Ғылыми ойдың сардары
Ғылыми ойдың сардары
487
оқылды
Таулар алыстаған сайын асқақ та айбынды көрінеді. Тау тұлғаға ай­нал­ған адамдар да өмірден озып, ба­қилық өмірге кеткен кезде, олар­дың бейнесі жүрегіңнен өшпейді, көз алдыңнан кетпейді. Сондай адам­дардың бірі де, бірегейі – Нәдір Кәрімұлы деп білемін. Ол 1932 жылы Әзірбайжанның Нихиче­­ван ауданындағы Кикач ауылында өмірге келген. Кеңестер одағының қызыл террор сая­саты бұл отбасын да айналып өткен жоқ. Кавказдан жер аударып, аштық жайлаған шақта әкесі Кәрім қатты азап шегеді. Ашық-шашық вагонда азап пен аштық көреді. Сонда сіріңке қорабына «Нәдірді сақтаңдар» деп екі-ақ ауыз сөз жазады. Бұл әке аманаты еді. «Әке балаға сын­шы» деген осы шығар. Кәрім Нәдіров көріпкел адамдай баласының болашақ ғұмырына сенді. Оның үлкен азамат бо­лып, Күрд халқының мақтанышына айна­ла­тынын, әкелік махаббатпен болжаған екен. Шынында, Нәдір Кәрімұлы Қазақ халқының ұлттық рухын бойына сіңірді, тілін де, тарихын да жетік меңгерді. Оның білім, ғылым жолының бас­тауын­да Қы­зылордадағы Н.В. Гоголь атын­дағы педа­гогикалық институттың химия және биология факультеті тұрды. Ол қатардағы мұғалімнен химия ғы­лым­дарының докторы, профессор деңгейіне дейін көтерілді. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының, Инженерлік ака­демиясының академигі, Башқұртстан ғы­лым академиясының Құрметті акаде­мигі атанды. Нәдір Кәрімұлы, ойлап отырсам, Қазақстандағы мұнай-газ саласы мен индустриясының ғылыми негізін қалаған, алғашқы қазығын қаққан ғалым ғана емес, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, ұмытылмас тұлғаға айналды. Ол – көптомдық мұнай-газ саласының энциклопедиясының авторы болды. Нәдір Кәрімұлы 30-дан астам өзінің және әріп­тестерімен бірге жазған монография­лардың, 1400-ден астам ғылыми мақа­ла­лардың, ондаған оқу әдістемелік құралдар­дың авторы атанды. Атақты ғалымның жетекшілігімен 50-ден астам жас ғалым ғылым кандидаты, 12 адам ғылым докторы болды. Дүниеден өткеніне бір жыл ғана болса да, оның шәкірттері, әріптестері Нәдір Кәрімұлы туралы естеліктер жазып, оның өмір жолын ұрпаққа үлгі етіп жүр. «Ғалым­ның хаты өлмейді» деген осы ғой. Мен Нәдір Кәрімұлымен 30 жылдан астам ағалы-інілі сыйластықта болдым. Оның еңбекқорлығы, өз мамандығына де­ген жауапкершілігі, ғылымға жан-тәні­мен қызмет етуі жас ұрпаққа үлгі болып қала береді. Нәдіровтың Қазақстанда ғылыми мек­тебі қалыптасты. Ол – мұнай-газ сала­сын­да 6 ғылыми жаңалықтың авторы атанды. 250 патенті мен авторлық куәліктері бар. Әлемдегі қазақстандық ғалымдар ара­сы­нан ең танымал және ғылыми жұ­мыс­тарына сілтеме жасалатын тұлға да – Нәдір Кәрімұлы еді. Екі томдық «Қазақстанның мұнайы мен газы», бес томдық «Жоғары созылмалы мұнай және табиғи битумдар» атты моно­гра­фиялары әлем ғалымдары көз тіккен ғылыми еңбектер санатына енді. Ал 1996 жылы Нәдір Кәрімұлы ашқан «Газ бен мұнай» ғылыми-техни­калық журналы 2011 жылы ең жоғары рей­тингті журнал атағын иеленді. Мұнайшылардың бес ұрпағы, студент­тер мен академиктер оны «Қазақстан мұ­най ғылымының атасы» деп есептейді. Шыны да осы. Әрі, Нәдір Кәрімұлының ең­бегін жоғары бағалаған ғалымдар оны «Қазақ Ломоносовы» деп атап кетуі тегін емес. 1991 жылы Қазақстанның Инженерлік академиясы құрылды. 26 адамнан тұратын құрылтайшылардың бірі – Нәдір Кәрімұлы болатын. Міне, осы ұлттық инженерлік акаде­мияда ұстаз, аға, дос, Нәдір Кәрімұлы табаны күректей 30 жыл жұмыс істеді. Дүниеден өткенінше, Нәдекең осы академияның бірінші вице-президенті болды. Нәдір Кәрімұлы Нәдіровтың ой та­залығы мен бой тазалығы ешқашан ұмы­тыл­майды. Ол – инабатты, көрікті, жаны жайсаң, өмірге ғашық адам еді. Ол өзінің өмірлік жары Галина Амоевна екеуі бақытты өмір сүрді. Қуанышты да, қиындықты да бірге кө­терді. 1986 жылдың желтоқсан ызғары Нәдір Кәрімұлын да айналып өткен жоқ. Осындай сын сағатта отбасы, жан-жары, бала-шағасы, әріп­тестері қасында болды. Ешкім «аққа күйе жаға алмады». Достыққа адалдық, шындық үшін жа­нын пида ете алатын, өтірікке жаны қас адам еді. 30 жылдық достығымыздың, аға­лы-інілі сыйластығымыздың белгісі ре­­тінде осы жолдарды тебірене жазып отырмын.Ең жақын достан айрылу оңай емес. Оның асыл бейнесі жылдар өткен сайын өш­пейтініне сенемін. Нәдір ағаның ғибратты ғұмыры ұлтты сүю­дің, ұлтқа қызмет етудің, ғылыми ой­дың мәйегін қайта жаңғыртатын бастауға ай­­налды. Солай және солай болып қала береді. Ұлы Абай бабамыз «Артық жолдас таппадым – татулықтан» деген еді. Нәдір Кәрімұлы да ұлттық татулық пен ұлттық бірліктің жаршысы болып, Ұлт санасында қала береді. Нәдір Нәдіров шын мәнінде, Қазақ­стандағы инженерлік ғылыми ойдың сар­да­рына айналды.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты