Сенаторлар вице-спикерін сайлады
Сенаторлар вице-спикерін сайлады
186
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар Нұрлан Әбдіровтің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы болып тағайындалуына байланысты Сенаттың жаңа вице-спикерін сайлау туралы мәселені және бірқатар заң жобасын қарады. «Нұрлан Мәжитұлы Сенат Төрағасының орын­басары ретінде Президентіміздің реформа­ларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге айтарлықтай еңбек сіңірді. Сенаттың көптеген бастамасын және іс- шараларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосты. Депутаттардың заң шығару қыз­метін де тиімді үйлестіре білді», – деген Мәу­лен Әшімбаев әріптесіне атқарған қызметі үшін алғыс білдірді. Отырыс барысында Парламент Сенаты Төра­ға­сының орынбасары болып Ольга Перепечина сайланды. Ол бұған дейін төрт жылдан астам уақыт Сенаттың Қаржы және бюджет комитетіне басшылық жасап келді. Мәулен Әшімбаев О.Перепечинаның комитет төрайымы ретінде ел бюджетінің тиімді қалыптасуына үлкен үлес қосқанын айтты. Ал Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы болып сенатор Серікбай Трұ­мов сайланды. Сонымен қатар отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір консти­туция­лық заңдарына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» конституциялық заң жо­ба­сын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарады. Құжаттарға енгізілген нормаларға сәйкес, Мәжілістің депутаттық мандаты үшін 30 пайыз­дық квота берілетін санаттар қатарына әйелдер мен жастардан бөлек мүгедектігі бар адамдар да қосылады. Сондай-ақ аталған заң жобаларында «Тұң­ғыш Президент – Елбасы туралы» консти­туция­лық заңға, «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделген. «Бұл құжаттар әйелдер, жастар және мүге­дектігі бар адамдар үшін Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызына кепілдік береді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды депутаттық корпусқа қосу Парламенттің инклюзивтілігін арттыра түседі. Сондай-ақ осы санат­тағы адамдарды еліміздің қоғамдық-саяси өмірі­не белсенді жұмылдыруға да ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев. Талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобаларындағы жаңа нормаларды тұжырым­дама­лық тұрғыдан қолдай отырып, конституция­лық заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынды және оны Мәжіліске қайтарды. Отырыста сенаторлар өзекті мәселелерге қа­тысты депутаттық сауалдар да жолдады.