Қазынаның іргесін құрайтын компаниялар
Қазынаның іргесін құрайтын компаниялар
© коллаж: Әсел Балтақызы
552
оқылды
Ірі салық төлеушілер – экономиканың тірегі, мем­лекеттің серігі. Бірақ олар елдің сорына айналып ке­туі де мүмкін. Империяшыл Ресейді ғаламат санк­ция­лық қысымға алған, алапат қыспаққа салған Батыс әлемі бірінші кезекте оның көп салық төлейтін алып компанияларына үсте­ме­летіп соққы беріп жатыр: олар банкрот болса, мем­лекет­тің экономикасы күй­реуі мүмкін. Ал озық да­мы­ған елдер мұндай қауіптен құт­қарар жолды тапты: ал­па­уыттарға емес, шағын және орта бизнеске сүйе­не­ді. Осы орайда Қазақ­стан­ның ірі салық төлеу­шілері кім екенін анықтап қойсақ.

Ірі ме, іріткі ме?

Ірі салық төлеушілер елімізде жүздеген мың қазақстандыққа жұ­мыс беріп отыр. Олар ел қазынасын толтырады, әлеуметтік қолдауды жүзеге асырады, спортқа, мәде­ниет­ке, жергілікті жобаларға де­меу­шілік жасайды. Дегенмен биліктің оларға тым тәуелділігі абырой әпер­мейтіні, одан ел опа таппайтыны әш­кереленді. «Қасіретті қаңтар» оқи­ғаларынан кейін, 11 қаңтарда Мә­жілістің отырысында сөз сөй­леген Президент Қ.Тоқаев олигарх­тардың кесірлі істеріне тоқтала келе, ірі кәсіпорындар айрықша артық­шылықтарды пайдалана отырып, экономикадағы бәсеке­лестікті басып-жаншығанын, реформалар жүргізуге кедергі кел­тіріп келгенін ашық айтты. Ірі кәсіпорындардың кеңес кезінен бері экологияға шектен тыс ауыртпалық түсіріп, табиғатты улап жатқаны жасырын емес. Мысалы, кейінгі жылдары Қарағанды облы­сында қап-қара қар түсетінді шы­ғарды. Еліміздің әр өңірінде заңсыз төгілген улы шығарындылар кесі­рі­нен өзен-көлдердегі балықтардың жаппай қырылуы жиіледі. Әрине, Үкімет зиянды зауыт-кә­сіпорындардың, кен орында­ры­ның бәрін жауып тастай алмайды. Әйтсе де, алдағы жылдары олардың үстінен мемлекеттік және қоғамдық бақылау күшейтілмек. Қазақстанның республикалық бюджетінің кірісі 2021 жылы 11 трлн 277 млрд теңгені құрағаны мә­лім. Бұл ретте отандық 50 ірі са­лық тө­леуші 5,9 трлн теңге салық төлепті. Бұл 2020 жылғыдан 34%-ға артық. Дегенмен сарапшылар мемле­кеттің оларға көрсеткен көмегі де осыған жетеғабыл дейді. Үкімет жы­лы-жұмсағын алдымен солар­дың аузына тосады, бюджеттен қы­руар субсидия береді, салықтық жеңілдіктер мен түрлі артықшылық ұсынады. «Майшелпек» кен орын­дары, табысты жобалар, қомақты тен­дерлер солардың еншісінде. Мұ­ның сыртында Үкімет солар үшін ұлттық заңнаманы өзгертеді, солардың мүддесін ілгерілететін нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды. Бір ғана мысал: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Кастинг» ЖШС, KSP Steel ЖШС секілді аз шоғыр ғана металл өңдеуші зауыттарды қор­ғаған шенеуніктер 2018 жылдан бері шетелге металл сынықтарын экс­порттауға тыйым салып келеді. Соң­ғы рет Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі №526 бұйрығымен, 2021 жылғы 19 қазаннан бастап қара және түсті металл сынықтары мен қалдық­тарын Қазақстаннан сыртқа әкетуге мораторийді кезекті рет тағы 6 айға ұзартты. Осы наурыз айында ұқсас шешім қабылдауы мүмкін. Осының салдарынан төрт жылдай бұрын ауыл-аймақта 100 мыңнан астам адам­ды асырап келген металл сы­нықтарын жинау кәсібін әбден құл­дыратты. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің дерегінше, бұл салада 6 625 кәсіпкер ғана қалған. Әрине, кейбір «металлолом» жинаушылар құдықтардың қақпа­ғын ұрлап, теміржол рельстерін кесіп, байланыс және электр сым­дарын үзіп, халыққа да, мемлекетке де қауіп келтіргені құпия емес. Бірақ ондай қылмыскерлермен кү­ресу – құқық қорғау органдарының ісі. Ал осы экспортқа тосқауыл қою ақыр соңында қазақтың ұлан-ға­йыр даласының ластануына әкеліп соқтырған: «дала санитарлары» жинауды қойғандықтан темір-терсек атаулы ауыл-қалада, байтақ далада босқа тот басып, шіріп, улы зат болып, топыраққа сіңіп, бүл­діріп жатқанына экологтер дабыл қағып жүр. Экспорт доғарылғанға дейін Қазақстан жылына 3,5 мил­лион тоннаға дейін металл қал­дық­тарын жинап, шетелдік нарыққа өткізетін, қомақты табыс табатын. Ал отандық 4 металлургиялық за­уыт жылына 1,5 миллион тоннадай сынықты өңдей алады, оның өзінде толық қуатында жүктеле алмай ке­леді. Осылайша, республикада жыл сайын 2 миллион тоннадай металл коррозияға ұшырап, жерді улап жатыр.

