Кішкентай оқырман көркем шығарма күтеді
Кішкентай оқырман көркем шығарма күтеді
860
оқылды

Бүгінде баланың тамағы тоқ, көйлегі көк болғаны көп ата-ананың көңіліне медет. Ал жасампаздық туралы жарыса айтатындар интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда технологиясы көш ілгері кеткен елдерді мысалға алып жатады. Сол үшін де бүгінгі балалардың таным-түйсігі бөлек. Алайда бесіктен белі шықпаған баламызға технология тілін меңгертуге жұмыс істеп жатқанда жапондықтар мен америкалықтар кітап оқудан алдына жан салмай келеді. Өйткені елдің ертеңіне айналар ұрпақтың қалыптасуы кітап оқудан басталады.

Америкалық балалар жазушысы әрі ка­рикатурашы Джефф Киннидің «Әлжуаз баланың күнделігін» оқымаған бала аз. Өйт­кені жазушының шығармасы әлем елдеріне 50 миллион данамен тараған. Оның 4 күн ішін­де мектеп оқушысы Грег Хеффли туралы жазылған шығармасының 81656 да­насы са­тылған. Күні бүгінге дейін осы кітап­тың түп­нұсқа тілін түсінбегендер өз тіліне аударылған автордың шығармасын іздеп жү­ріп оқиды. Осы күні «Хэрри Поттерді» жата-жастана оқитын қазақ балалары да көп. Қарап отырсақ, смартфонды серік еткен қазіргі ба­лалар арасында да әдебиетке құмартып, шы­ғармаға шөлдеп жүрген кішкентай оқыр­ман­дар көп. Олай болса кішкентай оқырман­дар­дың көңі­лінен шығар қазақ шығармасы бар ма? Былтыр Балалар әдебиеті жылының аясында осы саланы дамыту үшін үлкенді-кішілі іс-шаралар ұйымдастыруға қаржы бөлінді. Қалың оқырман балалар әдебиетінің тынысы ашылып, көкжиегі кеңейеді деп қуанған. Әйткенмен балалар көркем әдебие­тінің көсегесі көгергенін көрмей қалдық. Себебі балалар әдебиетінің авторларын жүйе­лі қолдап, шығармаларын сауатты насихаттау да, жазушыларды қолдау да кемшін түсті. Бір ғана мысал, көк жәшікке телмірген кішкентай көрермендер балалар әдебиеті туралы танымдық бағдарлама көруге мүмкіндік алмаған секілді. Неге? Себебіне үңіліп көрсек. Қаражаттың қайтарымын сұрауға құқымыз жоқ Әдебиет сыншысы Анар Кабдуллинаның айтуынша, балалар әдебиетіндегі ғана емес, жалпы әдебиетіміздегі ең басты олқылық «Мәдениет туралы» заңнан басталады. Өйт­кені құжатта әдебиет, баспа ісі салалары туралы бірауыз сөз жоқ. Мұны Жазушылар одағы да, Мәдениет министрлігі өкілдері де біледі. Бірақ қаламгердің шығармашылығы заңмен қорғалмағаннан кейін бөлінген қаражаттың қайда кетіп жатқанын «даулауға» жазушылардың құқы жоқ. Ал әдебиет сала­сының өзі Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды екен. Бұл мемлекеттік мекеменің «Баспа ісі» және «Кітап палатасы» деген екі ко­митеті бар. Әдебиетке, соның ішінде, бала­лар әдебиетіне бөлінген қаражат «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін баспаларға кететіні анық. Кітапты шығару, тарату, автор қаламақысын төлеу жағын баспа өзі қарастырады. Былтыр «Балалар әдебиеті жылында» балалар әдебиетін дамытуға арнап 127 миллион теңге бөлінген. Дегенмен «Балалар әдебиеті жылы», «Ба­лалар жылы» болып жариялануы жекелеген авторлар мен баспаларды ынталандыра түсті. Жақсы дүниелер жазылып һәм жарыққа шығып жатыр. Оған Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларында өткен кітап жәрмеңкелері куә. Осылай деген әдебиет сыншысы «шетел тілдерінен аударылған кітаптар аса сапалы шығып жатыр», – дейді. Насихат жұмысы кенжелеп қалмауы керек «Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қалды деуге болмайды. Жас оқырманның эстети­ка­лық танымын ұштап, ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында ақын-жазушыларымыздың, соның ішінде кейінгі буын өкілдерінің де қал-қадерінше тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқанын атап айту керек», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақыш.

 Әдебиеттегі «дәстүр сабақтастығы» деген ұғымның бар екенін айтқан кеңес төрағасы жаңа дүние жазғысы келетін жастарымыздың алдыңғы шежірені сызып тастауға асығуы көрегендік, көргендік бола қоймайтынын айтады. Ал жалпы «Қазақ балалар әдебиеті» «Балалар кітабы» деп жалпылай айтқаны­мыз­бен, бұл бағытта жүрген ақын-жазушылары­мыздың есімдері көбінесе елеусіз қала беретіні тағы бар. Басқа оқырман қауымды былай қойғанда, балалар әдебиетіне қалам тартып жатқан жас талапкерлердің арасында да алдыңғы толқынды біле қоймайтындар кездеседі екен. «Осы отыз жылдың ішінде қазақ балалар әдебиетінің төл кадрлары хал-қадірінше жаңа шығармаларын ұсынып жатыр. Одан бері де осы қиын салаға қалам сілтеп, шама-шарық­тарына қарай еңбек етіп келе жатқан кексе қа­ламгерлер көп. Тәуелсіздік жылдары жас ша­малары әртүрлі авторлардың да жібі түзу шығармалар жазып жүргенін айтпасқа болмас. «Бұлардың қай-қайсысы да ұлттық бол­мысымызды бейнелеп жеткізетін түрлі жанрдағы шығармалар жазуға атсалысып келеді», – дейді Нұрдәулет Ақыш. Бұрынғы ке­зеңдермен салыстырып қарағанда, көркем­дік талаптардың жекелеген параметрлері бойынша ілгерілеу нышандары байқалады. Десе де жекелеген авторларда кібіртіктеулер кездесетіндігін де жоққа шығара алмасақ ке­рек. Барлық көркем шығармаларға қойылатын ортақ көркемдік-эстетикалық талаптарға то­лығымен жауап бере алатын, ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды шығармалардың ұсынылуы сиректеу. Балаларға арналған кітаптарды таратуды тиянақты жүйеге қою керек. Екінші – Білім және ғылым министрлігінің қарауындағы Оқулық орталығы ұйымдастырып жатқан «Мектеп кітапханасы» сериялы кітаптарды шығару жұмыстарына қолдау көрсету. Үшінші, балаларға арналған көркем әдебиет кітап­тарын мемлекеттік деңгейде марапаттау. Өйткені бұл сала бойынша Мемлекеттік сыйлық соңғы рет Кеңес дәуірінде Мұзафар Әлімбаевқа ғана беріліпті. Сонымен бірге республикалық Кітап палатасы 2020 жылы алғаш рет балалар әдебиетін өркендету мақ­сатында бәйге жариялаған. Осындай құптар­лық істі жеке кәсіпкерлер мен компаниялар іліп алып, түрлі бәйгелер жариялауды жақсы дәстүрге айналдырды. Сол игі бастама кеңе­йіп, қосымша балалар кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығаруда бөлек тендер жариялануы қажет. Краудфандинг тәсілін қолға алу керек Филология ғылымдарының докторы, әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайымовтың айтуынша, Балалар жылында әлі балалар әде­биетіне арналған бірде-бір байқау ұйымдас­тырылған жоқ. «Балалар әдебиетінің дамуы үшін осындай байқауларды жүйелі өткізуді қолға алғаны дұрыс еді. Балабақшаға арналған шығарма жетіспейді. Айналып келгенде, балалардың тікелей көркемдік талғамын қа­лыптастыруға көңіл бөлінбей отырғаны байқалады», – дейді Бекен Ыбырайымов. Ал кішкентай оқырмандарды оқуға қызықтыра білу маңызды екенін айтқан әдебиет сыншысы Анар Кабдуллина «кітап маркетингін жолға қойған жөн» деп отыр. Мәселен, авторлар қолдануды меңгере қоймаған краудфандинг тәсілін қолға алу керек. Ал бізде мемлекеттен бөлінетін қаражат кітапты баспадан шығарып, оны кітапханаларға таратумен шектеледі. Сол үшін қаламгерлер ой еңбегін монетиза­ция­лаудың тәсілдерін меңгере бастауы керек. Соның бірі – осы краудфандинг. Әлемнің да­мыған елдерінде краудфандинг плат­фор­масы өте көп. Америкалық әлеуметтанушылардың жүргізген әлеуметтік зерттеуі бала 10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, жаман әдеттерден бойын алшақ ұстауға жетелейтін түйсік қалыптасатынын дәлелдепті. Өйткені балалар әдебиеті – сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын ең қуатты механизм. Қазір білімі мен білігі ұштасқан интеллектуалды ұлт, жасампаз ел болуға талпыныс жасай бастадық. «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, оң-солын енді тани бастаған балдырғанға ұрпақ тәрбиесін алдымен әдебиетке құштарлық арқылы жол көрсете алғанымыз жөн емес пе?! Себебі тамырына рухани нәр бармаған ұр­пақтың өн бойында өз еліне деген сүйіс­пеншілік болмасы анық. Олай болса, балалар әдебиетіне бөлінген қаражаттың қайтарымы болғаны дұрыс. Ол үшін қаламгерлерге қуатты қолдау қажет-ақ. Өйткені қазіргі қаламгерлер өз қаражатына кітаптар шығарады, оқыр­манды да өзі іздейді. Ал шетелде автор, бас­пагер, иллюстратор, әдеби агент шығарма­шылық топ болып күш біріктіреді. Ресейдің өзінде Aromabook, Scentbook деген баспаларда кітапта қандай жеміс туралы айтылса, сол жемістің иісі шығады екен. Ұялы телефонды жақындатса, суреттер қимылдайды. Әрине, мұндай кітапты көрген баланың қызығу­шы­лығы артады. Мемлекет тарапынан балалар драматургиясы, балалар прозасы, балалар поэзиясы сияқты түрлі байқау тұрақты ұйым­дастырылып, озық туындылардың осындай озық дүниелермен жарық көруіне атсалысу керек-ақ. Сонда ғана балалар әдебиетінің көші ілгері басып, қазақ баласы өзгенің қаңсығына таңсық болмай өседі.