Қаңтар оқиғасында Президент ел тұтастығын сақтап қалды — депутат­
Қаңтар оқиғасында Президент ел тұтастығын сақтап қалды — депутат­
272
оқылды

Парламент Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсәметова Қаңтар оқиғасы барша қазақстандықтар үшін үлкен сын болғанын айтты.

"Отбасым Алматы облысында тұрады. Жолдасым екеуіміз 8 баланы тәрбиелеп отырмыз. Оқиғалар кезінде ауылда жоқ едім. Отбасымның қасында бола алмай, жанымды қоярға жер таппадым. Балаларымның өмірі үшін қорықтым... Есіңізде болса, дүкендер жабық. Ештеңе жұмыс істемейді. Жол жабық, әуежай жабық, ешқайда шыға алмайсың. Алматыдағы жағдай тіптен сұмдық болды. Осының бәрі тезірек бітсе екен, аяқталса екен деп тілеп қана отырдық. Бүкіл халық теледидарға үңілді. Мемлекет басшысының шешімін күтті. Президентіміздің үндеулері мен табанды позициясы халыққа үлкен демеу болды. Әр сөзін шегелеп, елдегі тәртіпті қалпына келтіру үшін қолынан келгенін аямайтынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдаған шешімдерін естіген соң ғана көңілім орнына түсті. Анархияға жол бермей, Президентіміз өз мойнына жауапкершілік алып, нақты шараларды қолға алғаны үшін ол кісіге ана ретінде, қазақтың бір қызы ретінде, шынайы алғысымды айтамын. Президент ел тұтастығын сақтап қалды. Тәртіпті қайта қалпына келтірді. Осы оқиғалар кезінде заң бұзған азаматтарға іс қозғалып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қоғам өкілдері мен адвокаттар белсенді түрде жұмыс жасауда. Прокуратурада түрлі заңбұзушылықтар туралы шағымдарды қарап, біраз адамдарды босатты. Бәрі өз орнына келеді деп ойлаймын. Уақыт керек. Қоғам қаңтар оқиғасы туралы шынайы, әрі нақты ақпарат алатын болады. Біз, бұл оқиғалардан сабақ алып, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуіміз керек. Еліміздің дамуы үшін қажымай, талмай, бірлесе еңбек етейік. Бұл балаларымыздың болашағы үшін қажет. Қауіпсіз жерде жұмыс істей алатын, бақытты өмір сүре алатын елді оларға мұра етіп қалдыруымыз керек", - деді депутат. https://youtu.be/h41gTEG_7aY