Қайда жүрсің, құлыным?
Қайда жүрсің, құлыным?
414
оқылды
«Баланың табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін қазақ қоғамында бала жоғалу оқиғасы жиілей бас­тады. Қас-қағым сәтте туғанынан көз жазып қалған­дардың арасында хабар-ошарсыз кетіп, қаскүнемдердің қолынан қаза таба­тындары да бар. Көзінің ағы мен қарасы, үкілеп өсіріп отырған ұл-қызынан айырылудан асқан ата-ана үшін ауыр трагедия жоқ. Ай мен күннің аманында бала неге жоғалады? Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйен­сек, әлемде әрбір алты сағат са­йын бір бала жоғалады. Мысалы, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың, АҚШ-та 1,5 миллион, Ре­сей­де 20 мыңға жуық бала із-түзсіз кеткендердің қатарында екен. Ха­лық саны бұл елдерден әлде­қайда аз бізде де балалар мен жасөспірімдер жоғалып кететін болып жүр. Айталық, былтыр кә­мелет жасқа толмаған­дарға бай­ла­нысты 328 іздестіру ісі жүргі­зіл­ген. Биыл төрт айдың өзінде ғана 82 оқиға тіркелген. Бұлар ба­ла жоғалу туралы «102» кана­лы­на тіркелген қоңыраудан бөлек мә­ліметтер. Әйтпегенде елорда­ның өзінде былтыр 57, ал биыл 87 бала іс-түс­сіз жоғалып кеткен. Қа­рап отыр­сақ, статистика екі есе өскен. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында осы күнге дейін та­былмаған 33 бала бар. Соның ішінде ендігі 20 жасқа толатын Дильназ Айтуарова Қарағанды облысында бар болғаны бес жа­сында жоғалып кеткен. Қызыл­орда облысында із-түссіз кеткен Анжела Бражникова да биыл 18-ге толып, жақындарының көз алдында бойжетер еді. Бірақ одан да екі жасында ата-анасы көз жазып қалған. Жазда жоғалу дерегі жиілейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының Ювеналдық полиция аға инспек­торы Ұлбосын Мұсабекованың айтуынша, елордада екі жыл ішін­де жоғалған 144 баланың барлығы үйіне аман-есен оралған. Олардың дені үлкендердің қарауынсыз қал­ған ойын балалары. «Балаларды аз уақытқа қараусыз қалдырса, келесі аулаға ойнап кетеді. Ондай кезде ата-аналары бірден «102» каналына хабарласады. Ондай кездерде оқиға орнына жедел жететін полиция қызметкерлері жоғалған баланы айналдырған 1-2 сағаттың ішінде тауып береді. Мысалы, «102»-ге бала жоғалғаны туралы кез келген хабар түссе болды, жедел іздестіру тобы іске кіріседі. Егер іздеу жұмысы бір тәулік бойы нәтиже бермесе, қала бойынша қызметкерлер іздестіру шарасына жұмылдырылады», – дейді Ұлбосын Мұсабекова. Өкі­нішке қарай, өткеннен сабақ алмайтын ата-аналар да, балалар да бар. Егер бір емес, екі рет бала үйінен кетіп қалған жағдайда, онда міндетті түрде қараусыз және қаңғыбастық санатымен есепке алынады. Олардың ісін Кәмелет­тік жасқа толмаған балалардың комиссиясы қарап, тиісті шаралар қабылдау үшін Ювеналдық сотқа жіберіледі. Жазғы демалыста жеткіншек­тердің жоғалу дерегі жиілейді. Мәселен, бір күннің өзінде «102» каналына бала жоғалу туралы 15-20 хабарлама түседі. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық ПБ Крими­налдық іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ер­жан Лепесовтің сөзінше, баласы түгілі басының қайда қалғанын білмей қалатын ата-аналар бар. Сол үшін күн сайын полицейлерге 10-ға жуық баланы іздеуге тура келеді. «Ата-анасы, не болмаса туған-туыстары баламен бірге саябаққа барады. Бірақ баланы өз еркіне жібереді. Артынан ойын баласын таппай қалып, бізге ха­барласады. Ондай кезде жоғалған балалар бір сағаттың ішінде та­былады. Демалыс кезінде басқа аймақтан қыдырып келгендер арасында да баласын қараусыз қалдырып, ішімдікке салынып кететіндер бар. Сондай-ақ бір айда 3-4 рет үйінен кетіп қалатын, әке-шешесін тыңдамайтын жас­өспірімдер түнде үйіне оралмаған соң ата-анасы алаңдап, бізге шы­ғады. Барлық қызметкер мен ерік­тілерді қосып, іздестіру жұ­мысын жүргіземіз. Табылған жас­өспірім­дердің арасында ішімдік ішіп, есірткі заттарын тұтынған