Жұмыс қарқыны үдей түсті
Жұмыс қарқыны үдей түсті
492
оқылды
Мемлекет басшысы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда өткен пар­тияның кезектен тыс ХХІІ съе­зін­де маңызды бірқатар мін­детті жүктеді. Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі, қа­лалық партия филиалының төрағасы Асхат Шахаровтың тө­ра­ғалығымен партия активі­нің отырысы өтті. Оған «AMANAT» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Байқоңыр Ержанов, депутаттық фракция жетекшісі Абай Сақтағанов, қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова, бас­тауыш партия ұйымдарының төра­ғалары, Саяси кеңес және фракция мүшелері қатысты. Күн тәртібінде «AMANAT» пар­тиясының кезектен тыс ХХІІ съе­зінің шешімдерін орындаудағы Ақ­төбе қалалық филиалының мін­деттері туралы» мәселе қаралды. Жиын барысында филиал төрағасы А.Шахаров: «Төрағаның партияны модер­ни­зациялау бойынша берген тап­сырмасы аясында саяси ұйымның жұмысына кешенді талдау жүргі­зілді. Республика бойынша ұсы­ныс­­тар жиналды. Нәтижесінде, маңыз­­ды ұсыныстар топтасты­ры­лып, 7 бағыттан тұратын жаң­ғы­ру­дың бағдарламасы қабылданды. Пар­тияның өзгеріске ұмтылуы қо­­ға­м­ның негізгі сұраныстарына – адалдық пен әділдікке, тиімділік пен жауапкершілікке, жеделдік пен ашықтыққа негізделген» деп пар­тияластарды ұсынылған бағдар­ламаны қолдауға және бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Төрағаның айтуынша, халықты толғандыратын ең маңызды және өзекті мәселелер бойынша Talqylau пікірталас алаңы құрылады. Осы арқылы «Ашық партия» тұжырым­дамасы жүзеге асырылады. А.Шахаров съезде аталған тап­сыр­малар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп, мемлекетті дамытуға, ха­лық тұрмысын жақсартуға күш салу керегін айтып, нақты тапсыр­малар жүктеді. Сондай-ақ аталған міндет­тер өз бақылауында екенін ескертіп, тұрғындармен жиі кез­десіп, ашық саясат жүргізіп, елдің өті­ніштері мен ұсыныстары бо­йын­ша жедел әрі нақты әрекет етуді тапсырды. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы­ның мүшесі Мира Балтымова жиында партияның жұмысында ашық­тықты арттыру және ха­лық­тың әртүрлі тобымен жұмыс істеуге арналған бағыттар туралы өз пікірін білдірді. Осы уақытқа дейін «Ардагер­лерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Жастар – Отанға», «Халыққа көмек» сияқты 6 пар­тиялық жоба жүзеге асырылып келсе, алдағы уақытта ТАЗАLIKE, «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобалар іске қосылатын болады. Аталмыш жобалар қоғам­дық көңіл күйді саралау мен әлеу­меттік шиеленістің ықтимал ошақ­тарын анықтауға, сарапшылар мен бел­сен­ді азаматтардың ұсыныс­тарын жинақтауға бағытталады.