Алашқа адал Аманхан

Алашқа адал Аманхан

Алдында Аманхан аға қайтты... Артынан Есенғали ере барды... Тұтас бір дәуірдің тастү­лектері. Екеуінің әзілі де, қал­жыңы да жарасатын. Бірін-бірі толықтырып жүретін. Кейде Есенғалидың ащы мысқылын Аманхан аға ауырсынбай кө­теретін. Қарап отырсақ, қазақ зиялылары өмірге толқын-толқын болып келеді екен. Сиреп қайтады екен... Аманхан Әлім! Жарқын ғұмыр иесі. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ журналистикасында салған сара соқпағы бар. Сөйлесе – сөзге шешен, жырласа – кәусар бұлақтай таза, айтса – алдаспанмен кескендей кесек қиятын; ешқашан мәймөңкелеп көрмеген, өмір­бақи ел деген аяулы азамат. Тірі болса, биыл 70-н атап өтер еді. Ақынның балалық шағы Сырдың бойын­да, аң-құсы ну тоғайда мекен ететін, адам­дары жайдарлы, мейірімді, шапағатқа толы мекен – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Қожатоғай елді мекенінде өтті. Алматыға арман арқалап келді. Сол Алматыда мәңгілік жай тапты. Бір сұхбатында Аманхан аға «Кін­дік қаным тамған жерді, алаңсыз, кіршіксіз бала күнім өткен жерді сағынбаған күнім болған емес. Бұрындары қауырт жұмыстың арасынан уақыт тауып, әйтеуір жылына ауылға екі-үш рет барып қайтушы едім. Шырайлы Шымқалаға тоқтамай, тіке ауылыма тартып кетіп, балық аулап, жатып алатынмын. Осы әдетімді байқаған журналистер маған «ауылына ұрланып барып, ұрланып қайтатын ақын» деген «атақ» берген. Соңғы жылдары жұмыстан қол босамай, туған жерге баруым сиреп кетті. Ауылымды сағынғаным соншалық, тіпті түсіме кіретін жағдайға жетті. Бала күнімізде ауылымызда көнекөз қариялар көп болды. Шіркін, олардың әңгімелері тағылым-тәрбиесі мол ұлағатты ойлар ғой. Сол ақсақалдардың арасында талай бірге отырып, батырлар жырын тыңдап өстік. Өзім де оларға батырлар жырын оқып беріп жүретінмін. Атам (әкемді солай атайтын едім) шежірешіл, құймақұлақ кісі болатын. Кез келген естіген әңгімені кә­дімгі диктофон секілді миына жазып алып, сол қалпында өзімізге қайталап айтып беретін. Әкеміздің білімпаздығы маған да дарыса керек, үшінші сыныпта ежелеуді білмей, кітапты зуылдап оқитын дәрежеге жеттім. Ал төртінші сыныпта аудандық га­зетке мақалаларым шықса, бесінші сыныпта алғаш өлеңім жарық көрді», – деп ағынан жарыла сыр ақтарғаны бар. Балғын да болам деген бала «Менің атым Қожа» шығармасын басына жастап оқиды. Аманхан ақынды да тәрбиелеген Қожа десек те болады. «Шығарманы әлі күнге дейін қайталап оқып тұрамын. Қазір байқап қарасам, сол Қожадан өзімді көргендей боламын. Мен де «қара көже» секілді бұзық, қиқар, сабақ үлгерімі ор­таша оқушы болдым. Егер мен балалық шағым жайлы кітап жазар болсам, қазақ прозасына тағы бір «Менің атым Қожа» келер еді», – деп жазды да. Қожаға еліктеп талай қиқар әрекет те жасапты. Соғысқа қатысқан, жасы келген бір ер мұғалім сабақта шаршап, кейде ұйықтап отыратын. Бірде оның ұйықтап отырғанын пайда­ланып, алдыңғы партаға отырып, алақаны­на ащы қызыл бұрышты сеуіп, ағайдың тұмсығының түбінен жәймен үрлейді. Бір кезде ол тынымсыз түшкіре бастады. «Ба­ла­лар маған суық тиіп қа­лып­ты, сабақта­рыңды