Келер жылы ақпан айында өтетін Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған елдер қатары күн санап өсуде. Алдымен АҚШ Қытайдағы адам құқықтарына қатысты алаңдаушылыққа байланысты жарысқа ресми делегация жібермейтінін хабарлаған. Олардың ізін ала Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада дипломаттарын әлемдік додаға жібермеу туралы шешім қабылдады. Бірақ аталған елдер спортшыларының жарысқа қатысатынын және үкіметтің толық қолдауына ие болатынын мәлімдеді. Негізінен халықаралық ұйымдар мен демократиялық елдер Қытайды «Шыңжаң автономиясында тұратын мұсылман азшылықтарға геноцид жасады» деп айыптауда. Соңғы уақытта Бейжіңнің Гонконгтағы саяси бостандықтарды басып-жаншу әрекетіне қатысты да шиеленіс күшейді. Осы жағдайлар және одан бөлек әлемдік пандемияға байланысты шектеулер де Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға бойкот жариялауға себеп болып отыр. Неліктен мұндай қадамға барғанын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки былайша түсіндірді.
– Қытай Халық Республикасы Шыңжаңда жүріп жатқан геноцид пен өзге де адам құқығын бұзу деректерін ескере отырып, Байден әкімшілігі дипломатиялық және ресми делегациясын Бейжіңде 2022 жылы өтетін Олимпиада мен Паралимпиадаға жібермейді. Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялау туралы АҚШ-та сәуір кезінде айтыла бастады. Мамыр айында осы мәселе бойынша Конгресстің өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси ресми мәлімдеме жасаған. Жазда АҚШ билігі, тіпті Олимпиаданы басқа елге ауыстыру туралы үндеу тастаған еді. АҚШ-тың бұл ұсынысын Канада, Ұлыбритания, Норвегия мен түрлі құқық қорғау ұйымы қолдады, – деді Псаки.Өз кезегінде дипломатиялық бойкотқа қатысты пікір білдірген Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі бұл шешімді «саяси манипуляция» деп атады. Ал ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Бейжің Олимпиадасының сәтті өтуіне ештеңе әсер ете алмайтынын айтты. Ендігі кезекте Жапонияның да дипломатиялық бойкот жариялауы мүмкін екені айтылып жатыр. Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах саяси бойкоттардың көбеюіне қарамастан, спортшылар Олимпиадаға қатысатынын хабарлады. Жалпы, бірқатар елдің Олимпиада ойындарына бойкот жариялап, дүбірлі додадан бас тартқан кездері – тарихта бір емес бірнеше рет болған. Оның басты мақсаты – Олимпиаданы қабылдаушы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы қателіктерге немесе әлемдегі әділетсіздікке қарсылық танытып, жағдайды жақсартуға тырысу. Тарихқа шегініс жасасақ, 1964 жылы Токио Олимпиадасынан Индонезия, Солтүстік Корея және Оңтүстік Африка мемлекеті бас тартқанын байқауға болады. Ал 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына регбиден Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка құрамаларының арасындағы есепке көңілі толмаған 26 африкалық мемлекет бойкот жариялады. 1979 жылы Ауғанстанға Кеңес әскерін кіргізгені үшін 80-жылы өткен Мәскеу Олимпиадасына әлемнің 64 елі қатысқан жоқ. Соңғы рет АҚШ 1980 жылы Олимпиада ойындарына толық бойкот жариялаған болатын. Айта кетейік, 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 4-20 ақпан аралығында, ал қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында өтеді.