Әміреге бұйырғаны – 190 метр
Әміреге бұйырғаны – 190 метр
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
1,709
оқылды
Әміре Қашаубаев. Осындай мық­ты қазақ болған. Мықтылығы сонда – қазақ дауысын Париж төрінде әуе­леткені. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» дегеніндей, өкі­нішке қарай бұл сапар оның өзіне сор болып жабысқан секілді. Париж аспанында әуелей төгілген ән қазақ аспанына қайғы болып оралды. Әміре Қашаубаевтың әндерін тапқан, оның мұрасын жинап, түгендеген адам – Жарқын Шәкәрім. Ол туралы өзі де жаз­баларында жазып қалдырған. «Мен Әміре атамыздың фонографқа жазып қалдырған «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағаш­аяқ», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Бесқара­гер» әндерінің үнтаспасын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкіл­одақ­­тық орталық мұрағаттың Қыр­ғыз бөлі­мінен таптым. Жайлауы қоныстас, ауылы іргелес, малы қоралас қырғыз елі­нің Мәс­кеу­дегі мұрағаттағы бөлімінен алғаш көрген қазақ мен болдым. Әміренің әндері үнтаспа­сын тапқан адам Жарқын Шәкәрім деліне­тіні сондықтан». Жарқын Шәкәрім тапқан керемет ол­жаны алғаш «Социалистік Қазақстан» газе­тінде бөліскен Сапар Байжанов болатын. «Әміре Қашаубаевтың дауысы» деген атпен оқырманға жеткен еді. Одан кейін де Әміре мұрасын Жарқын ағамыз көп зерттеді. Қа­раусыз қалған моласын тапты. Оның басын қарайтып көтерді. Ескерткішін орнатамыз деген арманы орындалмаған секілді. Ол туралы өзі де ашық жазады.
«Көп кешікпей бұл жұмыстар Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5 000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет ми­нистрлігінде Әміреге орнатылатын ес­керт­кіш мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Андрющенко тағайындалды», – дейді Жарқын аға өз естеліктерінде. Өкі­нішке қарай, ол ес­керткіш өз тұғырына қонған жоқ. 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйып орна­тылады деген жоспар болғанымен, мүсін жо­ғалып кетеді. Дайын тұрған мүсін. Бекі­тілген жоспар бар. Бірақ мүсін табылмаған.
Алматыда көше бар ма? Қашаубаевтың ескерткіші қойылған жоқ. 1992 жылы Әміре қабірінің басына құлпытас қойылған. Оның өзі бір рет қи­ра­тылған. Бұл туралы «Вечерняя Алматы» газетіне «Кощунство на кладбище» деген мақала басылған. Әлдекімдер қабірдің басындағы құлпытасты қиратып, күл-тал­қан етеді. Әнші құлпытасын қайта тұр­ғызған – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Кен­жегүл Сыздықова. Құлпытасты қиратып, ескерткіш мүсіннің жоғалуына себеп болған дүние – 1925 жылы Парижде Әміре Қа­шаубаевтың Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Сол сапардан кейін Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары ән­шіні ба­қылауға алғаны туралы Жарқын Шәкәрімнің зерттеулерінде жазылады. Тіпті, Қашау­баевтың соңынан арнайы адам да қойған көрінеді. Париж сапарынан кейін тоғыз жылдан соң Алматыда дүние­ден өтті. «Оның адам қолынан өлгені тағы шындық» (Жарқын Шәкәрім). Одан бері де талай жыл өтті. Тіпті, бір ғасырға жуық­тады. Қуғын­далған, «Халық жауы» санал­ған тұлғалары­мыз­дың барлығы дерлік ақталды. Әміре кез­десті деген Мұстафа Шоқайдың есімі елге оралып, даңқы ас­пандай бастады. Ескерткіші әлі жоқ
