Ресейден елге жете алмай жатқан Қазақстан азаматтары үшін «жасыл дәліз» қашан ашылады?

Ресейден елге жете алмай жатқан Қазақстан азаматтары үшін «жасыл дәліз» қашан ашылады?

Ресей Федерациясында мобилизациядан қашқан ресейліктер Қазақстанға үдере көшті. Шекарада ұзын сонар кезек, көлік кептелісі болып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Inform.kz-тің жазуынша, шекарадан өтетін Қазақстан азаматтарына көмек көрсетіледі.

 «Кеше ғана Ресейдегі вице-премьер әріптесіммен келіссөз жүргіздім. Өйткені шекараның арғы бетінен бері қарай өте алмай тұрған Қазақстан азаматтары да бар. Осы орайда азық-түлік тиелген көліктерге қатысты Ресей жағымен уағдаластық жасалды. Бұл мәселе бойынша тиісті тәртіп енгізілмек, яғни бүгін екі елдің шекара қызметтері өзара келісіп, тиісті әрекеттер жасайды. Сондықтан біздің азаматтар мен азық-түлік тиелген көліктер үшін «жасыл дәлізді» қамтамасыз етуге тырысамыз», – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына арналған «жасыл дәліз» бүгін-ертең ашылады.
«Ресей Үкіметі өздерінің шекарашыларына тиісті тапсырма берді. Біз де шекара қызметіне осы тәртіп жайында түсіндіреміз. Қазан айына дейін бұл мәселе шешіледі», – деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін 13 мыңнан астам ресейлік ЖСН алуға өтініш бергенін жазған болатынбыз.