жағ­дайлар кездеседі. Соңғы кездері осындай жасөспірімдер жиілеп барады», – дейді Ержан Ержанұлы. Жоғалған баланы іздеу ша­расына бірнеше бөлім қызметкері жұмылдырылады. Оқиға тіркелген бойда тергеу тобы құрылып, оның құрамына криминалдық полиция, жасөспірімдер бөлімі, жедел іздес­тіру тобы, кинологтар оқиға бол­ған жерден бастап барлық жерді шолып шығады. Қаладағы барлық бейнебақылау жүйесі тексеріліп, бүкіл гарнизон, қала, республика бойынша бағыттама жіберіледі. Жасөспірім болса, бұрын-соңды осындай жағдай болды ма, құмар ойындарға әуес пе, толық мәлімет алынады. Ал кішкентай балалар болса, бірден бейнебақылау ар­қылы іздестіру жұмысы басталады. «Баланы қасақана ұрлап кету фак­тісі жоқ. Дегенмен екі жаққа кет­кен ата-аналар арасында баласын балабақшадан алып кететін жағ­дайлар бар. Кәмелет жасқа толма­ғандар арасындағы жоғалу факті­лерінде зорлық-зомбылыққа ұшы­раған немесе қастандықпен өлтірілген оқиғалар болған жоқ. Бірақ қайғылы аяқталған 1-2 де­рек бар», – дейді Ержан Лепесов. Іздеу жұмысы жеделдікті қажет етеді Биыл жыл басынан бері «LIDER.KZ Астана волонтерлері» ерік­тілер қоғамы республика бо­йынша 744 адамды іздеуге қатыс­қан. Соның ішінде 295 адам аман-есен табылса, 40-ының мүрдесі та­былыпты. Жоғалған адамды із­деу­мен айналысатын «LIDER.KZ Астана волонтерлері» қоғам­дық бірлестігі құқық қорғау қызмет­кер­лерімен кешенді жұмыс жүр­гізіп келеді. Мысалы, бұдан бұрын да жоғалып табылған 16 жастағы Жамал Бе­кетова биыл тағы да үйінен досы­мен ойнауға шығып, қайта орал­маған. Жамалдың жоғалғаны ту­ралы ақпарат түскен бойда ерік­тілер де іздеу жұмысына кірісіпті. «Бала жоғалды» десе жүрегі езілетін еріктілер бір тиын алмаса да жоғалған жанның жақынымен қауышуынан артық бақыт жоқ екенін айтады. Сондай жанның бірі – Айзада Жүсіпова. Айтуын­ша, 6 жыл ішінде еріктілер жо­ғалған 1800 адамды табуға көмек­тескен. Өкінішке қарай, екі ба­ла­ның мәйітін тапқан. «19 ақпан күні баланың денесін кәріз құдығынан таптық. Құдықтың іші өте терең екен. Бастапқы күндері таба алмаған себебіміз, ол кезде қалың қардан кәріз құдығы кө­рінбеген. Әйтпегенде жеткіншек­тің қайда екенін және қалай жо­ғалып кеткенін анықтау үшін по­лицейлер, әскери қызметкерлер және ТЖ қызметкерлері, еріктілер аудандағы бірнеше ашық жатқан кәріз құдығын тексердік. Тек үшінші күні ғана үйден 150 метр жердегі аузы ашық құдықтан Бақ­дәулеттің денесін таптық», – дейді Айзада Жүсіпова. Бір баланы іздеуге 5-6 сағат кетеді және 25-30 ерікті кіріседі. «Бала­ның жоғалуы – бірінші ке­зекте ата-ананың жауапсыздығы. Сон­дық­тан ересектер баласына қайда тұратынын, ата-ананың фами­лия­сы мен телефонын миына құю ке­рек. Ең құрығанда қағазға жа­зып, қалтасына салып қойыңыз. Аб­залы – баланы көзден бір елі таса қылмау. Себебі баланың өзін-өзі сақтау түйсігі толығымен қалып­тас­паған», – дейді Айзада Жүсіпова. Есте болса, 2017 жылы Алма­тыда із-түссіз жоғалып кеткен 11 жасар Өркен Азаматұлының өлімі талай жанның көз жасына ерік беріп еді. Жағасын ұстап, жүрегі сыздамаған, етегі жасқа толып еңіремеген адам аз. Өйткені осы оқиғада 6 сынып оқушысын өгей анасы мен ұлы аса айуандықпен өлтірген еді. Екі жыл бұрын ұшты-күйлі жоғалған Сабыр, Денис, Вадим есімді үш оқушының да денесін жақындары жансыз кү­йінде тапты. Сол жылы Шығыс Қазақстан облысында велосипед тебуге шығып кеткен тағы бір жеткіншектің зорлықтан көз жұмғаны мәлім болды. Артынша Сәтбаев қаласындағы қыз баланы ұрлаған күдіктінің ісі елді есең­гіретті. Былтыр Алматыда жоғал­ған жасөспірім Мұхаммед Ма­шанлоның да мәйіті табылды. Бұл оқиғаларды не үшін тізіп отыр­мыз? Өйткені жаман айтпай, жақсы жоқ. Бір сәтке көз жазып қалудың соңы қайғымен аяқтал­мау үшін де кез келген ата-ана ұр­пақ алдындағы жауапкершілікті сезініп, тәрбие басын тал бесік­тен бастағаны жөн болар.