Шың басындағы алпауыттар кімдер?

FinReview.info сарапшыла­ры­ның айтуынша, коронавирус пан­демиясы өндіріс пен кәсіпкерліктің тұтас салаларын өзгертті: «Бүкіл экономика да, бизнес жүргізу мо­де­лі де өзгерді. Көптеген қызмет түрлеріне сұраныс құлдырады. Кей­бір қызметтер мүлдем доғарылған. Адамдар мен мемлекеттер жаңа өмір шынайылығына бейімделіп жатқанда бизнестің біраз саласы аман қалудың амалдарын іздеді. Карантин шектеулері әлемдік және ұлттық экономикаға теріс ықпал етті». Сорақысы сол, енді осыған Ре­сейдің Украинаға басқыншылығы, Батыс елдерінің өзге серіктерімен бірге Ресейге қарсы енгізген санк­циялары қосылып, дүниежүзілік экономиканы жаңа дағдарысқа киліктіріп отыр. Қазақстан бұл күйзеліске бір­шама дайындықпен келді. 2021 жы­лы еліміздің ЖІӨ-сі 4 пайызға өсті. Салық түсімдері бірден 25 па­йызға артты. Мемлекеттік бюджет са­лық есебінен былтыр 10,7 трлн теңгеге толықты. Бұл 2020 жылғы­дан 2,2 трлн теңгеге, ал пандемияға дейінгі 2019 жылғыдан 1,5 трлн теңгеге көп. Яғни, қазақ елі салық жөнінен коронакризиске дейінгі кездегіден де асып түсті, ал эко­но­мика қалпына келіп, даму жолына оралған еді. 2021 жылғы желтоқсанда Ұлт­тық банк Қазақстанның 2022 жыл­ғы даму болжамын қайта қарап, биыл елдің ЖІӨ-сі 3,9-4,2 пайызға өседі деп жорамалдаған-тын. Де­генмен жаңа жағдайда өсім аздау болуы мүмкін. Кейбір сарапшы ре­цессия туралы қайта әңгіме қоз­ғай бастады. Қалай болғанда, қазір елдің эко­номикасы да, бюджеті де ірі са­лық төлеушілерге қатты тәуелді: не­бәрі 50 алып кәсіпорын бюд­жет­тің 54,9 пайызын толтырып отыр. 5,9 трлн теңге салық төлеген. «Қандай компаниялар ірі кө­лемде салық төлейді?» дегенге тоқ­талсақ, сол бұрынғыдай, дәстүрлі түрде мұнай-газ өндіруші компа­ния­лар көш басында келеді, бұлар «Теңізшевройл» ЖШС, Қара­шы­ғанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ. Нақтылай кетсек, Теңіз кен орнын басыбайлы иемденген ТШО өткен жылы 1,7 трлн теңге салық ауда­рып­ты. Америкалық-қазақстандық осы компания – салығы трил­лионмен есептелетін жалғыз кәсіп­орын. Басқалары онымен терезе теңестіре алмайды. Мұнай және ілеспе газ өндіру­ші компаниялар елулік ішінде 19-орын­ды иеленеді. Олар елге жал­пы жиынтығы 4 трлн теңге салық береді. Ірі салық төлеушілер рейтингі­не сондай-ақ металлургия, темекі, тау-кен өндіруші, мұнай өңдеуші, логистика, телекоммуникация, банк салаларының және сусын өндірісінің компаниялары кіреді. Сарапшылар, әсіресе өндіру сек­­торындағы алпауыттардың бә­рібір аз салық төлейтініне назар ау­­дартып жүр. 47 пайызға дейінгі та­­­бысын түрлі салық арқылы бюд­жетке алып қоятын дамыған елдер­мен салыс­тырмағанның өзінде көрші Ресей біздегіден 2 есеге дейін артық салық жинайды. Қазақстан Үкі­меті мұны таяуда ел Президенті ес­керткен соң ғана мойындап, ал­па­уыттарға са­лықтық жүктемені арт­тыру мәсе­лелерін қарастырып жатыр. Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Қайрат Қош­қарбаевтың айтуынша, әлемде ши­кізат бағасы өскенімен, Қазақ­станда одан түсетін салық сайма-сай өспейді. Мұнай өндіруші ком­паниялар 1 доллардан 15-18 цент қана салық төлейді. Бұл басқа елдер түгіл республикадағы өзге сала­лармен салыстырғанда тым аз. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді: алпауыттар табиғи ресурс­тарды өндіруге қатысты салықтық режимнің олқылықтарын пайда­ланады, контрактілердегі шарт­тарды бұзып, міндеттемелерін орын­дамай, одан ақша үнемдейді. Яғни, елге келетін пайдасы, қайта­рымы кемиді. Елде сондай-ақ таби­ғи ресурстарды тиімді пайдалануда да мәселе жетерлік. Өндіруші ком­паниялардың шығысы айқын емес, жете есепке алынбайды. Сарап­шы­лар бізде әлі күнге контрактілердің шарттары жұртшылықтан жасырын ұсталып отырғанын да қаперге салады. Қорыта айтқанда, әлемдегі санкциялық соғыс әрбір елдегі үкі­меттерді төл ірі салық өнді­ру­ші­леріне жіті көңіл бөлуге итермелеп отыр. Өйткені алғашқы болып со­лар соққы астында қалатыны бай­қалады. Оның үстіне, бұл алпауыт­тардың байлық қуу, аста-төк пайда табу жолында елге зиян келтір­ме­гені, тек игілік әкелгені абзал.