Ұлттық ұланда «Абай жолы – болашаққа бағдар» онкүндігі өтті
Ұлттық ұланда «Абай жолы – болашаққа бағдар» онкүндігі өтті
801
оқылды
Қазақстан халқы осы аптада руханиятымызды әлемге танытқан Абай Құнанбайұлының 177 жылдығын тойлады. Ұлттық ұланда 6-15 тамыз аралығында «Абай жолы – болашаққа бағдар» тақырыбында «Абай онкүндігі» ұйымдастырылды. Халқына «Адам болам десеңіз..., бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болу» керектігін айтып кеткен ұлы ғұламаның әр сөзі әлі күнге дейін өміршең.    width= Абай Құнанбайұлы әдебиеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосқан. Ұлы ақын, ойшыл, саяси қайраткер және біздің еліміздің тарихында өшпес із қалдырған, ұлтына ғана емес, жалпыадамзатқа ой салған ғұлама. Күштік құрылымдар, соның ішінде Ұлттық ұлан жеке құрамы Абай күнін ерекше ықыласпен атап өтті. Әскер басшылығынан бастап, өңірлік қолбасшылықтар, әскери бөлім командирлері, офицерлер мен сарбаздарға дейін «Абай онкүндігіне» жоспарланған шараларды үлкен мерекедей қарсы алып, жауапкершілікпен атқарып шықты.
Ғаламдық тұлға қазақты білімге, жаңашылдыққа, жақсыны үйренбекке шақырудан шаршамады. Жаңа Қазақстанға бет бұрған бүгінгі ұрпақ осы игі жолда Абайдың мұрасын бойына азық етіп сіңірсе, оны жаһанның ешбір теріс ағымы, батыстың болмысымызға жат үрдістері жыға алмасы анық! – дейді Мемлекеттік тіл бөлімінің бастығы, полковник Әлішер Әбдірәсіл.
 width= Онкүндік аясында сарбаздар өз өңірлеріндегі Абай мұражайларына арнайы барып, ақынның мұрасымен кеңірек танысты. Әрбір бөліністе «Абай туралы не білеміз?» тақырыбында викторина ұйымдастырылып, жауынгерлерге ұлы тұлғаның шығармашылығы насихатталды. Абайдың қара сөздерін дауыстап, өлең-жырларын мәнерлеп оқыған бастамашыл сарбаздар түрлі роликтер, челленджер әзірледі.
– Қазақ халқы ғана емес, әлем құрмет тұтатын ұлы тұлғаның туған өлкесінде қызмет атқару – біз үшін үлкен мақтаныш. Осыдан екі ай бұрын қаламыз ресми түрде Абай облысының орталығы болып жарияланғанын білесіздер. Бұл – семейліктердің 20 жыл бойы күткен қуанышы. Соңғы жылдары тозығы жеткен нысандардың қайта қолға алынатыны, қордаланған мәселелердің оң шешім табатыны бәрімізді қуантады. Біз де өз тарапымыздан қаламыздың көркеюіне қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы атсалысатын боламыз! – деді Семейде орналасқан 5511 әскери бөлімінің командирі, полковник Айбек Исенов.
 width= Әскери ұжымдарда Абай бұрышы рәсімделіп, жеке құрамдарға «Абай» көркемфильмі мен «Тарих. Тағдыр. Тұлға» деректі фильмі көрсетілді. Әскердің тәрбиешілер буыны, кітапхана басшылары және тіл мамандарының ұйымдастыруымен тақырыптық кештер өткізілді. Сарбаздар да өз тараптарынан үлкен ықылас танытып, белсенділікпен атсалысты. Бұл олардың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болса ғана, үлкен жетістікке жететінімізді ұғынғаны деп білеміз.