Трио тыңдармандарын тәнті етті
Трио тыңдармандарын тәнті етті
239
оқылды
Қазақстандық FORTE TRIO мемлекеттік триосы Еуропа мә­дениетінің орталығы Берлин филармониясында өнер көр­сетіп, шетел көрер­мен­де­рін таңғалдырды. Бетховеннің скрипка, виолон­чель және оркестрмен фор­те­пиа­ноға арналған атақты концертін отан­дық әртістер Берлин симфо­ния­лық оркестрімен бірге орын­да­ды. Әлемнің үздік өнер жұлдыз­дары үшін Еуропаның жауһары атанған Берлин симфониялық ор­кестрімен бір сахнада өнер көр­сету қазақстандық өнерпаздар үшін үлкен мәртебе. 2 200 көрерменге арналған үл­кен зал лық толы болды, концерт билеттері небәрі екі-ақ күнде са­тылып кеткен. Берлин филар­мо­­ниясының өкілдері мәлім­де­ген­дей, бұл пандемия басталғалы бері алғашқы толық аншлаг жи­наған концерт болды. Концертте көрерменнің атақты оркестрге деген ыстық ықыласы, Бетховен му­зыкасының танымалдығы мен қазақстандық музыканттардың өнеріне деген зор қызығушылық керемет үйлесім тапты. Өткен жылдың желтоқсан айын­да FORTE TRIO Франция­ның 4 ірі қаласында концерт өт­кізіп, осы елдің 2021 жылғы кон­церт­тік маусымын аяқтағаны мә­лім. Енді отандық музыканттар Гер­мания елінің өнерсүйер қауы­мын тамсандырып, ковидтік шек­теулерден шаршаған тыңдарман­дарға ұмытылмас жарқын эмоция сыйлады. Қазақконцерт құрамында өнер көрсететін FORTE TRIO ан­сам­блі Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Тимур Урман­чеевтің көркемдік жетекшілігімен өнер көрсетеді. Ұжымның мақ­саты – қазақстандық классикалық музыканы әлемге таныту. Қазақстандықтар FORTE TRIO ұжымының өнерін 2 наурыз күні «Астана опера» театрында «Лю­бите ли вы Брамса?» атты жаңа концертте тамашалай алады.

Әбілмансұр ЖАСАН