Қос мектеп пайдалануға берілді
Қос мектеп пайдалануға берілді
265
оқылды
Ақмола облысындағы Целиноград ауданының Раздольное және Төңкеріс ауылдарында көптен күткен жаңа екі мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қос білім мекемесі «Nur Otan» партиясының Жол картасы аясында пайдалануға беріліп отыр. Елорда жанында орналасқан аудан тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Сон­дық­тан халықтың сұранысына орай салынып отырған қос мектеп әбден ескірген, апатты жағ­дайдағы ғимараттарды жойып, білім мекемелерінің заман талабына сай болуына жол ашып отыр. Мәселен, Раздольное ауылында тек бастауыш сыныптарға арналған негізгі мектеп қана бар болатын. Оның өзі ескірген. Ал орта және жо­ғары буын оқушылары көрші ауылға барып оқуға мәжбүр болды. Енді міне, 80 балаға шақ­та­лып салынған жаңа ғимарат 11 жылдық орта мек­теп ретінде өз жұмысын жалғастырмақ. Бұл, әри­не ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп. Ал Төңкеріс ауылындағы мектеп 110 балаға шақ­талған. Оқушылар заман талабына сай салынып, жаңа технологиялармен жабдықталған сыныптарда оқитын болады. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталған білім беру мекемелерінің ашылу салтанатына қатысып, Целиноград ауданын абаттандыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.