оқып отыра беріңдер» деді де, үйіне қайтып кетеді. Енді бірде сыртқа қарай ашылатын есікке ішінен еден жуатын құрал ретінде пайдаланатын таяқты сүйеп қояды. Сырттан мұғалім есік­ті ашып қал­ғанда әлгі таяқ ұстаздың ше­ке­сіне сарт ете қалады. Кей қылықта­рына өкінетін... «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген. Ауылдағы ағасы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген екен. Бала Аманханның өнерге, өлеңге деген талабын ерте байқаған. Ағалық ақылын айтқан. Ұстаз ретінде шабыт беріп, қанат­тандырып отырған. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионеріне» Өтежан Нұрғалиев ағамыздың мақаласы шығады. Өтежан «Болашақта бұл бала­лардан үлкен ақын шығады» деп бір топ ақынжанды балалардың аттарын атап тұрып, мақтап жазады. Арасында Аманхан Әлімнің де аты аталады. Содан бастап ақындық арыны ашылады. Ақынның ар­тында «Кездесу», «Жанымның жапырағы», «Ай нұры алақанымда» жыр жинақтары мөлдіреген лирикаға толы. Ал «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық кітабы кө­сем­­сөз үлгісі ретінде талай буынға рухани азық. Ол кезде Алматыға келу, орнығу, үй алу деген нәрсе нағыз қиямет-қайым. Ақын да талай қиындықты көрген. Армандаған оқуына түсе алмай алты-жеті жыл жүріп қалады. 14 жыл үйсіз-күйсіз, қаланың әр бұрышынан пәтер жалдап, қиындық қа­мы­тын киеді. Алайда өмірде жақсы адам­дар­ға жолығады. Бұл туралы «жақсы адам­дар­дың жақсылығын көп көрдім. Сон­дық­тан өзім де жақсылық жасауға тырысамын. 1981 жылы пропискасыз жүрдім. Сол кезде жеңгеңнің ақшасына күн көрдім. Дзер­жинский деген колхозда танымайтын бір орыс әйелге бардым да, «Бес қоңырау» де­ген топтаманы, неке туралы куәлік, ба­ла­ларымның метіркесін көрсетіп, «жұмыс­сыз жүрмін» дедім, – «прописка керек». Ол кісі бетіме қарап, «Сенбі күні кел» деді. Бардым. Жеңгең 50 сом берді. Сол жерде прописка жазып берді. Қасында отырған кемпірге: «Мына бала сіздің үйіңізде тір­кеуде тұрады» деді. Кемпір шығып кеткен соң әйелге ақшамды берейін деп едім, шарт ете қалды. «Мен сенің бала-шағаң бар деп тұрмын, бай болсаң, ана кемпірге бер» деді. Кемпірді қуып жетіп, ақшаны бердім. Содан Жазушылар одағынан үй беретін кез келді. Енді, пропискадан шығу керек болды. Ана жерге қайта барсам, орнында басқа әйел отыр екен. «Сіз тұрған үй сатылып кеткен, сіз автоматты түрде пропискадан шығып кеттіңіз» деді. Бірақ қиянат болмасын деп қайтадан жазып берді. Қоғамда жақсы адамдар көп, со­ларды көре білуіміз керек», – деп үнемі ризашылық білдіріп жүретін. Қоғамдық пікір керек болса, дереу Аманхан ағаға хабарласатын едік. Бірде академик Асқар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын керек пе, технократ керек пе?» деген пікірі елді елең еткізді. «Қазаққа кім ке­рек?». Аманхан ағаға арнайы сауал тастаған едік. Сонда ол кісі «Мұндай жағдайлар ір­геміздегі орыс ақындары мен физиктері арасында осыдан 70 жыл бұрын болған еді. Біз оны енді қайталап отырмыз. Яғни, бұл біздің уақыт талабы, заман лебінен кеш қалып жүргендігіміздің белгісі. Сол кезде ғылыми-техникалық прогресс, киберне­тика дамып