Қазақ газеттері жолайрықта тұр!
Қазақ газеттері жолайрықта тұр!
477
оқылды
Жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада журналист-публицист,  «Astana Aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі «ELORDA AQPARAT» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырған тұсаукесерге Парламент депутаттары, еліміздегі БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, оқырмандар қатысты.    width= Рәсімге арнайы шақырылған Парламент депутаттары – Нұртөре Жүсіп пен Жанарбек Әшімжан, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, «Astana aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы Мұратбек Тоқтағазиндер кітаптың тұсауын кесті. Журналистика және PR мамандығында оқитын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне, медиа саласына қызығатын көпшілікке арналған оқу құралы 1000 данамен басылып шыққан. Жаңа туындының жарыққа шығуына қаржылай қолдау көрсеткен «Kazaknews.kz» ақпарат агенттігі (жетекшісі – Доған Йылдыз) екенін атап айту ләзім. Кітапты баспаға әзірлеген: «Mazmundama» қоғамдық қоры.    width= Кітаптың жаңашылдығы мен құндылығының бірі – болашақтың медиа моделіне болжам жасалған. Заманауи цифрлық технологиялар журналистің жеке басына, қызметіне әкелген өзгерістер нақты мысалдармен көрсетілген. Автор алдағы уақытта дәстүрлі журналистика мен цифрлық медианың бірін-бірі қалай толықтыратынын талдайды. «Зерттеу барысында қазір онлайн-газеттер мен цифрлық медиа құралдарының ақпарат таратуда, оқырман қажеттіліктерін қанағаттандыруда баспа БАҚ-тың алдына түсіп, жаңаша парадигма қалыптастырғанын анықтадық. Демек, баспа БАҚ өзінің форматын, мазмұнын, сапасын өзгертуі қажет», – дейді автор Т. Тілеубай.    width= Кітаптың тұсау кесу салтанатына қатысқандар жаңа кітаптың маңызы, автордың ашқан жаңалығы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай қазақ медиа саласында сапалы дүние аз екенін айтады. «Өкінішке орай, қазір бізде бүгінгі медиа саласындағы өзгерістер мен құбылыстарды терең түсіндіріп, толық мағлұмат беретін оқулықтар жоқ. Төлен Тілеубайдың бұл еңбегі қазақ медиа саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі деп санаймын. Мұндай еңбектің арқасында ұлттық медиа жаңа даму деңгейіне көтеріледі деген ойдамын. Заманның сұранысына сәйкес мұндай дүниені жазу оңай емес. Елімізде журналистика саласында жыл сайын қаншама магистрлер, Phd докторлары шығып жатса да, отандық ғылым үшін жаңалығы бар мұндай туындыны өз басым бірінші рет көріп тұрмын. Олай болса, оқу құралын Қазақстандағы барлық журналистика факультеттеріне таныстыруға міндеттіміз. Ал өз әріптестерімнен осы кітапты оқырмандарға жеткізуге барынша атсалысуын сұраймын!» – деді Бибігүл Нұрғалиқызы. Белгілі қаламгер, бірнеше публицистикалық кітаптардың авторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Шархан Қазығұл жаңа туындыға қатысты отандық медиа саласындағы құбылыс деген баға берді. «Меніңше, бұл медиа саласындағы үлкен оқиға. Өйткені, біз қазір шынында жолайрықта тұрмыз. Кейбіреулер газеттердің жаназасын шығарғысы келеді, бірақ оған асықпауымыз керек. Бұған дейін шын мәнінде ғылыми тұрғыдан қазақ газеттерінің болашағы туралы әңгіме болған емес. Ұлтты тәрбиелейтін – газет. Ақын Олжас Сүлейменовтің: «Публицистика – дело повзрослевшего ума» деген сөзі бар. Бұл кітап медиа саласындағы үлкен құбылыс», – деді Шархан Қазығұл. Ал танымал ақын, қаламгер, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан автордың бұл кітабы медиа тақырыбына ізденетін, журналистика мамандығына оқитын жандардың қолынан тастамайтын оқу құралына айналатынын зор сенімі барын айтты. «Төлен Тілеубай – кәсіби журналист, көп жылдар бойы ақпараттық кеңістікте ақадал еңбек етіп жүрген білікті маман, бірақ сол еңбегін істедім деп ешқашан бұлдамайтын азамат. Ол бойын жасырып жүріп, қоғамның дамуы үшін үлкен үлесін қосып жүрген жан. Бір байқағаным, кейде еңбегі еленіп, көп жағдайда еленбей жатады» , – деген ойын айтты Ж. Әшімжан. Белгілі медиаменеджер, ұлағатты ұстаз, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы жаңа оқу құралының журналистика саласындағы білім алушыларға, ізденушілерге қажет болатынына, пайдасы тиетініне толық көз жеткізгенін жайып салды. «Мен журналистикаға кеш келдім. Бірінші көрген әріптесім – Төлен Тілеубай. Астанадағы Журналистер үйінде екі бөлмеде қатар отырып, жұмыс істедік. Ол өзінің қазақы болмысымен, иман парасатымен ерекшеленіп, маған бағыт-бағдар көрсетті. Ұстаз ретінде айтарым, бұл қазақ журналистикасы саласында, масс-медиада жүрген барлық ізденушілерге қажет оқулық. Өзім де оқып шықтым. Бір мақаланы зорға жазып жүрген заманда бұл үлкен еңбек, ізденіс деп білемін. Төлен балам да жолайрықта тұр. Көп жылдар бойы ұлттық баспасөзде еңбек етіп келеді. Енді ғылымға бет бұрмақшы екен. Қадамына ақ жол тілейміз! Сондықтан еңбегің жемісті болсын! Қасиетті ораза айттың екінші күнінде әдейі ырымдап тұсауын кесіп жатырмыз. Жалғасы бола берсін. Құтты болсын!», –  деп Сәуле Мешітбайқызы ақжарма тілегін жеткізді. Басқосудың соңынан кітап авторы оқырман қауымға, өзінің шығармашылығы мен жаңа кітабы туралы жылы лебіз білдірген жандарға алғысын айтты.