Ал әніне әлем сүйсінген Әміренің жазы­ғы не еді? Оны неге біз әлі күнге өз дең­гейінде дәріптей алмай отырмыз? Редак­­цияға қоңырау шалған оқырман Ал­ма­тыдан Әміре Қашаубаевтың көшесін таба ал­мағанын айтып, мұңын шақты. Өзі тұрған, өзі жерленген Алматыда Әміре Қашаубаев­тың көшесі жоқ деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Әуелі 2ГИС-тен іздедік. Одан таппадық. Амал­сыз анықтама бюро­сын ақтарып көрдік. Онда да жоқ. Сосын Алматы қаласы Тіл­дерді дамыту басқарма­сына қоңырау шалдық. Тұтқаны көтерген қызметкер де ескі құжаттарды ақтарып жүріп, Қашаубаев көшесін әзер тапты. Ескі анықтамалықта сақталып қалыпты. Әміре Қашаубаевқа 1958 жылы 8 қарашада Түрксіб ауданынан көше берілген екен. Оны Google карта көрсетіп тұр. Көшенің ұзындығы – бар болғаны 190 метр. Бұрынғы Добровольс­кая көшесі. Оқырманның таба алмай отыр­­ғанының себебі де осында. Ал ескерт­кіш... Сол бойы орнатылмаған. «1934 жылы ән­шіге ескерткіш орнату жөнінде бұйрық шы­ға тұра орнатылмай қалғаны тәрізді 1974 жылы да оған ескерткіш мүсін орнату жөнін­де бұйрық шыға тұра бұл жолы да орын­далмады» деп жазады Жарқын Шәкәрім өз естеліктерінде.
1925 жылы Франция астанасында өт­кен дүниежүзі көрмесінде Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», «Балқадиша» әндерін орындағын. Сөйтіп, күміс медаль иемденеді. Бұл сапар Әміре­нің атын әлемге танытты. «Париж апта­лығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жаз­са, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауын­дағы бірнеше әнді жазып қалдырған. Одан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Әміре шыр­қаған ән тарих болып қалды. Әміре аты да тарихқа алтын әріптермен жазылды. Гүлнәр Міржақыпқызының «Шындық шырағы» атты кітабында Әміре туралы былай деп суреттейтіні бар: «Мұхтардың келуі қарсаңында тәтем жолдастарын жи­нап, кеш көңілді өтсін деп Әміре Қашау­баев пен Иса Байзақовты алдыратын. Бұлар келіп думанды отырысты сүйетін ағаларына ән салып беретін. Сауықты Әміре бастайтын, өлең айтардың алдында домбырасын күйге келтіріп, шертіп-шер­тіп алатын. Оның домбырасы қазіргі дом­быра­лардай емес, шанағы төртбұрыш­ты­лау шағын домбыра еді. Онысы өз дауы­сы­на лайықты күмбірлеп тұратын. Өзі «дом­бырам» шешен» дейтін. Мәжіліске қа­тысушылардың алдымен айтқызаты­ны – «Ағашаяқ». Бұл әнді Әміредей ешкім айтып көрген жоқ. Асқақтатып шырқай жөнелгенде кең тынысы ашылып, қызыл шырайлы өзі құлпырып, шеке тамырлары білеуленіп кететін».   P.S.
Әміре туралы кино түсірілді. Көрермен әр­түрлі қабылдады. Дәтке қуат болатыны – Әміре Қашаубаев есімінің ұлықталғаны! Жарқын Шәкәрім ағамыз өмірден өтіп кетті. Өзі де өнерпаз еді. Әміре мұрасын тү­гендеп кетті. Бірақ сол Жарқын Шәкәрім­нен басқа бір адам Әміре Қашаубаев туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге неге ынталы емес? Луначарский мен Әміре Қашаубаев ара­сындағы сыйластық жөнінде ешкім ләм демейді. Иса Байзақов пен Қажымұқан Мұңайтпасов Әміремен өте жақын болған. Үшеуі де кеңес билігінен құқай көрген. Осы­ларды сабақтастыра зерттейтін жас ғалым­дар, өнер зерттеушілері қайда? Әміре мұра­ларын Парижден іздеп табуға неге құлық жоқ? Дауысы жазылған таспаның түпнұс­қасын елге әкелу ісімен кім айналысады? Іздеушісі жоқ болса, ілтипатқа ілінер тұлға табылмайды. Ал Әміре Қашаубаев індете іздеуші мамандарды күтетін тұлға деп білеміз.