Қайырымдылық жасау – қазақтың қанында бар
Қайырымдылық жасау – қазақтың қанында бар
1,668
оқылды
Қаңтардың басында болған қасіретті оқиға халықты алаң көңіл қылғаны бар. Сол күндерде талай азамат елдік мүдде үшін барын салғанын да көрдік. Бірі Отанын бүлікшіден қорғау жолында оққа ұшты. Енді бірі жылаған халықты жұбату үшін қолындағы барымен бөлісті. Біз сондай қайырымды, жомарт көңіл қос азамат, алматылық кәсіпкерлер Сабыржан Зайнидинов пен Бауыржан Қайыңбаевтан арнайы сұхбат алдық. Мақсатымыз – жігіттердің ел басына күн туғанда жасаған азды-көпті жақсылықтарын жария ету емес, керісінше өзгелерге де ой салса деген тілек. – Алғашқы сауалды «қа­сіретті қаңтар» деген атаумен тарихқа сіңіп ба­ра жатқан оқиғаға байланыстырып қойсам деп отырмын. Сіздер осы күн­дерде қиналған жандарға қолда ба­рымен бөліскен жандардың бірі­сіздер. Жалпы, осы күндерде қанша соманың көлемінде қайырымдылық жасай алдыңыздар? Сабыржан Зайнидинов: – Ол күндер елдің басына күн туған сын сағаттар болды. Ондай сәтте азды-көпті мүмкіндігің бола тұра үнсіз, әрекетсіз қалу азаматтығымызға сын болар еді. Сондықтан қолы­мыз­дан келгенше, қаржылай да, бас­қалай да көмек қолын создық. Жал­пы, серіктесім екеуміз қосы­лып, 50 миллион теңгенің мате­риал­дық көмегін көрсеттік. Қалада жаппай тәртіпсіздік пен дүрбелең басталған күні интернет өшіріліп, түрлі қаржы ұйымдары қызмет көрсетпек түгілі, тоналып жатқанда адамдар өз есепшоттарындағы ақ­шаларына қолдары жетпей қалды. Сәйкесінше, азық-түлік дүкендері де қолма-қол сауда жасауға мәжбүр болды. Сол күндері шамамыз кел­генше 1 000 адамға 20 мың теңгеден таратып шықтық. Ондағы ойымыз, тұрғындар ең болмаса негізгі қа­жетті азық-түліктерін алсын деген ниет еді. Оған қоса, қаңтардың 5-і мен 8-і күндері аралығында Алматы қаласы ІІД қызметкерлерін тәулік бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Сондай-ақ қалаға кіре­берістегі барлық блок-беке­т­терде тұрған әскери қызметкерлерге түскі және кешкі астарын жеткізіп бердік. Осы күндері партия мүшесі ре­тінде «Nur Otan» партиясының қа­ла­лық филиалына өтініш білдір­ген тұрмысы төмен бірнеше от­басына азық-түлік себетін таратып шықтық. Біз мұны ешқандай мақ­та­ныш не­месе жарнама үшін емес, азаматтық борышымыз деп атқардық. – Жоғарыда қаржылай көмектен басқа да көмек қолын созғандары­ңыз­ды айтып қалдыңыз. Ол қандай көмек? Бауыржан Қайыңбаев: – Сол күндері арнайы күзет жасақтарын ұйымдастырып, қалада үйлерінде жалғыз қалып қойған қарт кісілерді қорғап шықтық. Жалпы, 35 пәтерді күзету үшін өзіміздің туыс ініле­рімізге өтініш жасадық. Кейбірінің үйіне қарындастарымызды уақыт­ша күтуші ретінде қойдық. Ел іші дүр­­лі­гіп жатқанда ұры-қарылар да қо­ғам­дағы әлеуметтік әлсіз топ­тарды, қарт­тарды торитыны белгілі. Ал оларды қорғау керек еді. Сон­дықтан мұның барлығын жалғыз­басты қарт­тарымыз үрейленбеуі үшін жасадық. – Бұған дейін де түрлі қайырым­дылық шараларына белсене атсалы­сып