жатқан кез болатын. Міне, дәл сол уақытта, яғни 1959 жылы Борис Слуцкийдің «Физики и лирики» атты өлеңі «Литературная газета» басылымында жарық көреді. Содан кейін-ақ «физиктер мен ақындардың» арасында қызу пікір­талас басталды. Тіпті, атақты Эренбург «Комсомолская правда» газетіне «Ответ на одно письмо» деген жауап та жазды. Сонымен, физиктер мен ақындардың арасында дау неге шықты? Бұған Слуцкий­дің өлеңіндегі: «Что-то физики в почете, что-то лирики в загоне» деген сөзі себеп болды. Бұл өлеңнің жазылуына себеп, бір отырыста Борис ақын Слуцкийге сөз берілмей, белгілі бір физикке бірінші сөз беріліп кетеді. Ол ақынның шамына тиіп, аталған өлең жазылады. Бұл дау «Литера­тур­ная газета» басылымында да, «Комсо­мольс­кая правда» газетінде де жалғасын табады. Аталған тақырыптағы пікір алмасу мен ой бөлісу қайшылығы біраз уақытқа дейін созылып, ақырында қалың көпшілік «бізге екеуі де керек» деген тоқтамға ке­леді» дейді. Ол Хрущев «жылымығы» бас­талып, 1960 жылдың басында Евтушенко, Рождественский, Вознесенский, Ахма­дулина бастаған бір топ ақындар «лири­калық өлең қадір-қасиетін арттыратын» өмірге «эстрадная поэзия» деген ұғым-түсінік келгенін, бұл ағым оқырман санын арттырғанымен, оның сапасын кеміткенін айтады. «Сөйтіп, «лириктер» «физик­тер­ден» артық саналғанмен, оқырман сапа­сының кемуі, дәп сол кезде пайда болған «тихая-поэзия» өкілдерінің мерейін арттырады. «Тихая-поэзия» өкілдері Владимир Соколов, Анатолий Жигулин, Станислав Куняев, Николай Рубцов, Анатолий Передреев сияқты ақындар келе-келе поэзияны эстрадалық шудан арылтып, лирикалық өлең қадір-қасиетін арттырады. Бұл дау тағы да оқырманның да сапасына әсер етті. Яғни, жеме-жемге келгенде мұндай көзқарас алшақтығы тумауы керек еді. Сол секілді, академик Асқар Жұмаділдаевтың да пікіріне ақындар өре түрегеліп жатса, оның да бір себебі болар. Дегенмен Асекеңнің пікірінің жаны бар. Лирика – жеке адамның «шаруасы». Ал технократтық ұлт болу – жалпыхалықтық ұғым-түсінік. Мына келе жатқан ғаламдастыру кез келген ұлттан соны талап етеді. Сондықтан да біз ел-жұртымыздың әлемнен өз орнын табатын технократтық ұлт болуын көздеуіміз керек. Бұл мәселеде Асекең «жалқыдан жалпыға көшу» деген ұғым-түсінікті меңзейді. Ал ақындардың бұған шамданып, шікәмшіл де кірпияздық танытуы – провинциалдық түсінік. Басқа тілмен айтқанда, комплекс неполноценности. «Біздің ұлтқа қазір кім керек?» дегенде, көштен қалмайтын, за­манауи технологияға ілесе алатын, ғалам­дастырудың талап-тілегінен табылатын ұрпақ қажет. Қайталап айтамыз, өлең болса әркімнің жеке «шаруасы». Оған жал­пыұлттық көзқараспен қарауға болмайды» дегенді айтқан еді. Аманхан Әлімнің айтуынша, Асқар Жұмаділдаевтың өзі де ақын. Ендеше, ол кісінің бұл ойы: «Ақын­дық қажет, бірақ бізге технократтық ұлт одан да керек» дегенді меңзесе керек. Бұл, ақын керек емес деген сөз емес. Ол, жалпы ұлттың қалыптасуын, дамуын айтқысы келіп отыр. Сол себепті де, ол академик жағында болды. «Оған намыстанудың да, одан кінәрат іздеудің де қажеті жоқ» деп өз пікірін ашық айтқан еді. Кілең «күйіп