ішіндегі ел дамуына азды-көпті үлес қосуым – жеке басым үшін үлкен бақ деп санаймын. Шетелдік ресми сапарлары мен келіссөздері барысында көп мәселені топ бас­таған көсемдігімен, тауып айтар шешендігімен шешетін. Кей кез­десулер алдында кірпік ілмейтін. Қазақстан мен Еуропа елдеріндегі уақыт айырмашылығы – алты сағат, соған қарамастан ұшақтан түсе салысымен ресми қабылдауға бірден баратын. Әскери салтанатты шеруге қатысып, президентпен же­ке жүздесіп, екіжақты келісімге қол қойып, түрлі министрдің баян­дауын тыңдап, одан кейін баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін. Одан қалса екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес-конфе­рен­циялар, ең қажетті деп сана­латын өндіріс орындарын аралау міндеті күтіп тұрады. Универ­си­теттерде сөз сөйлейді. Оқу орында­рын­дағы жиын 30 минуттан бір жа­рым сағатқа созылады. Сонда Ел­басы бір күнде 12-13 шараға қа­ты­сып, еліміздің саясатын түсін­ді­реді, мән-жайын баяндайды. Сөй­тіп, таңғы сағат жеті-сегізден бас­­талған жұмыс түнгі бірге қарай аяқ­­талады. Еуропадағы уақыт айыр­машылығына сай, 29-30 сағат жұмыс істеуге тура келеді. Сапарға бірге шыққан азаматтардың шар­шап, соңына қарай жығылып тү­сетінін көргенбіз. Шындығында, мұн­дай өте ауыр жүкті белі қайыс­пай қара нар ғана көтереді. Елба­сы­ның осы еңбегін өскелең ұрпақ, бүгінгі жастар жадында ұстауы қажет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жыл басынан бері Тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін ай­шықтау мақсатында бірқатар шара ұйымдастырды. Елбасы сая­бағы ашылып, онлайн форматта еліміз­дің саяси қайраткерлері, ғалымдар, елшілер дәріс оқып, ғылыми-тә­жірибелік конференциялар жүзеге асты. Тәуелсіздіктің қалыпта­суын­дағы білім мен ғылымның рөлі туралы кітаптар мен оқулықтар сериясы жақын күндері жұртшы­лыққа таныстырылады. Ал Тұң­ғыш Президент күнінде «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат» онкүндігі өз жұмысын бастады. Онкүндіктің алғашқы шарасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерінен бастау алып отыр. ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларынан құралған «Елбасы жолымен» ар­найы экспедициясы Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орта­лығында болып, Ұлт көшбасшы­сы­ның балалық шағы мен қызмет­тік жолымен танысып қайтты. Онкүндік аясында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қ.Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптарын талқылау, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші, «Қазақстан Тәуелсіздігі және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және басқа шаралар жоспарланған. Университет ұжымы алдағы уа­қытта да Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының еңбегі мен егемендік ұғымын жастар са­насына берік орнықтырудағы жү­йелі жұмысын жалғастыра береді.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры