Директорлар орын ауыстырады
Директорлар орын ауыстырады
1,113
оқылды
Былтыр «Жамбыл об­лы­сында 36 мектепте ди­ректор жоқ» деп жұрт шу­лаған. Бұл мәселе би­лік­тегілердің де бас ау­руына айналып, әйтеуір білім са­ласына жауапты шен­ді­лер бір шешімін тапқандай болды. Ал енді биыл мек­теп дирек­тор­ларының ро­та­циясы келе жатыр. Үкі­мет үйінен шық­­­қан бас­тама оқу жүйе­­сіне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

Мектеп директорларын ротациялау қашан басталады?

Ең әуелі «мектеп директорларының ротациясы қалай жүргізіледі?» дегенге келсек, білім беру мекемесінде 4-7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ауыстырылады. Ротациялауды облыстық Білім басқармалары жүзеге асырады. Сонымен бірге бір елді мекен аумағында жүргізіліп, бірдеңгейлі ұйым басшыларының арасында іске асады. Ашықтық принципін сақтау үшін ротациялау мәселесін арнайы құрылған комиссия қарайды. Алайда зейнет жасына  3 және одан аз жыл қалған директорларға бұл жүйе қолданылмайды. Ол үшін мектеп басшысы өтініш жазуы керек. Жамбыл облыстық Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, мектеп директорларын ротациялау осы жылдың ақпан айының аяғы мен наурыз айынының басында жүргізіледі екен. Алайда нақты қанша директор қызмет орнын ауыстыратыны әзірге белгісіз.

Бір мектепті басқара алмаған басшы басқасын қатыра ма?

Ал мұндай өзгеріске педагогтердің пікірі қандай? Сала ардагері Нұркен Қасымованың айтуынша, бұл үстіртін қарайтын дүние емес екен. – Бүгінде білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Бір мекемеде 10-15, тіпті одан да көп жыл жұмыс істеп келе жатқан басшылар аз емес. Әрине, олар өз біліктіліктерінің арқасында осынша жыл білім беру мекемесін басқарып келеді. Сондықтан ротациялауға біржақты баға беруге болмайды. Бір қырынан қарасаң, басшыға өз қабілетін көрсету үшін 5-7 жыл жеткілікті. Осы уақыттан кейін ол тың идеяларға таусылуы мүмкін. Оған қоса, бір орында талай жыл тапжылмай отырған басшы мекемені өзінің жекеменшігіндей көріп, қызметкерлеріне үстемдік көрсетуі ықтимал. Ал мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан алға ілгерілеу үшін міндетті түрде өзгеріс  болғаны жөн. Екінші қырынан келсең, бір мектепті басқара алмаған басшыны қалай деңгейі әлдеқайда жоғары өзге білім мекемесіне директор етуге болады? Ауыстырылған басшы ол мектепті де құлдыратпасына кім кепіл? Бұл жерде біз ең бірінші оқушылардың обалына қаламыз. Сол себепті ротацияға түскелі тұрған директор­лардың жетістігі мен біліктілігін қатар зерделеп, жеті өлшеп,  бір кескен жөн, – дейді Нұркен Нұрмаханқызы.

«Үміткер орынбасар болуы керек» деген талап КЕРЕК ПЕ?

Қордай аудандық Балалар мен жас­өспірім­дер шығармашылық орталығының дирек­торы Айнұр Абықаева қосылғаштардың орны ауысқанымен,  қосынды өзгеретініне сенбейді. – Ауданда бұрындары да мектеп директорлары ауысып тұрған. Одан қатты өзгеріс­тер болды деп айта алмаймын. Сон­дық­тан қосылғыштардың орнын ауыстыра бергенше маманды мектеп басшылығына тағайын­даудағы талапты күшейту керек. Ол үшін үміткердің білімінен бастап, адами қасиеті, сауаттылығы, ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжыммен өзара жұмысына дейін зерделеу қажет. Одан кейін «мектеп директорына үміткер бір жыл басшының орынбасары болуы керек» деген талапты алып тастаған жөн. Өйткені қазіргі орынбасарлардың дені 10-15 жыл бір орында отырған, алды зейнет жасына жақындап қалған мамандар. Олар мектеп үшін берерін беріп қойған. Жаңа­шыл­дық әкеледі дегенге сенбеймін. Керісінше, жасындай жалындап тұрған жастар мектеп директорының орынбасары  болма­ған­дықтан, басшылық қызметке бара алмай отыр. Нәтижесінде, «36 мектеп директорсыз отыр» деген секілді кадр тапшылығы сезілуде, – дейді Айнұр Болатқызы.

Зейнеталды жастағы директорлар қулыққа салмай ма?

Мойынқұм ауданы  М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Гүлнұр Әбілова болса, ротациялау кезінде ұжым мен ата-аналардың пікірі ескерілсе деген тілегін жеткізді. – Қандай да болмасын білім беру мекемесіне басшы тағайындауда ұжым мен Қамқоршылар кеңесінің пікірі ескерілгені жөн. Сонда ғана директормен педагогтер де, ата-ана да түсінікте жұмыс істей алады. Бір сөзбен айтқанда, келісіп пішкен тон келте болмайды. Ал енді мектепті жоғары жетістікке жеткізіп, гүлдендіріп отырған директорды ауыстырған жөн бе?  Ротация – басшы үшін стресс. Көп жағдайда осындай психологиялық қысымға шыдай алмаған директорлар жанның тыныштығы үшін мұғалімдікке ауысып кетіп жатады. Шын мәнінде, одан біз білікті басшыны жоғалтып алуымыз мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі,  зейнеталды жастағы директорларды ротациядан босатқанда  «онымен кейін еңбек шарты ұзартылмайды» деген талапты  енгізу қажет. Өйткені ротациядан құтылған директор зейнетке шыққаннан кейін  Білім басқармасын­дағылармен қарым-қатынасы жақсы болса, келісімшартын тағы ұзартып алуы мүмкін. Бұл – жастардың жолын бөгеу. Сондықтан жауаптылар бұл мәселеге жіті көңіл бөлген­дері абзал, – дейді Г.Әбілова.

Жаңашылдықты жатсынбау керек

Ротациялау білім саласының екінші тынысын ашатынына сенімді басшылар да бар. Төле би атындағы №8 гимназияның директоры Әлішер Әзімбайдың айтуынша, бұл бүгінгі білім жүйесіне ауадай қажет екен. – Білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау дұрыс шешім. Себебі  жаңа қызмет орнына барған басшы өз біліктілігін көрсету үшін барын салады. Білім беру мекемелері арасында бәсекелестік туып, педагогтер жаңа директордың алдында етек-жеңін жинайды. Ротация басшының кәсіби тұрғыда тұралап қалуына жол бермейді. Сондықтан бұл мектеп директорларының өздеріне жақсы. Сондай-ақ жаңа өзгеріс жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да өз ықпалын тигізеді деп сенемін. Сол себепті жаңашылдықты жатсынбай, бастаманың баянды болуына бәріміз күш салуымыз керек,– дейді Әлішер Әзімбайұлы.

P.S. 

Иә, қалай дегенде де мектеп директорлары ротацияға түсетіні анық. Алайда басқарма мамандары әзірге қанша мектептің директоры ауысатынын ашып айтпай отыр. Бәлкім, жаңа жүйенің оң-солын басқармадағылар да енді бағамдап жатқан шығар. Ал бұл бастама білім саласына қаншалықты өзгеріс әкелерін уақыт көрсетеді. Ең бастысы, математика тілімен айтқанда, қосылғыштардың орны ауысқаны­мен, қосындының мәні өзгермей қалмаса болғаны.

Жамбыл облысы