Nur Otan салынып жатқан баспаналардың сапасын бақылайды
Nur Otan салынып жатқан баспаналардың сапасын бақылайды
400
оқылды
Астаналық деңгей. Бұл тек сыртқы жылтырақты ғана емес, өзге де кездесе бермес ішкі сұлулықтың болуын білдірсе керек. Заманауи шаһарға қатысты небір сиқыр сөз, көркем метафораларды төкпелеуге болады, бірақ ондағы заңғар ғимараттарда, аспанға мойынсұнған алып тұрғын үйлерде сапа болмаса, адамдар өзін онда жайлы сезіне алмасы анық. Алдағы 12 ақпанда «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуі өтпек. Жыл­дағыдай, биыл да ең көп сауал сапасыз құрылысқа қатысты болады деп күтілуде. Мәселен, кейінгі бір жарым жыл ішінде Nur Otan партиясының Орталық аппаратына, көшбасшы партияның қалалық филиалына және елорда әкімдігіне астана­лықтардан сапасыз құрылыс туралы 40 мыңнан астам шағым түсті. Әкімдіктің дерегінше, қа­лалықтар негізінен, жаңа тұрғын үй кешендеріндегі шұрық тесік шатырдан аққан суға, автотұрақты су басуына, үй салынып біткен соң аулалардың абаттандырыл­ма­уы­на, айналаның тазартылмай­ты­нына, қоқыстың уақытылы әке­тілмей, қоқырсып, күлімсі иісі­­­мен тұр­ғын­дар тынысын тары­л­та­­­­тынына наразы. Бас қаламызда 2 600-ден аса көппәтерлі тұрғын үй бар. Бас­пана қоры барған сайын артуда. 2018 жылы оның қатары 140 көп­пәтерлі тұрғын үймен толықса, былтыр 80 шақты жаңа ТК қол­данысқа берілген. Бұдан бөлек, жаңадан 280 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде бір жыл ішінде құрылыс компания­ларын 428 мәрте әкімшілік жауапқа тартып, 81,7 млн теңге айыппұл салыпты.  

Қарапайым бұқараға – қатырма үйлер

Шынар Тілеуғалиқызы проб­лемаға 2017 жылы елордадағы Art House тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғанда жолыққанын айтады.
«Мұндай баспанада тұру мүмкін емес. Біздегі ең ірі салу­шылардың өзі сапалы үй тұрғызуға қабілетсіз екеніне көз жетті. Пәтер шатырда не жөртеле үстінде емес, 3-қабатта орналасқан. Еденнен ызғар еседі. Жасампаздық деген жақсы, бірақ пәтер едені қызметін атқаратын тұтас темір-бетонды монолиттік плитаның үлкен бөлігі үйден ары асып, далаға шығып тұр. Осылайша, небәрі 70 шаршы метр пәтер аумағының 50%-ы сырт­та, «ауада ілініп» тұр. Оның ас­­тындағы жерге дейінгі аралық пай­­даланылмай, ашық қалды», – дейді тұрғын.
Ол 2017 жылдың желтоқ­са­нында әкімдікке арызбен жүгінеді. Содан кейін құрылыс компаниясы өкілдері келіп, ақауларды рас­тайды. Жылу далаға кетпеуі және сырттан аңқылдап жел соқпауы үшін жарылып кеткен еден мен қабырғаны қалпына келтіру жұмыстары 2018 жылғы маусымда жүргізілетіні жөнінде кепілхат тастап кетеді. Жайдары жаз, жауын­ды күз артта қалып, қаһар­лы қыс келгелі проблемалы бас­пана табиғи мұздатқыш рөліне қайта көшті. Ал Шынар апай жүрегіне ота жасатқан сырқат әкесін қасына ала алмаған, өзі де үнемі ауырған. Содан жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, жанайқайын айтып, жауапты құрылымдарға жор­туылдайды. 2018 жылғы 19 жел­тоқ­санда тағы тексеріс өткізіліп, жарықтар өздігінен жабылып қалмағанын білген салушы жұмыс 2019 жылғы мамырға жоспар­ланғаны туралы тағы кепілхат ұстатады. Осы кезеңде жатын бөлмедегі қабырға күйрей бас­тапты: 5 миллиметрлік жарық пайда болып, одан суық саулайды. Ақыры мердігер тек 2019 жылдың маусымында жөндеу және қал­пына келтіру жұмыстарын жүзеге асырады. Баспана тұрғыны жаңарған қабырғаның қаншаға шыдарын білмей, алаңдайды. Ал «Жағалау» кешенінің тұр­ғыны Ержан Түлеков қыс түскелі тынышы кеткеніне шағымданады: «Біздің аудан арқылы қар тиелген КамАЗ-дар полигонға қарай тұтас колонна болып ағылады. Әбден қажыдық, ұйқыдан айырылдық. Үй­леріміздің қабырғалары өте жұ­қа, дыбыс изоляциясы жоқ», – деп қамығады ол. Жазда дүлей дауыл тұрғанда, қыста ақ түтек боран соққанда астаналық жаңа ғимараттардың қыштақталары ұшып, жүргіншілер мен автокөлік иелері өміріне қауіп төндіруі «қалыпты» көрініске айналған.  