тұрған» тақырыптарға Аманхан аға батыл араласты. Қоғамда «Қазақстандық ұлт қалыптасуы керек» деген идея қылаң берді. Сол кезде «Мұндай идеяның туу себебі – біздегі ұлттық идеяның қалыптаспағандығынан. Сосын Конституцияда нақты идеологияның болмауынан. Біз Конституцияда көпұлтты мемлекетпіз дейміз. Міне, осындай жағ­дай­дың кең етек алуы бұл жердің иесі бар­лығын, бұл жер үшін қан төккен ұлт­тың барлығын естен шығартады. Мерзімді баспасөзде көбіне бірінші орында «Біз Қазақстан халқымыз, көпұлтты мемле­кетпіз» деген ойлар, пікірлер, тұжырымдар алға шығып отырады. Ұлттық мүдде екінші орынға қалады. Ал мұны тек ұлттық мүд­дені қорғайтын қазақ газеттері насихаттай­ды. Орыс басылымдары еш уақытта қазақ газеттеріндей ұлттық идеяны, ұлттық мем­лекетті, мүддені айтпайды. Егер Қа­зақстандағы орыс басылымдары мемле­кеттік мүдде, ұлттық мүддені жазса, мұн­дай әңгіме қозғалмаған болар еді», – деп мәселені төтесінен қойған болатын. Аманхан Әлімұлы өмірінің соңғы бе­лесінде «Ақиқат» журналында бас редактор болып істеді. «Ешкім оқымайды» деген басылымды тартымды етіп безендіруден бастап, автор тартуды белсенді қолға алды. Талай жас журналисті тәрбиеледі. Журналды ойлы басылым жасады. «Талантты адам қай жағынан да та­лантты» деген сөз бар. Аманхан аға шебер ау­дармашы болатын. Орыс ақыны Николай Рубцовты қазаққа таныстырған да сол кісі. Аманхан ағаның қазақ ұлты дегенде шығарға жаны бөлек еді. Мына ой-пікірін жеке алып қарайықшы. «Ұлтшылдық – ол психологиялық, антропологиялық, қан­мен келетін жағдай. Ал патриотизм деген – аймақтық, территориялық жағдай. Мы­салы, шеттен келген орыстар, ұйғырлар т.б. біздің елімізде тұрып жатыр. Олар патриот. Ал біздің бойымызға ұлтшылдық қанмен келеді. Тектен шығатын нәрсе. Бізге осы жерді ата-бабамыз пәлен ғасыр қорғап, алып берді. Ертең біз осы топы­рақты қазақтікі емес, қазақстандық ұлт, қазақ ұлтының жері десек, онда қазақ халқы сөзсіз көтеріледі. Өйткені осы жер үшін ата-бабасы қан төккен. Ал оны қолдан беру қылмыс» дейді. Ол мұңлы өлең жазса да, жылаңқы өлең жазған жоқ. «Мемлекетті мемлекет етіп отырған жақсы адамдар. Жаман адамдар «мемлекетті мен жасап отырмын» деп ойламасын. Бай адамдар, шенеуніктер елді біз ұстап тұрмыз деп ойламасын. Мем­лекетті ұстап тұрған – ауылдағы қа­рапайым халық, жақсы адамдар». Тура уақыттың тамыршысы секілді. Бәрін қолмен қой­ғандай етіп, тап басып айтып кетіпті. «Біз әлем халқымен бәсекелесе алатын, бәсекелестікке лайық ұлт болуымыз керек. Қазақтың тұлғалы қаламгері Қалтай Мұхамеджанов «Аманхан, пәленше менен неге озып кетті деме, мен пәленшеден неге қалып қойдым де. Ол сені қанаттандырады, ең жаман қасиет қызғаныштан бойыңды алыс ұстатады. Ілгері ұмтылдырады, қам­шылайды» дейтін. Біз бәріміз сондай бол­сақ, ұлтымыз өзге ұлттармен бәсекелесе өсіп, өркендеп, дүниеге танылған үстіне таныла түседі. Осыны естен шығармасақ бәсекелестікке лайық ел-жұрт, ұлт болып қалыптасамыз. Уақыт пен заманның та­лап-тілегінен қалмаймыз» деген еді ақын. Бұл сөз қазір Аманхан Әлімнің амана­тындай естіледі. Біз сол аманатқа адалдық таныта аламыз ба?