жүрдіңіздер. Қалта­ларыңыздағы қаржыны санағандай болмайын. Десек те, өзгелерге ой салу мақса­тында сұрағым келіп отыр. Жалпы, егер құпия болмаса, бір­жылдық қайырымдылыққа жұм­сайтын қара­жат көлемі қанша? Сабыржан Зайнидинов: – Кө­біне мұндай ақпаратты жариялай бер­мейміз. Оның бірнеше себебі бар. Дегенмен сіз өзгелерге ой салу мақсатында деп сұрап отырған соң айта кетейін. Бір жылда шамамен қайырымдылыққа 65-70 миллион теңге жұмсаймыз. Жасыратыны жоқ, соңғы екі жылда әлемді жай­лаған COVID-19 індеті кезінде түрлі карантин шектеулері себебінен бизнес біршама тұралап қалды. Сол сәттерде біздің қайырымдылық кө­мегіміздің де көлемі азайғаны рас. Бірақ қай уақытта да қиналған жан­ға қолымыздан келгенше көмек бе­руге тырысамыз. Түк таппасақ, жақ­сы сөзімізді айтып, жұбатып шы­ғарып саламыз. Кейде мәселесі нақ­ты шешілетін жерге жол сіл­тейміз. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтады: «Қолыңнан ештеңе келмесе, ең болмаса жылы жүзбен күліп амандас. Соның өзі садақа», – деп.  – Кәсіпкерлердің алдына келген адам көбіне материал­дық, ақшалай көмек сұрап келетіні рас. Қанша жерден кәсіпкер болса­ңыздар да, кейде бір ыңғайы келмей қалатын жағдай болып жатады. Сондай бір мұқтаж болып келген адамға көмек қолын соза алмай қалатын жағдай жиі болып тұра ма? Бауыржан Қайыңбаев: – Дұрыс айтасыз. Қанша жерден табысы бар кәсіпкер болғанымызбен, бізде белгілі бір себептермен ыңғайы келмей қалатын сәттер болады. Өйткені адамның айтқаны емес, құдайдың дегені болады. Бірақ сондай кезде өзімізді кінәлі адамша сезініп, Сабыржан екеуміз жаны­мызды қоярға жер таппай кететін сәттер болады. Ондай кезде мұқтаж жанға шамалы уақыт күте тұруын айтып, жұбатып шығарып саламыз. Дегенмени осы уақытқа де­йін жа­бығып, жәрдем сұрап кел­ген жан­дарды құр қол қайтарған кезіміз жоқ. Өз басым адамның ең алдымен өзгеге көмектессем деген ниеті бо­луы керек деп ойлаймын. Ол адам­ның бай-кедей болуы ма­ңызды емес. Жәрдем беремін деген ниеті мен әрекеті болса, қалғанын құдай өзі реттеп береді. Оған біздің осы күнге дейінгі тәжірибемізде та­лай рет көзіміз жетті. – Жалпы, қайырымдылық – сауапты іс. Дегенмен сіздерден де бай, бірақ артық шығын шығар­майтын адамдарды білеміз. Қазақы танымға салсақ, «Шық бермес Шы­ғайбайлар» аз емес. Жалпы, қайы­рым­дылық өзі жүре келе пай­да бо­ла­тын нәрсе ме, әлде тәрбие­ден бе? Сабыржан Зайнидинов: – Қа­зақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Осы сөздің астарында терең мағыналы тәрбие бар деп ойлай­мын. Жоғарыда сіз мысалға кел­тір­ген Шығайбайлардың көбісін осын­дай топқа жатқызар едім. Кө­біне адал еңбегімен емес, түрлі көлденең «табыстармен» байыған адамдар өте сараң келетінін көріп жүрміз. Ондайлар қолындағысынан бір тиын артық шықса кедейленіп қаламын деп ойлайды. Олар үшін кедейленіп қалу деген дүниенің соңы сияқты фобияда өмір сүреді. Өзім әке-шешемнің тұңғышы бол­ғандықтан, көбіне атамның тәр­бие­сінде өстім. Сол кісі «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, жақ­сылық көрсең де, жамандық көрсең де сабыр ете біл», – дегенді жиі ай­тып отыратын. Ол кісі «Құдай біреуге байлық береді, бірақ кілтін аспанға іліп қояды екен. Құдай сондай байлықтан сақтасын», – дегенді аузынан тастамайтын. Сол сөздер санамызда бала кезімізден жатталып қалған. Көп қазақ, әсі­ресе ауылды жерде өскен жігіттер осындай тәрбие көріп өсті. Сон­дықтан қайырымдылық пен ме­йірім және жомарттық деген нәрсе ұлттық тәрбиенің негізгі ұстын­дарының бірі деп ойлаймын. – Туған ауылдарыңызға жиі ба­рып тұрасыздар ма? Ауыл­дағы аға­йын­ға да көмек қолын созасыздар ма? Сабыржан Зайнидинов: – Иә, әрине ауыл деген әр қазақтың жү­регінде тұрады. Екеуміз де ауылға жиі барып тұратын қазақтардың қа­тарынанбыз. Бауыржанның туған ауылы – осы Алматы облысының Ұй­ғыр ауданы. Мен Қызылорда об­лысы Жаңақорған ауданының ту­ма­сымын. Алыс-жақындығына қа­рамастан, жылына кемі үш-төрт рет туған жерге ат басын тіреп тұрамыз. Екеуміз де соңғы 5-6 жылда әр үш ай сайын туған ауданымыздағы жағдайы төмен 100 отбасына тұрақты түрде көмек беріп тұруды дәстүрге айналдырғанбыз. Міндетті түрде әр барған сайын 3 немесе 4 ірі қара малды сойып, етін таратамыз. Басқа да азық-түлік секілді қажет­тіліктеріне көмектесеміз. Бірнеше үйге қысқа қарай қажетті көмірін тү­сіріп беруге қаржы бөлеміз. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Одан ажы­рап қалуға болмайды деп ой­лаймын. Осы орайда Мемлекет бас­шысының ауыл шаруашылығын көтеру туралы бастамаларын қол­даймыз. Әсіресе, 11 қаңтар күнгі ха­лыққа жолдаған үндеуінде шет­ел­ден кіретін автомобильдерден утиль­алым мәселесін түбегейлі ше­шуді Үкіметке тапсырды. Сол тап­сырмаға сәйкес, тиісті орындар ауыл шаруашылығына қажетті тех­никаларға алынатын утильалымды барынша жеңілдетудің амалын қа­растыруда. Сондай-ақ ол кісі ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілетін субсидия мә­селесін де оңтайландыруды баса айтты. Президенттің «Жаңа Қазақ­стан» құрамыз деген идеясын әр­қайсысымыз ол кәсіпкер немесе қарапайым мұғалім, тағы да басқа болсын қуана қолдап, өз шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек деп санаймын. – Соңғы сауал болсын. Алматы­лықтар, жалпы ел азаматтары бол­сын, қаңтардың басындағы қырғын кезінде, одан кейін де біраз адамды түрлі ойға жетелегені шындық. Оқыр­мандарға ел азаматтары ре­тін­де сұхбат соңында не айтасыздар? Бауыржан Қайыңбаев: – Қалай болғанда да сол күндерде халқымыз сын сағаттарды басынан өткерді. Құдайдан ол күндердің қайта кел­меуін тілейміз. Ел басына күн туған сәтте халыққа үлкен сенім беріп, ті­рек болған Президентімізге риза­мыз. Бізді ол күндерден елдің ауыз­біршілігі мен мейірім және адам­гер­шілік алып шықты деп санаймын. Сабыржан Зайнидинов: – Шыққан шығын болса, орны толар. Бүлінген дүние қалпына келер. Ең бастысы, сол күндерде ел іргесі сөгілмегеніне қуанамыз. – Әңгімелеріңізге рақмет!

Алматы қаласы