Үлескерлер проблемасы жойылмады

«Шығыс» тұрғын үй кешенінің үлескерлері ел Президенті Қ.Тоқаевқа дейін хат жазыпты. Соның бірі – зейнеткер З.Рақым­жанұлы. «Үй салынып бітуге таяу, тек іске қосу үшін шамалы күш-жігер танытса болғаны. Алайда құрылыс компаниясымен, жеке ин­вес­тормен, әкімдіктің уәкілетті ұйымы – Елорда құрылыс ком­паниясы өкілдерімен қаптаған кездесу-келіссөзде түсінгеніміз, құрылыстың ілгерілемеуіне лауа­зымды тұлғалардың бейжайлығы және бұл шаруамен айналысуға құлық танытпауы себеп. Мемлекет қайтарымды негізде миллиард­таған қаражат бөлді, осы нысан­ның табыс әкелетіні де дәлелденді. Алайда бюрократиялық сергелдең жалғасып, қаржыландыру созба­лаңға салынуда. «Нұрлы жерден» қаржы бағытталған екі жыл ішінде шартқа қол қою, қайта бекіту, сан алуан аудиттер, тараптардың бір-біріне таусылмас талаптары, басшылардың ауысуы кесірінен «Шығыстың» бірде-бір подъезі қолданысқа берілмеді», – дейді Зейнілғабиден Рақымжанұлы. Ал қалабасы ең көп үлескер шоғырланған «Шығыстың» мәсе­лесімен таныс екен. А.Көлгінов­тің мәліметінше, салушы мен жеке инвестор «Шығыс 1А және 1В» нысандарын 2019 жыл соңына дейін тұрғызып шығуды жос­парлапты. Алайда екі тарап та келісімшарттарын орындамауы кесірінен құрылыс белгіленген мерзімде бітпеді. Сондықтан Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл тұрғын үй кешендерін «Нұрлы жер» қар­жысына аяқтау ісін Елорда құры­лыс компаниясы ЖШС-на жүктеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде серіктестік құрылысты бі­тіруге қанша қаражат керегін анықтау үшін қаржылық және техникалық аудит жүргізіп, келісім бекіту шараларына кірісті. Әкімнің хабарлауынша, «Шы­ғыстың» екі блогы 2020 жылғы мамырға дейін бой көтеруі тиіс. Басқа кезектерінің мерзімі әзірге анықталмаған. Ел Президенті төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында әкім Алтай Көлгінов қала құрылысы бойынша жеке баяндады. – 2019 жыл басында қалада 76 проблемалы тұрғын үй және оларда 14 500 үлескер болды. Әрбір үй бойынша жоспар қабылданды. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізілуі арқасында мем­қаржыларды пайдалану мүмкіндігі кеңейді. Нәтижесінде, 2019 жыл қорытындысында 10 үйдің құ­рылысы аяқталды. Үлескерлер саны 2,5 мың адамға азайды. Биыл 20 тұрғын үй құрылысын тамамдау көзделіп отыр. Қалған үйлер 3 жыл ішінде іске қосылады, – деп уәде етті А.Көлгінов. Әрине, сапасыз баспана мә­селесі әр ел астанасында кездеседі. Мысалы, Мысыр астанасы Каирге барғанымызда, адамдардың қабырғасына сылағы жағылмаған, қыштақтамен жабылмаған, тіпті шатыры жоқ көпқабатты үйлерде жаппай тұрып жатқанын көріп, таңғалдық. Мәнісін сұрағаны­мызда, жолбасшымыз: «Егер құрылысы бітіп, шатыры жабылса, үй иелері мемлекетке салық төлей бастайды. Ал аяқталмаған үйге алым-салық төлемейтіндіктен, тұрғындар мен бизнес заң талабын осылай айналып өтеді», – деп түсіндірді. Бірақ бұл дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтыл­ған бізге тіпті де үлгі емес.
Еліміздегі сапасыз құрылысқа заңнамадағы өзгерістер жол ашты: Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның тұғырын биіктетем деп, Үкімет құрылыс нысанын мемлекеттік қадағалаушы ор­гандар қатысуынсыз қолданысқа беру тәртібін енгізді. Бұл саладан әкімдік те шеттетілген. Салда­рынан баспананы қабылдап ала­тын тапсырыс беруші де, бас мердігер де, техникалық қада­ғалау­шы ұйым да, авторлық қадағалау фирмасы да – жеке компаниялар. Яғни, 4 жеке бизнес өкілі өзара ымыраласып, ақаулы баспананы қабылдай салады. Олардан зардап шегіп, ұлардай шулаған жұрт осыған жол берген билік органдарына шұбырады. Олардың мәселесін шешу үшін қала әкімдігі бизнеске араласып, «Елорда құрылыс» компаниясын құрды. Үкімет болса, о баста бас­панаға мұқтаж жандарға ар­налған «Нұрлы жерді» алданған үлес­керлерге бағдарлауға мәжбүр.
Бұл іс Тартар тауына тас до­малатам деп, шыңға жете оны­сын құлатып ала беретін Сизифтің бос әуресіне ұқсауын қашан қояры белгісіз.   Елдос СЕНБАЙ