Елордада «Жыл патриоттары» анықталды
Елордада «Жыл патриоттары» анықталды
356
оқылды
Бүгін – Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойы.  Осыған орай  елорда төрінде Патриоттар форумы ұйымдастырылып, көк Туымыздың, еңселі Елтаңбамыздың, асқақ Әнұранымыздың биік белесі ерекше салтанатпен аталып өтті. Іс-шарада Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев  еліміздегі әр салада өзінің кәсіби жетістігімен ерекшеленген отандастарды  «Жыл патриоты» аталымымен марапаттады. Сонымен қатар салтанатты іс-шараға Елтаңбамыздың авторы  Жандарбек Мәлібеков ағамыз бастаған құрметті қонақтар, мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар  қатысты.  width=Форумға жиналған жастардың ел мен жерге, қасиетті рәміздерімізге, қастерлі Отанымызға деген ыстық махаббаты кең ғимараттың ішін асқақ рухқа бөледі. «Біз осындай іс-шаралар арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезімге серпін береміз, жарқын болашаққа жалындаған жігермен жол аламыз. Дербестігіміздің дәлелі, Тәуелсіздігіміздің символы – Көк туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз мәңгі жасасын!» – деді  Дәурен Абаев.  width= «Жыл патриоты» номинациясының жеңімпаздары: «Ғылым және білім»: Асхат Жұмабеков – білім беру зерттеулерінің Еуропалық Ассоциациясының еуропалық байқауының жеңімпазы; Максим Здоровец – физик, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тректік мембраналық технологияларды дамыту жөніндегі инженерлік бейіндегі зертхананың жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты. «Мәдениет және спорт»: 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Паралимпиадасының қола жүлдегері – Александр Герлиц; Гүлнұр Мамасарипова – телепродюсер, сценарист.  «Медицина және волонтерлік»: QazCovid-in (QazVac) коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші – Күнсұлу Закария; Ерікті – Абылайхан Әбдіраш. Нұр-Сұлтан қаласында пандемия кезінде кәсіби медициналық көмек көрсеткен.  Сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Қазақстанның Медицина Жастары» РҚБ құрған.  «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы»: Өз қаражатына туған ауылында (Погадаев ауылы, БҚО) спорт кешенін салған кәсіпкер Бейбіт Асанов. Қазіргі уақытта онда ауыл тұрғындары жаттығып, мәдени іс-шаралар өткізуде; Аманжол Арипов – «БАХА SОHNE» ЖШС директоры, Ақмола облысы Атбасар ауданы Покровка ауылында сұлы үлпегін өндіретін зауыт салған. Компанияның 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы бар. «Технология және бизнес»: Өркен Мамырбаев – Phillips компаниясымен бірге қазақ тіліндегі сөздерді мәтінге айналдыратын бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеген. Бұл технология қазақ тілін ақпараттық кеңістікке интеграциялау және дамыту үшін тұңғыш рет әзірленген; Сабыржан Акбаров – кәсіпкер және меценат, 2021 жылы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан пайда болған апат кезінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек көрсеткен. Сондай-ақ өткен жылы қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығы кезеңінде Маңғыстау облысының тұрғындары үшін шөп жинауға көмек көрсеткен. «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар»: Ұлан Мырзабай – гвардияшы. Ақтөбе қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, ерлік көрсеткен; Сәбит Шонтақбаев – сегізінші қабаттан үш жасар қызды өз өмірін қатерге тігіп құтқарған.